Сол руханияттың ең асыл жауһарларының бірі – опера өнері. Бұл – техника мен эмоция, академиялық шеберлік пен сахналық драма қатар үйлескен ерекше жанр. Осы күрделі өнерде қазақтың даңқын асқақтатып, ұлттық опера мектебінің беделін биіктеткен тұлғалардың бірі әрі бірегейі – Шахимардан Әбілов. Ол – Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, еліміздің мәдениетін әлемдік деңгейде танытқан дара талант.
Тамаша опера әншісі ғана емес, ұлттық мәдениеттің жанашыры, Абай мұрасының насихатшысы, болашақ өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп жүрген ұлағатты ұстаз. Оның опера өнеріндегі жетістіктері, әлемдік сахналардағы жарқын өнері және туған жеріне деген жанашырлығы шын мәнінде рухани тұлғасының тереңдігін көрсетеді. Жан-жақты тұлғаның осынау сан салалы қырына тоқталып, әрқайсына жеке зерттеу мақала арнауға болады. Оны болашақтың еншісіне қалдырдық. Біз тұлғаның жалпы болмысына үңілгенді жөн көрдік.
Табиғат тудырған талант
Талантты тұлға тек туа біткен қасиеттерімен ғана қалыптаспайды. Табиғаттың шексіз құпиялары, әсем көрінісі, адамға әсер ететін сиқырлы үні – нағыз шығармашылықтың бастауы. Табиғатта адамның ішкі әлеміне, ой-санасына, сезіміне ерекше ықпал ететін күш бар. Кең далада өскен бала мен қалада өскен баланың дүниетанымы әртүрлі болатыны сияқты, қоршаған орта да адамның бойындағы ерекше қабілеттерді дамытады.
Тарихқа көз жүгіртсек, әсіресе шығармашылық адамдары табиғатпен етене байланыста болған. Мысалы, Абай атамыз өз өлеңдерінде табиғатты ерекше суреттеп, тіпті кісі бейнесінде тірілтіп жіберсе, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Естай сияқты сал-серілер табиғаттың шексіздігінен шабыт алып, ғажайып әндер шығарды.
Қазақ даласының кеңдігі, табиғи ландшафттарының әсемдігі, өзен-көлдерінің мөлдірлігі – барлығы да адамның жан дүниесін байытып, шығармашылық қиялының шарықтауына ықпал етеді. Табиғаттың әуені, құстардың сайрауы, өзеннің сылдыры – бәрі де ән мен жырға арқау болған.
Шахимардан аға қасиетті Ертіс-Баян өңірінде – Павлодар облысы Шарбақты ауданы Арбаиген ауылында дүниеге келген. Табиғаты таңғажайып өлкенің шексіз қарағайлы орманы мен кең даласы оның өнерге деген құштарлығын ерте оятқан. Балалық шағында табиғаттың жаңғырығына қосылып ән салып, дауысының кең диапазоны мен табиғи күшін шыңдаған. Бұл – табиғаттың адам бойындағы талантты ашуына айқын мысал болса керек.
«Қазақтың ән мектебінің түп-тамыры осындай табиғат қойнауында жатқан жоқ па?» деген ой әнші санасында үнемі жаңғырады. Расында да, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Мәди, Естай сияқты тұлғалар шыққан Арқа даласының кеңдігі, сұлу табиғаты ұлы өнерпаздардың қалыптасуына ықпал етті. Шахимардан Әбіловтің де өнер жолын таңдауы – осы ұлы дәстүрдің заңды жалғасы еді.
Өнерге бастаған жол
Өнерге деген сүйіспеншілік Шахимардан Әбіловке ата-анасынан дарыды. Анасы жыр мен әнге жақын, арифметиканы да жақсы меңгерген жан болса, әкесі – мінезді, бес уақыт намазын қаза қылмаған, соғыс ардагері. Ал ағасы Тілеуқабыл домбыра, баян тартып, ән айтқан өнерлі адам еді. Осындай ортада өскен болашақ әнші бала күнінде-ақ өнердің қыр-сырын меңгере бастады.
«Үйге қонақ келгенде үлкендер жыр-дастандарды айтып, ән шырқайтын. Біз де сол ортада тәрбиеленіп, Абайдың әндерін жаттап өстік. Бұл бізге армандауды, қиялдауды үйретті», – дейді әнші.
1967 жылы Алматыға келген жас Шахимардан эстрада-цирк студиясына оқуға түсіп, болашақта қазақ музыкасының мақтанышына айналатын Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Ұлықпан Есенов, Қапаш Құлышева сынды әншілермен бірге білім алды.
Ұстазы Науат Темірбекова оның дауыс ерекшелігін байқап, опера өнеріне бағыттайды. Осылайша, ол эстрададан классикалық өнерге бет бұрады. Әскер қатарынан оралған соң Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, атақты Бекен Жылысбаев, Ермек Серкебаев сынды майталмандардан тәлім алады.
Дипломдық жұмысын «Абай» операсындағы Абай партиясын орындап қорғағанда шығарманың авторы Латиф Хамиди әншінің дарынына тәнті болып, «Бұл бала матур, обсуждению не подлежит» деп жоғары баға берген екен. Бұл оның кәсіби өнер жолындағы алғашқы үлкен жетістігі еді.
Консерваторияны тәмамдаған Шахимардан Әбілов бірден Қазақ ұлттық консерваториясына ұстаз болып қалады. Осы сәттен бастап ол сахнада өнер көрсетумен қатар шәкірт тәрбиелеуге де ден қояды. 40 жыл бойы ұстаздық етіп, елге белгілі 40-тан астам шәкірт тәрбиеледі, олардың тең жартысы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды. Бұл ұлағатты ұстаз ретінде ғажап жетістік емес пе!
Опера сахнасындағы табысты өнерімен қатар ол халықаралық деңгейде танылды. Шахимардан Әбіловтің орындауында қазақ музыкасын тыңдаған шетелдік мамандар мен тыңдармандар Абай романстарын әлемдік деңгейдегі құбылыс ретінде бағалады. Құбылыс тудыру екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Ауыз толтырып айтарлық толайым табыстарға Шәкең ерте жастан жетті.
Абайдың әні – өмірдің мәні
Ол тек орындаушы емес, Абай әндерінің нағыз зерттеушісі және насихаттаушысы. «Әнді сүйсең менше сүй» деп хакім Абай айтқандай, әрбір шығарманы жан-тәнімен сезініп, көрерменін ерекше күйге бөлей білу Шахимардан Әбіловтің басты ерекшелігі дер едім. Бұл ізденістің ауқымы шығармашылық шеңберімен шектелмейді – ол ғылыммен ұштасқан жүйелі еңбектің, зерделі зерттеудің нәтижесі.
Осы мақсатта әнші өзінің ерекше «Абай жолы» дәріс-концертін ұйымдастырды.
Бұл – қазақ музыкалық мәдениетіндегі тың жаңалық қана емес, жаңа бағыт десек те болады. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы Абайдың әндерін кәсіби шеберлікпен орындап, ұлы ақынның рөлін сахнада сомдаған Шахимардан Әбілов үшін бұл тек концерт емес, Абай әлеміне терең бойлау, оның мұрасын тыңдарман жүрегіне жеткізіп сіңіру еді.
Әнші Абайдың «Толық адам» ілімін кез келген ұлттың рухани дамуына негіз бола алатын тұғырлы қағида ретінде қарастырады. Бұл тұжырымның негізі – «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» ұстанымына сүйенеді. Өмірлік бағдар ретінде осы үш қасиетті тең ұстаған адам ғана өз елінің игілігіне еңбек етіп, шын мәнінде кемелдікке жете алады.
Шахимардан Әбілов – Қазақстанның Халық әртісі атанған сәтінде көпшілік бұл атақты шын жүректен қуанып қабылдады. Өйткені біз оны Абай болып сөйлеп, Абайша толғанып келе жатқан ерекше тұлға ретінде танимыз. Оның өнері – нағыз талант пен ұлттық мәдени мұраға деген зор құрметтің айқын көрінісі.
Биік белестер
Шахимардан Әбілов – опера өнеріндегі ең күрделі рөлдерді жоғары деңгейде орындап, кәсіби биіктігін әлдеқашан дәлелдеген әнші. Ол жылдар бойы әлемдік классиканың үздік туындыларында:
«Риголетто», «Травиата», «Аида» (Дж. Верди) – Риголетто, Жермон, Амонасро;
«Біржан мен Сара» (М. Төлебаев) – Жанбота;
«Пиковая дама» (П. Чайковский) – Томский;
«Царская невеста» (Н. Римский-Корсаков) – Грязной;
«Абылай хан» (Е. Рахмадиев) – Бұқар жырау сияқты күрделі партияларды сомдады.
Алайда оның жүрегіне ең жақын, ең қымбат рөл – Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы Абай бейнесі болды. Бұл рөл оның шығармашылығындағы басты белесіне айналды.
– Абаймен менің байланысым өте терең әрі ұзақ, – дейді Шахимардан Әбілов. – Оның шығармашылығын зерттеу – өмірлік миссиям. Өйткені бала күнімде анам Абайдың әндерін жиі айтатын, сол кезде олар менің жүрегіме ұялап қалған еді, – деп еске алады әнші.
– Жақсы опера әншісі болу үшін алдымен өз халқыңның өнерін, мәдениетін, тілін жетік білу керек. Содан кейін ғана әлемдік классикаға құлаш ұруға болады. Опера – кез келген адам игере бермейтін, терең білім мен үлкен жауапкершілікті талап ететін өнер, – деп ойын жалғастырады Шәкең. Биыл ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған моноспектакльді бірнеше қалада аншлагпен өте жоғары дәрежеде өткізіп жатқан ағамыздың ерен еңбегі бағаланып, жоғары марапатты кеудесіне тағар күн де алыс емес деп ойлаймын. Ұлттың рухани қазынасын молайтқан осындай атпал азаматтар ғана шынайы мемлекеттік құрметке лайық!
Шахимардан Әбілов өзінің таланты мен кәсібилігін растайтын бірқатар атақ, дәрежелерге өмір белестерінде ие болды: Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, кейіннен Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Құрманғазы халықаралық шығармашылық академиясының академигі, Павлодар облысының, Алматы қаласының құрметті азаматы, Президенттің «Алтын барыс» төсбелгісі және алғысхатымен марапатталған, «Құрмет» және үшінші дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері.
Әлемге жеткен дауыс
Шахимардан Әбілов – қазақ өнерін ел ішінде ғана емес, шетелде де насихаттаған дарын. Ол өнер көрсеткен беделді сахналар:
Лондондағы Barbican орталығы (Ұлыбританияның камералық оркестрімен бірге);
Париждің Pleyel залында;
Мәскеудегі Чайковский атындағы консерваторияда;
Түркиядағы «Арарат туралы аңыз» операсында Ахмет рөлін тұңғыш қазақ ретінде түрікше орындады.
Әнші шетел сахналарында Абай әндерін орындағанда музыка мамандары мен тыңдармандардың ерекше қызығушылық танытқанын айтады. Қазақтың классикалық әндеріне тәнті болған олар Шахимардан Әбіловтің орындауындағы туындыларды қайта-қайта тыңдауды сұраған.
Шахимардан Әбілов – опера сахнасында Қазақстанда ғана емес, әлемнің ең ірі театрларында өнер көрсетіп, қазақ өнерін халықаралық деңгейде дәріптеген санаулы жұлдыздардың бірі. Париж, Лондон, Берлин, Ыстанбұл, Вена, Мәскеу, Токио сынды алып шаһарлардың үздік сахналарында қазақтың үнін асқақтатып, талай тыңдарманды тамсандырды.
Оның ерекше дауысымен шырқалған ариялар мен романстар, қазақтың халық әндері мен Абайдың мұңлы да мағыналы шығармалары көрерменнің жүрегіне жетіп, қазақ музыкасының құдіретін әлемге паш етті.
Азаматтық ұстаным
Шахимардан Әбілов 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Қазақстан Композиторлар одағының пленумында Ахмет Жұбанов пен Еркеғали Рахмадиевтің «Қалың елім, қазағым» романын орындады. Ол кезде бұл ерлікке тең әрекет еді. Ұлттық мұрат пен қазақ халқының жан күйзелісін жеткізген бұл ән залда отырған тыңдармандардың көңілін толқытып, көздерінен мөлтілдеген жас шығарды.
Шахимардан Әбіловтің ел мәдениеті мен руханиятына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ертіс-Баян өңірінен шыққан ән падишасы Естай болса, сол мұраны жалғастырушы Шәкең түркі әлемінің мақтанышына айналып, қазақтың опера өнерінің абыройын асқақтатқан тарихи тұлғаға бүгінгі күні-ақ айналып отыр.
2018 жылы Түркияда атақты композитор Естай Беркімбайұлының 150 жылдығы жоғары деңгейде атап өтілді. Бұл жиынға ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының сол кездегі Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қолдау көрсетіп, Анкара және Ыстанбұл қалаларында арнайы конференциялар ұйымдастырылды. Осы іс-шарада өзім бастамашы болып барып, халықаралық деңгейде тұңғыш рет Естайға арналған тарихи баяндама жасадым. Шахимардан аға әнін орындап бүкіл тыңдарманды тебіренткен еді. Бұл қазақ мәдениетін әлемдік сахнада мойындатудың тағы бір нақты қадамы болатын.
Сол жылы Баянауыл дуанының аға сұлтаны болған, Шоқандай (Уәлиханов) жарық жұлдыздың туған нағашысы әрі ақылшысы Мұса Шорманұлының үлкен мавзолейі мен музейінің ашылуы, жалпы 200 жылдық мерейтойында Шахимардан ағамыз асқақ әнімен жерлестерін рухтандырды. Осы айтулы іс-шараны басқарып жүрген маған шын ықыласты ағалық қолдауын көрсетті. Ал заңғар тұлға, қайталанбас ғұлама Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығында әрбір шараның басы-қасында Шәкең жүргені, бірауыз айтқан өтінішімді ешуақытта жерге қалдырмай атсалысқаны мені әрдайым рухтандырып отырды.
Павлодар мемлекеттік университетінде ректор болып жүрген кезімде «Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи тұлғасы» атты қысқаметражды фильмдер сериясын түсіруді қолға алған едік. Осы жоба арқылы Ертіс-Баян өңірінен шыққан тарихи тұлғалардың өмірбаяны мен еңбегі жаңа форматта насихаттала бастады. Бұл фильмдер жастардың тарихи санасын қалыптастыруға, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етті. Жоба аясында Шахимардан ағаны да қазақ және орыс тілдерінде фильмге түсіріп, өнері мен шығармашылығын екі тілде кеңінен насихаттадық.
Асыл өнердің аманаты
Ұлы өнер иесі болу – тек табиғи таланттың арқасы емес, ол үздіксіз еңбек, терең ізденіс пен қайталанбас қабілеттердің үйлесімінен тұратын сирек құбылыс. Осындай дара қасиеттердің бірі – еске сақтау қабілеті. Бұл тұрғыдан алғанда, Шахимардан Әбіловтің жады – нағыз феномен. Ол Абайдың бүкіл шығармаларын жатқа біледі, әр өлеңнің кез келген жерінен іліп алып, мүдірместен оқи жөнеледі. Бала кезінен Абайды сүйіп өскен Шәкең дипломдық жұмысында Абаймен жалғастырып, міне, 60 жылдан аса Абайды асқақтатып келе жатқаны кез келгеннің маңдайына жазылмаған бақ деп айтса да болады. Бұл – оның ақын мұрасын тек зерттеп қана қоймай, оны жүрегімен сезініп, бойына сіңіргенінің айқын дәлелі.
Шахимардан Әбіловтің жады тек Абай өлеңдерімен шектелмейді. Ол қазақ және әлемдік классикалық шығармалардың жүздеген ариясын, романсын, халық әндерін мүлтіксіз орындайды. Әнші әрбір сөзді, әрбір нотаны, тіпті орындаушылық стильдер мен тарихи контексті де толықтай есте сақтап, тыңдармандарына ерекше әсер сыйлайды.
Бұл қабілеттің сыры неде? Біріншіден, есте сақтау – әрбір ұлы әншінің басты қаруы. Опера өнерінде әншілер әрбір рөлді мінсіз меңгеруі керек, себебі сахнада импровизацияға жол жоқ. Бірақ Шахимардан ағаның жады тек техникалық жаттауға негізделмеген. Оның орындауындағы әрбір туынды – жанымен сезініп, жүрегінен бойлай өткізуінің нәтижесі.
Шахимардан Қайдарұлы 75 жасқа келсе де, оның жады жас кезіндегідей сергек, мүлтіксіз, анық. Бұл жаста есте сақтау қабілеті әлсіреуі мүмкін деген түсінікті ол толығымен жоққа шығарады. Өткен айда Астанада өткен моноспектакльде көрермендер оның жадына, сөз саптауына, орындау мәнеріне таң қалып, таңдай қақты. Көпшілік «Мұндай есте сақтау қабілеті – сирек кездесетін құбылыс», – деп таңданыстарын жасырмады. Әнші Шәкең Абайдың кез келген өлеңінің алғашқы жолын ғана айтып, әрі қарай жалғастырмаса, көрермендердің өзі өлеңді жалғастыра алатындай күйге бөленетінін айтады. Себебі оның мәнері мен интонациясы тыңдарманды сол дәуірге, сол рухани кеңістікке еріксіз жетелеп әкетеді.
Ағаның кеңдігі
Аға мен іні арасындағы сыйластық – қазақ қоғамындағы ерекше құндылық.
Бұл – қанмен берілетін, тәрбиемен бекитін, өмірлік тәжірибемен тереңдейтін қасиетті байланыс. Шахимардан Әбілов – осы ұлы дәстүрдің нағыз үлгісін көрсетіп келе жатқан жан. Ол әрбір игі істі қолдап, ақылын айтып қана қоймай, белсенді түрде атсалысады. Бұл – үлкен адамгершіліктің белгісі.
Өнер әлеміндегі адамдар туралы айтқанда, олардың мінезі, адами болмысы да ерекше назар аударуды қажет етеді. Себебі нағыз тұлғаның бойында өнердің ғана емес, адамгершіліктің де ұлы қасиеттері тоғысуы керек. Шахимардан Әбілов – алабөтен ақжарқын, ақжүрек жан. Оның жылы қабағы, шынайы қарым-қатынасы, айналасына сәуле шашып жүретін болмысы талай адамды шабыттандырып, жақсылыққа жетеледі.
Шахимардан ағаның бойындағы бұл қасиет оның өнердегі, өмірдегі серіктеріне деген әділ көзқарасынан, таза ниетінен, аянбай көрсететін қолдауынан анық байқалады. Ол адамды жасына, атағына немесе әлеуметтік жағдайына қарап бағаламайды, нағыз қасиетін жүрегімен сезеді.
Адамның кеңдігі – оның дүниетанымының кеңдігімен өлшенеді. Шахимардан Әбілов – өнер адамы ғана емес, шешендік қасиетін айтпағанда, үлкен ойдың, кемел пікірдің иесі. Ағаға лайық бекзат болмыстың, өнерге адал жанның, ініге қамқор тұлғаның жарқын бейнесі!
Дарындар бесігі
Ертіс-Баян өңірі – қазақтың ұлы өнерпаздарын дүниеге әкелген қасиетті мекен. Бұл өңірдің тарихы, мәдениеті мен руханияты қазақ даласының қайталанбас жауһарларын тудырған алып мұра. Кең-байтақ қазақ жерінің әр өңірінің өзіндік ерекшелігі, дара жолы бар. Ал Ертіс-Баян өңірі – ән мен жырдың, күй мен саздың бесігі.
Бұл киелі өлке Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Жарылғапберді, Майра, Қали, Иса, Байғабыл тәрізді қазақ өнерінің асқар шыңдарына айналған тұлғаларды дүниеге әкелді. Олар – сөз бен сазды қатар өрнектеген, қазақтың әншілік дәстүрін әлемдік деңгейге көтерген дара дарындар. Бұл өңірде туған өнерпаздардың шығармашылығы өз заманының ғана емес, мәңгілік қазақ өнерінің рухани азығы болып қала бермек.
Алайда олардың көпшілігі өз заманында өнердегі лайықты бағасын ала алмай, тағдырдың теперішін көрді. Бірі жоқшылық пен әділетсіздіктің құрбаны болса, енді бірі кеңестік саясаттың салдарынан ескерусіз қалды. Олардың шығармалары халықтың жүрегінде сақталғанымен, үлкен сахналарға жетуі қиын болды.
Шахимардан Әбілов – Ертіс-Баян өңірінен шыққан ұлы әншілердің дәстүрін жалғастырып қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтеріп, әлемдік сахнаға шығарған дара талант. Егер Жаяу Мұса мен Естай қазақтың ән өнерін алтын ғасырға жетелеген болса, Шахимардан Әбілов қазақ операсын, Абайдың әндерін, ұлттық вокалды халықаралық аренаға алып шыққан тұңғыш өнерпаз.
Шахимардан ағаның өмір жолы – қиындыққа мойымай, ұлы мақсатқа жету жолындағы адал еңбек пен үлкен таланттың үйлесімі. Оның опера сахнасындағы өнері, Абай шығармашылығын дәріптеудегі еңбегі – Ертіс-Баян өңірінің бұрынғы әншілік мектебін жаңа заманауи тұрғыдан тереңдетті.
Шахимардан Қайдарұлы – Ертіс-Баян өнерпаздарының еңбегінің өтеуі. Ол кешегі атақты өнерпаздарымыздың көре алмай кеткен биігін бағындырып, қазақтың асқақ өнерін төрткүл дүниеге танытқан тұлға. Ол өзінің опералық орындаушылық шеберлігімен, қазақ ән өнерін ғылыми-зерттеу деңгейіне көтеруімен, ұлттық музыканы әлемге танытуымен өнер жолындағы биік белестерді еңсерді.
Егер Жаяу Мұса әділетсіздікке қарсы тұрып, әнімен күрес жолын таңдаса, Естай сезімнің ұлылығын жырлап, қазақ махаббатының символына айналса, Шахимардан Әбілов ұлттық өнер мен классиканы ұштастырып, қазақ музыкасының Шахына – падишахына айналды.
Өнер – ұлттың жаны. Ал ұлы өнерпаздар – сол жанды ғасырлар бойы сақтап, жаңғыртып отыратын тұлғалар. Шахимардан Әбілов – сол алтын көпірлі ұлы өнердің алтын дауысты падишахы!
Алтынбек НУХҰЛЫ,
Парламент Сенатының депутаты,
«Халықаралық Сәтбаев қорының»
қамқоршылар кеңесінің төрағасы