Аталған қос жағдайдан кейін мегаполис тұрғындары қауіпсіздігі жайлы көбірек ойлана бастағанын аңғаруға болады. Расында, кейінгі уақытта алматылықтардың төтенше жағдайға дайындығы қалай өзгерді? Тиісті мекемелер оқиғадан қандай сабақ алды?
Earthquakelist.org порталының дерегіне сүйенсек, 2024 жылдың алғашқы айынан бастап 25 қарашаға дейін елімізде магнитудасы 4-тен жоғары 259 жер сілкінісі тіркелген. Соның ішінде ең жиі дүмпу орын алатын сейсмикалық аймақтардың қатарында Алматы қаласы көш бастап тұр. Тиісінше, мамандар да шаһардың Қазақстанда 9 балға дейінгі жер сілкінісі болуы мүмкін қауіпті аймақтардың бірі екенін айтады.
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, шаһардағы жер сілкінісінен кейін бірқатар пилоттық жоба іске қосылып, мониторинг жұмыстары жүргізілген. Былтыр құрылған Алматы сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасының дерегінше, 2024 жылы басқарма Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығымен бірлесіп зерттеу жұмысын бастаған. Үш жылға жоспарланған жұмыстың басты зерттеу нысаны – қаланың сейсмогеодинамикалық ахуалы. Мамандардың сөзінше, зерттеу нысаны аясында гидрогеохимиялық, сейсмикалық, геофизикалық параметрлерге мониторинг жасалады.
Алматы сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы мамандарының айтуынша, былтыр ТЖД қызметкерлері қаладағы халық көп шоғырланатын орындарда, мектептер мен саябақтарда түсіндіру жұмысын жүргізуге ден қойған. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында бірнеше мәрте жалпықалалық сейсможаттығулар өткізілген. Одан өзге басқарма мектептерде сейсмикалық қауіпсіздік жөнінде сыныптан тыс сағаттарды енгізуді жоспарлап отыр. Пилоттық жоба балалардың сейсмикалық қауіпсіздік туралы білімін арттыруға, оқушылар мен мұғалімдерге төтенше жағдай кезінде өзін-өзі қорғау дағдыларын меңгеруге, сондай-ақ арнайы жаттығулар арқылы сейсмикалық қауіпке дайындықты пысықтауға бағытталған. Басқарма мәліметінше, былтыр жаз айларында қалада 1,5 мың балабақша мен мектеп қызметкерлері оқытылған. Осы ретте жер дүмпуінен кейін тиісті мекемелердің назарын аударған маңызды жайттардың бірі MasAlert жүйесінің әзірленгенін атап өткен жөн. Cell Broadcast технологиясы бойынша жұмыс істейтін жүйе базалық стансалар арқылы Apple және Android смартфондарымен байланыс орнатады. Бұл пайдаланушыға дүмпу орын алған уақытта дереу ескерту хабарламасын жібереді. Естеріңізде болса, осыған дейін қала тұрғындарының арасында дабыл ескертуін уақытылы қосу туралы түрлі сын-пікір айтылған еді. Дәлірек айтсақ, қала тұрғындары өміріне қауіп төнген сәтте дабыл ескертуінің уақытылы іске қосылмағанын айтып шағымданды. Дегенмен қос қорқыныштан кейін ғылыми кеңесте жер сілкінісі кезінде автоматты түрде ескерту жүйесін қосу үшін ең төменгі қауіп деңгейі талқыға салынған. Басқарма мәліметіне сүйенсек, егер жер сілкінісінің эпицентрі қаладан 100 шақырым жерде орналасса, онда ескерту жүйесі үшін ең төменгі магнитуда – 1, ал 200 шақырымнан алыс болған жағдайда одан жоғары болғаны жөн. Мұның себебін сарапшылар арақашықтық неғұрлым алыс болған сайын сейсмикалық қауіптің төмен болуымен байланыстырады. Бұл дегеніміз, енді MasAlert жүйесі бастапқы көрсетілген 5,5 баллдан төмен болған жағдайда да іске қосылуы мүмкін.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде шаһарда жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғындарды қабылдауға арналған 384 пункт орналасқан. Сейсмикалық қауіпсіздік тұрғысынан қамтамасыз етілген әкімшілік нысандарды жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтар паналай алады. Онымен қоса, қазір қала аумағы 21 секторға бөлінсе, мұның ішінде аспан астындағы жалпы саны 65 учаске бар.
Қазір қалада 28 сейсмикалық станса жұмыс істейді, одан бөлек биыл жыл соңына дейін қосымша 30 станса, 2026 жылдың соңына дейін тағы 40 станса орнату көзделген.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы