Мысалға, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің атаулы ЖІӨ бойынша әлемдік рейтингінде Қазақстан 2019 жылғы 56-шы орыннан 2025 жылы 43-ші орынға дейін көтеріліп, абыройы аспандап отыр. Бұл да елдің өрлігі, ердің еңбегі, бірліктің жемісі.
Қара аспанды суға алдырмай, ауызды қу шөппен сүрте бермей, құлық пен құнт танытса, мақтан тұтарымыз жетерлік. Мысалы, жаһандық «Паспорттың күші рейтингінде» (Passport Index) біраз бұрын 70-ші және 66-шы орындар арасында сенделген Қазақстан 2025 жылы төл рекордын орнатып, 49-шы орынға серпілді (Қазақстанның паспортымен әлемдегі 97 елге алдын ала кіруге рұқсат алмай-ақ, еркін баруға болады).
Бәрі салыстырудан танылады емес пе?! Қазақстаннан жоғарыда, 34-ші орында Ресей тұр. Алайда соғыс қарсаңында, 2021 жылы РФ-тан дүниежүзіндегі 124 елге тіркелей ұшақ қатынаса, ол бүгінде санкциялар салдарынан бар-жоғы 40 елмен арасындағы тікелей авиарейсті сақтап қалыпты. Оның өзінде көбі ТМД кеңістігі мен бұрынғы «соцлагерь» елдері. Сол себепті ресейліктер төрткүл дүниенің әр түкпіріне негізінен Қазақстан және басқа көршілері арқылы ғана сапарлай алады.
Мына қызықты жайт назар аудартады: қазақстандықтар еліміздің паспортын басты біріктіруші символдың бірі санайды екен. Содан шетелде көгілдір төлқұжатымызды көзі шалса, қазақстандықтар бір-біріне тартылып, шүйіркелесе кетуге, танысуға тырысады. ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік зерттеу жүргізді. Сауалнамаға барлық 17 облыс пен Астана, Алматы және Шымкенттің 18 жастан асқан респонденттері қатысты.
Сауалнама барысында жұртшылыққа ұлтты біріктіретін негізгі белгілерді анықтау ұсынылды. Бірінші орынға Қазақстан Республикасының паспорты шықты: ел азаматтарының жартысына жуығы, 46%-ы оны негізгі біріктіруші факторға балады. Тағы 39,9%-ы Қазақстан жерінде туып-өсуді және ортақ ата-бабалардың болуын біріктіруші тұғыр деп есептейді. Сондай-ақ, қазақстандықтардың үштен бірі, 32%-ы ұлттың біріктіруші элементі ретінде мемлекеттік тілді атап көрсетті.
Сауалнамаға қатысқан әрбір бесінші адам (21,8%) елдің жетістіктері үшін мақтаныш сезімі мен патриотизм де ұлтты біріктіретінін жеткізді. Ал, 21,3%-ы бірлік үшін баршаға ортақ нормалар, мінез-құлық пен құндылықтар қажет деп тапты. Бұл ретте жауап берушілерге бірнеше жауап нұсқасын таңдауға мүмкіндік берілген. Осыдан туар ортақ ой: азаматтарымыз бірліктің ұстыны деп таныған осы факторлардың бәрі де маңызды, барлығы да ары қарай ілгерілетуге лайық.
Сарапшылар елдің бірлігін нығайтуға ықпал етуші институттардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы екеніне назар аудартады. Этносаралық қатынастарды үйлестіру үшін құрылған бұл бірегей институтқа биыл 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде оның құзыры нығайды. Мәртебесі тікелей Ата заңда бекітілді. Заң бойынша оның барлық шешімі мемлекеттік органдар үшін орындалуға міндетті.
Қ.Тоқаевтың саяси реформалары аясында институционалдық жаңғырту жүргізілді. 2022 жылдан бастап ҚХА заң шығарушы билікте – Парламент Сенатында өкілдік етеді. Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚХА ұсынысы бойынша 5 депутаты тағайындалды. 2023 жылғы маусымда Президенттің тапсырмасымен «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы құрылды. Оның жауапты миссиясы – ел бірлігін заң жүзінде нығайту.
ҚХА бүгінде қоғамның көптеген санатын қамтиды. Сарапшылар оның елдегі ең бұқарашыл, халықшыл ұйымның бірі екеніне екпін түсіреді. Ассамблея 4 мыңнан астам қоғамдық құрылымдан тұрады. Олардың аясында 50 мыңнан астам адам елдегі бірлік, бейбітшілік пен бітімді бекемдеу жолында тынымсыз, тұрақты қызмет етеді. Қазақстан бойынша 1 мыңнан астам этномәдени бірлестік те жұмыс істейді.
Ұлт пен ұлыс, мәдениет пен мәдениет арасындағы интеграция мен коммуникацияны жолға қоюда, түрлі салт-дәстүр, тіл мен татулықты сақтауда Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары үлкен рөл атқарады. ҚХА-ның біріктіруші әлеуеті де солар арқылы жүзеге асырылады екен.
Мәселен, Президент бастамасымен 2023 жылы «Ақсақалдар кеңесі» құрылды. Елдің барлық өңірінде 1100-ден астам ҚХА Ақсақалдар кеңесі қалыптастырылды. Оның құрамына көнекөз, көкірегі көмбе, ақылы асыл қазына делінетін сегіз мыңдай ақсақал, сондай-ақ елге сыйлы танымал тұлғалар, қоғамдық пікір көшбасшылары, этномәдени және ардагерлік ұйымдардың беделді өкілдері кіреді. Бір жыл ішінде Ақсақалдар кеңесі 200 мыңнан аса адамды қамтыған түрлі іргелі, ізгі іс-шара өткізген.
Бүгінде ақсақалдар этномедиацияны, қоғамдық қабылдауларды табысты өткізіп, араздасқан отбасыларды табыстыруға атсалысады, азаматтарға түрлі ақыл-кеңес береді. Президенттің «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыру үшін бас бостандығынан айыру орындарын аралап, адасқандарды ақ-адал жолға түсіруге күш салады. Суицидтердің, діни экстремизмнің алдын алуға септеседі. Мұның сыртында Ақсақалдар кеңесінің белсенді мүшелері өзі тұрғылықты тұратын ауданның абаттануына, тазалықтың сақталуына, ауызсумен, әлеуметтік объектілермен қамтылуына, тұрғындарды алаңдатқан басқа да мәселелерді шешуге сүбелі үлес қосып келеді.
– Ел бірлігі үшін зиялылар бірлігі, берекелі тірлігі маңызды. Абай бабамыз өсиет еткендей, алдымен ақылға бірлік керек. Зиялы қауым – ұлттың айнасы, ауызбірліктің таразысы. Құндылықтар құнсызданған құбылмалы заманда саналы қауымның «құбыласы» қашанда бірлік болуға тиіс. Ақсақалдар, аға ұрпақ бірінші кезекте елдікті, бірлікті қуатты сөзімен насихаттауға, нығайтуға үлес қосуы керек, – дейді Ассамблея мүшесі, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл.
Ассамблеяның Аналар кеңесі де елге шуағын төгіп, жарқын болашаққа ақ жол, адал ниет нұсқап, елдің өркенді өнегесін, ырысты несібесін ұлғайтуға үлес қосып жатыр. 1700-ден аса Аналар кеңесінің құрамында 16 мыңдай адам «Мәдениетті ана – Мәдениетті ұлт» ұранды жобасын іске асырды. Аналар елде отбасы институтын нығайтып, сақтау, ұрпақ бойына рухани, адамгершілік құндылықтарды сіңдіру, жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу сияқты маңызды міндет-миссияны жүзеге асырады. Үкіметтік емес ұйымдармен бірге көп балалы отбасыларға, әйелдердің кәсіпкерлігін дамытуға көмектеседі.
Еліміздің 20 өңірінде «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы ашылған. Президенттің тапсырмасымен 2021 жылғы қазанда құрылған бұл құрылымға 9 мыңнан аса жас тартылыпты. 40 шақты «Достық үйі», яғни, Ассамблеяның республикалық, халықаралық жобаларын жүзеге асыратын, интеграция, медиация және волонтерлік бойынша көпфункционалды ресурстық орталықтары жұмыс істейді. Сондай-ақ ҚХА Медиация кеңестерінің 1,2 мыңнан астам медиаторы жанжалды, қақтығысты жағдайлардың профилактикасымен айналысып, этномедиация жұмысын жүргізеді.
Тұтастай алғанда, 2024 жылы ҚХА барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырып, оған 1 миллионға жуық адам қатысты. ҚСЗИ стратегиялық талдау бөлімінің бас сарапшысы Гүлмира Тоқанованың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы – этносаралық келісімді сақтап, нығайтуға бағытталған басты бір институт.
– Елдегі мыңнан аса этномәдени бірлестік үшін діңгек ұйым бола отырып, ҚХА этносаралық қатынас саласында да, сондай-ақ мәселелердің кең ауқымы бойынша мемлекеттік саясатты қалыптастыруда да әртүрлі этникалық топтың атынан сөйлеп, мүддесін ілгерілете алады. Бірақ оның міндеті мен әлеуеті мұнымен шектелмейді. Өте кең тараған желісі мен күрделі құрылымы Ассамблеяға елдің бүкіл өңірінде, бір мезгілде және түрлі бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік береді, - деді бас сарапшы.
Г.Тоқанова барлық дерлік мемлекетте полиэтникалық және мультимәдени қоғам орнағанын қаперге салды. Мұндай жағдайда мемлекет замана толқынында бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кетпей, ілгері озып, алға қадам басып, өркендеймін десе, бірінші кезекте «алабажақ» қоғамын өзара алауыз емес, бірауызды етіп, бірлікте ұйытқаны жөн. Бұл тұрғыда Ассамблея барлық этносқа арналған «үлкен диалог алаңы» қызметін атқарып келеді.
Заман зұлмат, әлем әлемтапырық болған сайын елдер, діндер, ұлттар арасында қақтығыс жиілейтін күрделі кезеңде Қазақстан алдындағы өмірлік маңызды міндет өзгермейді: этносаралық татулықты сақтау, ел бірлігін нығайту, әрбір адамның құқықтары мен бостандығын қорғау.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА-ның ХХХІV сессиясында мемлекет алдындағы басты міндет ретінде – халықтың татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайтуды атады. Алдағы уақытта да солай болып қала бермек. Осы құндылықтардан айрылмасақ, айбынды етсек, Азаттықтың жетістіктерін еселеп, жемісін арттырып, елді келер ұрпаққа аман аманаттай аламыз.
Елдос СЕНБАЙ