«Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі флористика шеберлерін біріктіріп, шығармашылық диалог пен мәдени мұраны алмасу алаңына айналды.
Қызғалдақ мұра: ТМД-ның үздік флористері Қазақстанға келді
Фото: istockphoto
1,638
оқылды

Халықаралық фестиваль аясында Таразда Қырғызстан Республикасынан келген флорист Петр Анохиннің шеберлік сыныбы өтті. Іс-шараға Тараз қаласының тұрғындары ғана емес, шетелдік туристер де қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Шеберлік сыныбының ашылуында Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев сөз сөйледі.

Петр Анохин ТМД-дағы ең үздік флорист ретінде танылған. 2019 жылы Кенияда өткен әлем чемпионатында ол планетаның үздік 20 флористінің қатарына кірді.

Қызғалдақты әлемдік флористиканың бір бөлігі екенін айта келе, ол жамбылдық сұрыптардың еуропалық селекциядағы рөлін ерекше атап өтті.

– Жамбыл облысынан шыққан қызғалдақ әлемдік флористика мәдениетінің бір бөлігіне айналды. Бір кездері Нидерландтың әйгілі қызғалдақтары вируспен ауыра бастаған кезде, Жамбыл қызғалдақтары голландиялық селекционерлердің назарын аударды. Олар осы қызғалдақтарды өз сұрыптарын жақсарту үшін қолдана бастады, – деді ол.

Білікті флористің айтуынша, Жамбыл облысының қызғалдақтары өңірдің табиғи байлығы мен бірегейлігін бейнелейтін нағыз брендке айналды. Қызғалдақтардың халықаралық деңгейде мойындалуы бұл мәртебені одан әрі күшейте түсуде.

Flora & Decor Fusion флористер қауымдастығының негізін қалаушы Яна Прокудина мұндай фестивальдар қызғалдақтардың, соның ішінде жабайы сұрыптардың құндылығын арттыруға көмектесетінін атап өтті.

– Адамдар қызғалдақты жұлуға болмайтынын біледі, бірақ оның себебін көпшілігі түсіне бермейді. Сирек кездесетін қызғалдақтардың тұқымы тек табиғи жолмен таралғанда ғана өне бастайды. Егер оларды жұлып алса, көбейту процесі бұзылады, ал бұл ақырында олардың жойылып кетуіне әкелуі мүмкін, – дейді ол.