Александр Балабас 1926 жылы дүниеге келген. Ол Украинаның тумасы болса да, балалық шағын Мәскеу облысының Тула ауданында өткізді. Соғыс басталғанда ол 5-сыныпты бітіріп, 1942 жылы шахтаның маркшейдерлік бөліміне жұмысқа тұрған.
Ол 1943 жылдың қараша айында әскер қатарына шақырылды. 1944 жылдың қазанында ІІ Беларусь майданының 70-армиясының І Брест атқыштар дивизиясының 415-атқыштар полкінің пулемет бөлімшесінің командирі ретінде майданға аттанды. Ұрыстарға қатысты. 1945 жылдың мамыр айында Қиыр Шығысқа, 86-шы Тарту атқыштар дивизиясының 330-атқыштар полкінің құрамына жіберілді. 1950 жылы әскерден босатылды.
Соғыс жылдарындағы ерлігі үшін Александр Ильич Балабас "Қызыл Жұлдыз" орденімен, "I дәрежелі Отан соғысы" орденімен, «Варшаваны азат еткені үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуков» медальдарымен және көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Ерен ерлігі мен қаһармандығы, Жеңіске қосқан баға жетпес үлесі, бейбіт аспан астындағы еркін және тәуелсіз елдегі өміріміз үшін алғыс ретінде кітапхана қызметкерлері ардагерге гүл шоқтарын, құттықтау ашық хатын табыс етті. Академик Қ.Сағынов атындағы колледж-мектебінің өкілдері мұғалімдер мен студенттер дайындаған құттықтау плакатын және сыйлықтарды тарту етті.
Александр Ильич шын жүректен ризашылығын білдіріп, жас ұрпаққа Жеңістің қандай үлкен құрбандықпен келгенін ұмытпау туралы өсиет айтты.
Кездесу соңында кітапхана қызметкерлері Балабас отбасының әскери-қонақ кітабына естелік жазба қалдырды.