Елордада 1 мамыр күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік жүгірісі-2025» республикалық марафоны өтті. Астана әкімдігінің хабарлауынша, «Бірлікке 30 жыл – Ассамблеяға 30 жыл» ұранымен 3000-нан астам адам жарысқа қатысты.
3 мың марафоншы қатысты
298
оқылды

Қатысушылар ЭКСПО аумағынан «Бәй­­терек» монументіне дейін жүгіріп,  Түр­кістан мен Ақмешіт көшелері арқылы кері қарай қайтты. Кәсіби спортшылардан бастап белс­енді өмір салтын ұнататындарға дейін әртүрлі жастағы қатысушы бар. 

Мереке күні елордалық желаяқтармен бірге өзге өңірлерден келген қатысушылар да жарыс жолына шықты: жарыс бір уақытта еліміздің 20 облысында өтті. Басты мақсат – бірліктің, достықтың және саламатты өмір салтының маңызын көрсету. 

«Спорт бәрімізді бір арнаға тоғыс­тырады. Бүгін жас-кәрінің, түрлі ұлт өкі­лінің арасында жүгірдім. Міне,  бұл ұлттар арасындағы нағыз достықтың белгісі», – деп марафонға қатысу­шылардың бірі өз әсерімен бөлісті.

Марафон бірнеше қашықтықты қам­тыды: балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 1 шақырым, скандинавиялық жүріске арнал­ған 5 шақырым, бұқаралық қолдау жүгіруі және тәжірибелі жүгіру­шілерге арналған 10 және 21,1 шақырым қашықтықтар. Қатысу­шылар жас ерек­шелігіне қарай бөлінді. Ерекше қызығу­шылық тудырған кезең – 30 шақырым командалық эстафета (6×5 шақы­рым), әр команда құрамында міндетті түрде бір әйел болуы тиіс. Жарыс соңында жүлделер ойнатылды.

Қатысушылар белгіленген қашықтықты еңсеріп қана қоймай, іс-шарадан кейін ай­наладағы қоқысты жинап, «Таза Қазақстан» акциясына қатысты.

Бұл марафон –  Бірлік күніне арналған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. Мереке қарсаңында елордада көрмелер мен вик­торина­лардан бастап түрлі концерт пен спорт­тық жарыс сияқты әртүрлі іс-шара өтті.