1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы 1 418 күн мен түнге созылды. Бұл қайғылы оқиға әр отбасының жүрегіне жара салды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында 27 миллионнан астам адам қаза тапты. Көп адам аштықтан, оқ пен бомбаның салдарынан, ауыр еңбек пен қиын тұрмыс жағдайынан қайтыс болды. Осы жылдары сарбаздар мен қарапайым тұрғындар басқалардың өмірін сақтаумен, жеңіс күнін жақындата отырып, ерлік істер жасады. Біз әр жыл сайын қасіретті күнді еске алып, батырлар ерлігіне тағзым етеміз және Отан үшін бұрынғы фашистік Германияға қарсы соғысқан ата-бабаларымызды құрметпен еске аламыз!
Соғысқа қатысқан қаһармандардың ерлігін, бастан өткерген қайғы-қасіреті мен қиындықтарын, Отанға деген сүйіспеншіліктерін өскелең ұрпаққа жеткізуіміз керек. Әрбір отбасы, білім беру ұйымдары, қоғамдық ұйымдар, жастар-патриоттық қозғалыстары еліміздің қайсар азаматтарының жауынгерлік ерліктері туралы айтуға тиіс. Әр отбасы өз ата-бабаларын құрметтеп, қаһармандарының марапаттарын мұқият сақтайды. Ұлы Отан соғысы батырларының ерліктері мен Отанына деген махаббаты туралы жиі айтылса, жас буынның бойында ата-бабаларына деген мақтаныш сезімі дамиды, соларға ұқсауға тырысады және жауапкершілік қасиеті қалыптасады. Бұл үшін Ұлы Отан соғысы жайында, ардагерлердің ерліктері туралы естеліктерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу өте маңызды.
Ұлы адамдардың ерлік істері біздің еліміздің тарихында мәңгілікке жазылған. Еліміздегі кей қалалардың бірқатар көшелері, даңғылдары мен алаңдары Ұлы Отан соғысы батырларының атымен аталады. Біз үшін ата-бабаларымыздың Отан алдындағы ерлігі үлгі аларлықтай. Бұл – болашақ ұрпаққа деген үлкен адамгершілік ілім.
Мен де Ауған соғысының жауынгері ретінде, Жеңіс күнінің қаншалықты қаһармандықпен, қиындықпен келгенін түсінемін. Ауған соғысының ардагері ретінде сұрапыл соғыстың ауыр кезеңдерін еске ала отырып, жеңіске жеткізген қаһармандарымыздың ерлігіне ерекше ілтипатпен басымды иемін. Олардың батылдығы, жанқиярлығы және жаңашыл іске деген сенімі жас сарбаздарға моральдық бағдар беріп, Отанға қызмет етудің үлгісі болды. Мамыр айы бізге бостандықтың қаншалықты қымбат болғанын еске салады.
Біз – Жеңістің мұрагеріміз және біздің міндетіміз – батырларды еске алу, әкелеріміз бен аталарымыз басынан өткізген ауыр күндер ешқашан қайталанбас үшін азаттықты кейінгі ұрпаққа мұра ету. Аспанымыз әрқашанда ашық болып, заманымыз тыныш болсын, әр үйде балалардың күлкісі мен жақын жандардың жылы сөздері естілсін. Баршаңызға денсаулық, амандық және жарқын болашаққа деген берік сенім тілеймін. Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!
Нариман ТАУШОВ,
Абай облысы бойынша тексеру
комиссиясының төрағасы,
Ауған соғысының ардагері