Таяуда Нархоз университетінде Құқық және мем­лекеттік басқару мектебінің ұйым­дас­тыруымен «Мем­лекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практика­лық конференция өтті.
Азаматтық қоғам мен мемлекеттік орган арасындағы диалог
380
оқылды

Жаһандық маңызы бар жиын­да Қазақстаннан өзге Гер­мания, Ресей, Қырғызстан және Өзбек­стан мемлекетінен келген заң шығарушы, атқарушы және сот билігі өкілдері, халықаралық ұйым­дардың сарапшылары мен ғалымдар бас қосты. Біріккен Ұлттар Ұйымының №16 Тұрақты даму мақсатына, яғни «Бейбіт­ші­лік, әділет және тиімді институт­тарды» ілгерілетуге, қазіргі жа­һан­дық өзгерістер жағдайында мемлекет пен қоғам арасындағы серіктестікті күшейтуге бағыттал­ған кездесу жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. 

Саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлмира Сұлтанбаева конференция аясында мемлекет­тік басқаруды цифрландырудан бастап, жасанды интеллект эти­ка­сы мен халықаралық тәжіри­беге дейінгі өзекті мәселелер тал­­­қыланғанын, сондай-ақ мем­ле­кет­тік органдар мен азаматтық қоғам институттарына арналған нақты ұсыныстар әзірленгенін жеткізді.

– Бүгінгі іс-шараға ғылыми қауым Қазақстандағы «Еститін мемлекет» атты тұжырымдаманы қолдау мақсатында жиналып отыр. Орталық Азия және Еуропа ғалымдарының басын қосқан жиында алғаш рет мемлекеттік органдар, соның ішінде заң шы­ғару­шы, атқарушы органдар мен олардың үкіметтік емес ұйымдар­мен, БАҚ өкілдерімен байланысы сынды келелі мәселелер талқы­ланды. Іс-шараның басты мақса­ты да сол, ғылыми жиын аясында тиімді механизмдерді ұсыну. Кон­фер­енцияда көтерілген маң­ыз­ды проблемалардың қатарында Ұлттық құрылтайдың халыққа  билік тарапынан қаншалықты жақындайтыны, мемлекет пен халық арасындағы диалог, жасан­ды интеллекттің қоғам өміріне енуі, электронды үкіметтің тиімді жұмыс істеуі сынды тақырыптар қамтылған. Қазіргі уақытта елі­мізде электронды үкіметтің жүзе­ге асырылып келе жатқанына 20 жылдан астам уақыт өтті. Әлем­дік электронды демократия мен электронды үкімет рейтинг­ін­де Қазақстан жоғары позицияға ие, – деді Гүлмира Серікбайқызы.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахметов халықаралық және ұлттық дең­гей­дегі бастамаларға универ­ситет­тің елеулі үлес қосып отыр­ғанын атап өте келе, кон­ферен­цияда көпке жария болған тарихи оқиғаның құқықтың білім беру жүйесіндегі маңызы айрықша екенін негізге алды. 

– Университет өзінің жылдар бойғы тарихында қоғам сұраны­сы­на сай түрленіп, білім мен ғы­лым­дағы өзгерістерге бейім­деліп келеді. Уақыт талабына қарай жаңарғанымен, олардың басты міндеті өзгеріссіз қалды. Бұл дегеніміз – жастарға терең білім беріп, оларды рухани-адам­гершілік құндылықтар негізінде тәрбиелеу. Бұл қос мақсат – ин­тел­лектуалдық дамудың да, қо­ғам­ның тұрақты болашағының да негізі саналады. Біз бұл үдеріске белсенді қатысуды өзіміздің аза­маттық әрі кәсіби міндетіміз деп санаймыз. Университеттің басты миссиясы – кәсіби мамандар даяр­лау арқылы азаматтық қо­ғам­ның дамуына серпін беру. Жас­тарды рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеу уни­вер­ситет үшін әрқашан басымдық болып қала береді. Біз азаматтық қоғамның білім мен көшбас­шылық орталығына айналуымыз тиіс. Бүгінгі конференция – осы бағыттағы нақты қадам, – деді уни­верситет президенті Қ.Қо­жах­метов.

Ерекше атап өтетін жайт, іс-шара барысында жиынға қатысу­шылар тарихи оқиғаның куәсі болды. Конференцияда Нархоз университетінің БҰҰ-ның «Ака­демия­лық ықпал» бағдарламасы бойынша №16 Тұрақты даму мақсаты аясында жаһандық хаб­тың төраға орынбасары мәртебе­сін ресми түрде иеленгені жайлы хабарланды.

– Біз жаһандық деңгейдегі маңызды жаңалыққа куә болдық. Нархоз университеті БҰҰ-ның №16 Тұрақты даму мақсаты ая­сын­да жаһандық хабтың төраға орынбасары мәртебесіне ұсын­ыл­ды. Университетіміз әлемнің 330 оқу орнының ішінде бей­бітшілік, әділетті қоғам орнату, тиімді институттарды қалып­тас­тыру саласында өзіндік пози­ция­сымен танылды. Шынында, бұл – университет ішіндегі қара­пайым жиын емес, тарихи тұр­ғыдан алғанда еліміз үшін маңызы зор іс-шара. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласының тұрақты даму мақсаттарының академиялық хабына айналу туралы ұсынысы биыл наурыз айында Нью-Йорк­тен ресми түрде қолдау тапты, – деді профессор Г.Сұлтанбаева. 

БҰҰ Жаһандық коммуни­кациялар департа­ментінің өкілі, БҰҰ ҚР Ақпарат Бюросының бас­шысы Властимил Самек құт­тықтау сөзінде университеттің әлемдік хабтың төраға орын­басары мәртебесіне ие болуы – білім жүйесіндегі маңызы орасан жауапкершілік екенін жеткізді. Одан өзге Властимил Самек 2025 жылы 4 наурызда жарық көрген Алматыда БҰҰ Орталығын құру туралы бастаманың 152 мемлекет тарапынан қолдау табуы Орталық Азия үшін саяси-тарихи мәні бар жетістік екенін алға тартты. 

Ғылыми жиында мемлекеттік органдардың қызметін цифрлан­дыру және ашықтықты арттыру, қоғамдық институттардың тұрақ­тылығы, азаматтық қоғам инсти­тут­тарымен өзара іс-қимылдың құқықтық механизмдері сынды мәселелер ортаға салынды. 

Конференция соңында ұлт­тық және мәдени құндылықтарды сақтау, сондай-ақ цифрлық этика мен гуманитарлық технологиялар арқылы мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға бағытталған жаңа бастамалар ұсынылды. Нархоз университе­тінде өткен халықаралық бас­қосу – өңірлік тұрақтылық пен дамуға жол ашатын жаңа бет­бұрыс­тың көрінісі. Қазақстан мен Орталық Азия үшін маңызды бастамалар көтерілген жиын уни­верситеттің халықаралық ынты­мақ­тастықтағы рөлін айқындай түсті. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы