Бала кезімде Ұлы Жеңіс мерекесін керемет тойладық: мереке алдында ұстаздарымыз ауылдағы азаматтардың ерлігі туралы сынып сағатын өткізіп, ардагерлер шеруінде соғыс батырларына гүл шоқтарын ұсынатынбыз.
Жеңісті жақындатқан жауынгер
621
оқылды

Әр батырдың соғыс, онда жасаған ерлігі, шайқастағы оқиғалары, Ұлы Жеңіске жету жолы туралы қызықты әңгімелерін өз ауыздарынан естіп, ерлік ісін мақтан етіп айтып жүрдік. 

Өзімнің атам Қасымбай Мамаев­тың соғыс ардагері, екінші топтағы соғыс мүгедегі екенін де білетінмін. Қасымбай атам ерекше жан еді: пейілі кең, жомарт, сөзге сараң, мінезі тұйық, ішкі сезімін ешқашан сыртқа шығар­майтын, балажан, мейірімді. Таңертең ерте тұрып са­мауырынды қайнатады да, тапшан­ның үстінде бір нүктеге көзін алмай қарап отырып, терең ойға шоматын. Ол ой кейде сағатқа, кейде жарты күнге созылатын. Қасына келіп, сыр шерткісі келген адамдарға тек қысқа: «Шүкір, қарағым, бәрі жақсы», – деп жауап қайыратын. Ары қарай сөзді жалғастырмай, қайтадан іштей ойға батып отыра беретін. Соғыс та­қырыбын қозғағым келіп балалық­пен: «Ата, соғыста қанша немісті өлтір­дің?» – деп сұра­ғанымда: «Сендер он­дайды көр­меңдер, соғыс деген бәленің атын атама. Шайқас даласында соғыс­қа кеткендердің 33 пайызы қалды, мен сияқты талай жас жау оғынан мерт бол­ды. Солардың арасында жүріп сен­дердей ұрпақ сүйемін деп ойла­мадым. Шүкір», – деп жауап қай­таратын еді. 

Кейін уақыт өте келе, соғыстан ал­ған контузиясы мен жарақатының салдарынан атамның денсаулығы нашарлап, төсек тартып жатып қалды. Кішкентай немерелері атам­ды мазақ­тап үйге кіре сала: «Сержант Мамаев», –деп айқай салғанында атам ауырып жатқан жерінен: «Сер­жант Мамаев по вашему приказу прибыл», – деп атып тұра қалатын. Осылай соғыс жайлы еш сыр тар­қатпастан атам 2005 жылы көз жұм­ды. 

Кейін ес кіре әкемнен сұра­ғаным­да маған атам туралы қызықты бір әң­гімесін айтып берген: «Ұлы Отан соғысына Мамай атам мен Ұлдар әжем үш ұлын аттандырып, үшеуі де елге аман-есен оралған. Кейбіреуі жалғыз тұяғынан хабар келмей, зар жылап хабар күткенде Мамайдың үш ұлы (үл­кені – Рахым­бай, ортаншысы – Сырғабай, үшіншісі – Қасымбай) елге Жеңіс туын көтеріп келген. Сонда үш ағайынды бас қосып отырғанда ең қатты жараланған (атамның жүрек тұсына оқ тиіп, жарықшағы дене­сінде қалған) кішісі Қасымбайды ортаға алып: «Қасеке, осы сен ұйық­тағанды жақсы көруші едің. Соғыста бір бұта­ның түбінде қорылдап ұйықтап жат­қаныңда немістер келіп атып кеткен шығар?!» – деп қалжың­дайтын. Сонда Қасымбайдың берген жауабы: «Әй, Сырғабай, сен артиллерияда катюша­ның артында тұрып: «Атыңдар», – деп қолыңды көтергенде сұқ саусағыңа ғана оқ ти­ген, өзің немістің төбесін де көр­медің ғой. Біздің мотоатқыштар ро­тасында қолда қару да жоқ, пы­шақ­ты қолға алып, бір саптыаяқ спиртті сыл­қытып, неміспен қоян-қолтық ұрыс­қа түскен сәтіміз болған». Әкемнің осы әңгімесінен кейін атамның не үшін соғыс туралы әңгімені қозғамай, көп ойға шома­тынын, салдары денсау­лығына ғана кері әсерін беріп қоймай, сол кездегі жас бозбаланың бүкіл ғұмы­ры бойы соғыс зардабы жүрегінде қара тас болып қатқанын түсіндім. Таби­ғатынан жауына қиянат жасамақ түгілі, жаман сөз айтпайтын, ке­шірім­шіл, мейірімді атам соғыста өз қолынан құрбан болған жауды да ойлай ма екен? Баласына «тәйт» деп көрмеген кең пейілді атам жауға қа­руды қалай көтерді екен?! Кім біл­сін?!

Кейін уақыт өте келе туған-туыс­тардан аталарым туралы келесі дерек­терді анықтадым: Рақымбай Мамаев (1908-1983) 1943 жылы со­ғысқа атта­нып, үш рет жараланған. 1945 жылы Урбах маңында дұшпан­ның шабуылын тойтару кезінде жаудың артиллериялық атысына қарсы атыс жүргізіп, жаудың 1 ста­ногті пулеметі мен бөлім солдат­тарын жойғаны үшін 4-батарея ми­нометшісі ретінде «1941-1945 жылдар­дағы Ұлы Отан соғысын­дағы жеңісі үшін», «Ерлігі үшін» ме­далімен ма­рапатталған. Кеңес әс­кері құрамында неміс басқыншы­ларынан Украина, Шығыс Еуропа халық­тарын азат етуге ат салысып, Ұлы Жеңісті Берлин қа­ласында қарсы алған. 

Сырғабай Мамаев (1915-1979) 1939 жылы әскерге офицер атағымен шақы­рылып, 16-артиллериялық миномет полкінде оқып, Украин май­данында атқыштар полкінде рота командирінің көмекшісі қыз­метін атқарады. Жауды тықсыра жеңе отырып Берлинге дейін барып, Жеңісті майдандастарымен бірге қарсы алады. Штабтың бұйры­ғымен Берлинде почтамтты басқарған. Қазақ ССР педагогикалық қоғамы­ның мүшесі болған. 

Қасымбай Мамаев (1920-2005) со­ғыстан бұрын Кеңес әскері қата­рында әскери борышын өтеп жүріп соғысқа кеткен, 1942 жылы шын­тағынан жара­ланып елге оралады да, 1943 жылы соғысқа қайта сұра­нып екінші рет со­ғысқа аттан­ған. Екінші рет барғанында Ста­линин­град май­данында 47-атқыш­тар полкінің құ­ра­мын­да пулеметші бол­ған. І дәре­желі «Ұлы Отан со­ғысы» орденімен марапатталады. 

Нағашы атам Ынтықбай Төле­нов (1923-1975) 1941 жылы соғысқа ат­танар алдында офицерлер дайын­дайтын курсты бітіріп, Курскіде офицерлік қызмет, соғыстан кейінгі жылдары НКВД-да қызмет атқар­ған, Луговой ауданының депутаты болған. Соғыста алған жарақатының салдары­нан ұзақ жылдар бойы зар­дап шегіп, дәрігерлер денесінен оқ­тың жарық­шағын ала алмай қайтыс болған. «Ер­лігі үшін», «Ең­бек үздігі» ордендерімен ма­рапат­талған. 

Осылай сұрапыл соғыста қолына қару алып, отты майданға аттанып, жаудың бетін қайтарған аталарым­ның соғыс кезіндегі ерлігі, соғыстан кейін елді қалпына келтіру ісіндегі адал еңбегі және тек сурет бетінде қалған жарқын бейнелері ұрпақ­тарымен бірге жасайды. 

Г. МАМАЕВА,

ҰҚК Шекара академиясының профессоры,

подполковник