Ал түрлі эксперименттен қашпайтын, ізденімпаз өнер адамының сүйікті орны – театр лабораториясы. Мұнда дәстүрлі театрдан гөрі тереңірек көркем және педагогикалық ізденістерге мән береді. Шетелдегі театр лабораторияларының дамуы ХХ ғасырдың басынан бастау алды, әсіресе Еуропада және АҚШ-та кеңінен таралды.
Қазір театр өнері жаңа серпін алып, түрлі бағыттағы эксперименттік лабораториялармен толыққан кезеңге қадам басты. Бұл құбылыс режиссерлер мен драматургтердің сахнада тың формалар мен заманауи тәсілдерді іздеуімен тығыз байланысты. Қазақстанда бұл үрдіс, әсіресе Алматы мен Астана театрларында айқын байқалады. Мұндай шығармашылық лабораторияларда кәсіби режиссураға қадам басып келе жатқан жас актерлердің алғашқы режиссерлік жұмыстары сахналануда. Олар дәстүрлі театр тілін заманауи көркемдік шешімдермен ұштастырып, көрерменге жаңаша көзқарас ұсынуға талпынады. Бұл – шығармашылық шеберлікті шыңдайтын, режиссерлік қолтаңбаның қалыптасуына жол ашатын маңызды алаң.
Жас актерлер мен режиссерлердің шығармашылық әлеуеті мен кәсіби деңгейінің өсуі олардың өзара ынтымақтастығы мен жаңа жобаларға деген ұмтылысын арттырып, театр өнерінің жаңа үлгілерін қалыптастыруға ықпал етуде. Бұл үрдіс елордада орналасқан Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының Qalleki Театр лабораториясында да бар. Лаборатория өз жұмысын 2021 жылы бастап, жастарға театрда шығармашылық еркіндік беретін алаңға айналды. Мұнда жас актерлер мен режиссерлер өздерінің идеяларын жүзеге асырып, жаңа концепциялар мен тәсілдерді сахнада қолдануға мүмкіндік алады. Лабораторияның басты мақсаты – театрды жаңғырту, жас актерлер мен режиссерлердің шығармашылық жолын қолдап, оларды кәсіби тұрғыдан дамыту. Осылайша, Қаллеки Театр лабораториясы қазақ театрында жаңа дәстүрлер мен шығармашылық бағыттарды қалыптастырып жатыр.
Қаллеки театр лабораториясының жұмысы қазіргі театрдағы жаңашылдықтың көзі және жастардың эксперименттік процестерінің маңызды бөлігіне айналды. Театрымыздың актерлері шығармашылық еркіндікке ғана ие болмай, жыл сайын кәсіби шеберліктерін артырып келе жатқанын байқаймыз. Бұл жерде актерлік шеберлік пен режиссура өзара тығыз байланыста, мұндағы жұмыстың әрбір кезеңі жаңа тәжірибелер мен әдістерді үйренуге мүмкіндік береді. Лабораторияның алғашқы жұмыстарының бірі Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» спектаклі, қоюшы режиссері Бәзіл Сұлтанғазы. Бұл спектакль – актерлердің ішкі сезімінен туған шынайы эмоцияға құрылған психологиялық драма. Көрерменге адамның ішкі күйзелісін және жан дүниесінің күрделілігін көрсеткен. Режиссер Бәзіл Сұлтанғазының қойылымындағы актерлік шеберлік пен шығармашылық ізденістер көрерменді өзіне тартып, театр өнеріндегі жаңа бағытты сезіндірді.
2023 жылы сахналанған «Кешкі 7...» спектаклі де Қаллеки театр лабораториясының маңызды жұмыстарының бірі болды. Бұл қойылымда жас актерлер өздерінің авторлық әндері мен өлеңдерін орындап, көрерменге махаббат туралы оқиғаларымен бөлісіп, спектакльді әнмен сүйемелдеді. Актерлік элементтердің үйлесімі спектакльдің көркемдік деңгейін арттырып, сахнада үлкен әсер қалдырды. Спектакльдің негізінде адамның өміріндегі күрделі кезеңдер, уақытты өткізу мен өзара қарым-қатынастардың маңыздылығы туралы ойлар айтылды. Жас актерлер мен шығармашылық ұжымның сахнадағы үйлесімді жұмысы театр өнеріндегі жаңа ізденістерді көрсетті.
Қаллеки театр лабораториясының шығармашылық жұмыстарының бірі – 2024 жылы сахналанған «Войцек» спектаклі. Георг Бюхнердің классикалық шығармасы негізінде сахналанған бұл қойылымда режиссер Ұлан Қабыл актерлердің ішкі жан дүниесін терең ашып, олардың психологиялық күйзелістерін көрсетуге зор көңіл бөлді. Актерлердің ойындары, қозғалыс пен пластиканың үйлесімі, драмалық тұстардағы эмоционалды тереңдік спектакльді ерекше қызықты етті. Режиссер Ұлан Қабылдың шеберлігі мен актерлер ойнының үйлесімі сахнада шынайы көріністер мен әсерлі эмоциялар тудырды.
Қаллеки театр лабораториясындағы жұмыстардың бір ерекшелігі – жас актерлердің кәсіби деңгейін жоғарылату мақсатында халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндігі. Лабораторияның мүшелері өз білімдерін арттыру үшін Мәскеу қаласына барып, арнайы дәрістер мен шеберлік сағаттарына қатысты. Бұл жастардың кәсіби дамуына ықпал етіп, оларды жаңа әдіс-тәсілдер мен техникамен таныстырды. Лабораториядағы жұмыстардың нәтижесі ретінде сахналанған спектакльдер мен шығармашылық тәжірибелер театр өнеріне жаңа серпін берді.
Қаллеки театр лабораториясындағы тағы бір ерекшелік – театр актерлері мен музыканттарының бірігіп құрған Avenue бэнді. Бұл бэнд театр сахнасында жаңа жанрларды, музыкалық шығармашылықтарды таныстырып, актерлік өнер мен музыканы біріктірудің тамаша үлгісін көрсетті. Avenue-дің құрылуына актер-композитор Олжас Дәлелхан мен музыкант Сұлтан Тұрсынбековтің шығармашылығы себеп болды. Бэндтің шығармашылығы сахнада жаңа динамиканы тудырып, театр мен музыка арасындағы шекараны бұзуға мүмкіндік берді. Бұл бастама актерлер мен музыканттардың ынтымақтастығын нығайтып, театрдың жаңа шығармашылық бағыттарын таныстырды. Музыка мен театрдың органикалық тоғысуы – Avenue ұжымының басты ерекшелігі. Жас музыканттар мен актерлердің өзара бірлескен жұмысы театр кеңістігін кеңейтіп, көркемдік ізденістердің жаңа көкжиегін ашып отыр.
Қорытындылай келе, Қаллеки театр лабораториясы театр өнерінде жаңа көзқарастар мен шығармашылық ізденістердің көшбасшысына айналуда. Жас актерлер жұмыстары қазақ театрының жаңа деңгейге көтерілуіне зор ықпал етуде. Лаборатория шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен жаңа спектакльдер, актерлік эксперименттер мен музыкалық қойылымдар жаңа формалардың дамуына және заманауи бағытта өсуге септігін тигізіп келеді. Әсіресе, театр ұжымындағы синтезді өнер түрлерінің тоғысуы, яғни актерлік ойын мен музыкалық орындаушылардың үндесуі жаңа театралдық екпінді қалыптастырып, көрерменмен байланысты жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Сонымен қатар әрбір актердің белгілі режиссерлермен жеке шығармашылық жұмыстары мен шеберлік сабақтарының өтуі олардың кәсіби дамуын жүйелі түрде әсер етуде. Бұл процесс актерлік шеберлікті шыңдай отырып, ұлттық сахна өнерінде тұлғалардың қалыптасуына жол ашатыны анық.
Осылайша, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының Қаллеки театр лабораториясы – қазақ театр өнеріндегі жаңа эстетика мен шығармашылық серпіннің бастауы. Бұл ұжым театр өнеріндегі қазіргі заманның сұранысына сай жаңа көзқарастарды жүзеге асырып, ұлттық сахнаның болашағын айқындаушы жетекші күшке айналып келеді. Қазір театр лабораториясы Б. Брехттің «Кавказдағы борлы шеңбер» пьесасының желісі бойынша қойылатын «Шеңбер» атты эпикалық драманың премьерасына қызу дайындалуда. Премьераның режиссері Ұлан Қабылға сәттілік тілейміз!
Айгерім ХАЙРБЕГ,
театртанушы