Мысалы, балалар мен лудомандар ғана емес, сондай-ақ әскердегілер, сотталғандар да бәс тіге алмайды. Өйткені бұрын істі болған мыңдаған адам ары қарай ойнау үшін қарызға батқан. Бұл берешегі оларды тағы қылмыс жасауға итермелейді. Президент қол қойған жаңа заңның бұл бағытта тағы қандай жаңалығы бар?
Құмаройын бостандықтан айырады
2025 жылғы 25 сәуірде Мемлекет басшысы «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Ақорданың түсіндіруінше, бұл жаңа заңмен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске, «Жарнама туралы», «Ойын бизнесі туралы», «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңдарға түзетулер енгізілді.
Түзетулердің бірінші блогы денсаулық сақтау саласындағы жекелеген мәселелерді шешуге бағытталған. Онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтік зерттеулер кезінде амбулаториялық жағдайда берілетін мамандандырылған медкөмек аясындағы зерттеулер қолжетімсіз МӘМС жүйесінен алынып, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне ауыстырылды. Бірқатар түзету мүгедектігі жоқ науқастарды есту аппараттарымен қамтуды көздейді.
Екінші блок заң жобасында әу баста болмады, онысы Мәжілісте құжатты ІІ-ші оқылымда қарау барысында қосылды. Тиісінше, заңның атауы өзгертілді. Оған сәйкес, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары, сондай-ақ онлайн-платформалар арқылы жарнамалауға тыйым салынды. Яғни, бұдан былай бірде-бір букмекер қазақстандықтардың ұялы телефонына немесе поштасына өз жарнамасын sms-пен, мессенджерлермен, хат-хабарламамен жолдай алмайды.
Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалау рұқсат етілген бұқаралық ақпарат құралдарының шеңбері тарылды, бұдан былай тек спорттық телеарналар мен спорт тақырыбына маманданған газеттер, сайттар ғана құмаройындардың жарнамасын бере алады.
«Ойын бизнесі туралы» заңына өзгерістер бойынша бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған немесе шартты түрде сотталған, пробациялық бақылауға алынған адамдардың да құмаройындарға, бәс тігуге қатысуына тыйым салынды. Егер казиноға бас сұқса немесе букмекерлік ойындарда ойнайтыны анықталса, бұл оның жазасының қатайтылуына, темір торға кері оралуына негіз болмақ.
60 күннен кейін ғана күшіне енетін кейбір нормаларын қоспағанда, Президент қол қойған жаңа заң 10 күннен соң, келесі аптада қолданысқа енгізіледі. Сенатор Айнұр Арғынбекованың түсіндіруінше, жаңа заңның қолданыстағы «Жарнама туралы» заңына енгізетін өзгерістері букмекерлік кеңселер (БК) мен тотализаторлардың жарнамасының таралу өрісін қатты шектейді.
– Нақтыласам, бұл заңнамалық түзетулер олардың онлайн-платформалардағы жарнамасына тыйым салады! Яғни, олар енді жарнамасын әлеуметтік желілер, интернет сайттар, YouTube, мессенджерлер және басқасы арқылы тарата алмай қалады. Сонда БК-лар мен тотализаторларға еліміздегі заңмен бекітілген құмаройын аймақтарының (Қонаев қаласы мен Щучинск – Бурабай курорттық аймағының) территорияларында, сондай-ақ осы компаниялардың ресми интернет ресурстарында ғана өз қызметін жарнамалауына рұқсат етіледі, – деді Айнұр Серікпайқызы.
Мұның сыртында БК мен тотализаторларға спорт іс-шарасын өткізу кезінде спорт құрылымдарында, стадиондарда үлкен экраннан, баннерлерден, басқасынан жарнамасын көрсетуіне тыйым салынбайды. Тек жарыс аяқталған соң алып тастауға міндетті. Тұтастай алғанда, осы саланы құқықтық реттеуді жетілдіру ойын бизнесінің халыққа теріс әсерін азайтуға үлес қосады әрі саланы мемлекеттік басқарудың тиімділігін жоғарылатады деп күтіледі.
Жауапкершілік – талаптың тірегі
Сарапшылар сот шешімімен бостандығы шектелген немесе шартты түрде сотталған тұлғалардың құмаройындарға қатысуына қойылатын тыйымды маңызды санайды. Заңмен ойын мекемелеріне, букмекерлік кеңселердің кассаларына және тотализаторларға бару тәртібі мен ерекшеліктеріне толықтыру енгізіледі.
Бұл шаралар бірінші кезекте сол адамдарды қайталай қылмысқа барудан сақтауға септеседі. Себебі қылмыстық жазасын еркіндікте өтеу кезінде бәс тігумен әуестенсе, сол құмар ісін жалғастыру үшін қарыз-несие алуы, оны қайтару үшін қарақшылыққа, тонауға, ұрлыққа баруы мүмкін. Сондай-ақ бұл талап ойын бизнесінің әлеуметтік жауапкершілігін арттырады.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев жаңа заңмен құмаройын ойнауға тыйым салынған категориялардың қатары ұлғайтылғанын түсіндірді.
– Мұны осы саладағы шектеулерді жалғастыру деуге болады. Біз жарты жыл бұрын мемлекеттік қызметкерлердің, сонымен қатар Қарулы Күштер қызметкерлерінің құмаройындарға қатысуына тыйым салдық. Жаңа шектеу шартты түрде бостандығынан айырылған, мерзімінен бұрын босап шыққан азаматтарға байланысты енгізілді. Қылмыстар рецидивін болғызбау үшін сотталған адамдардың құмаройынға салынуына тосқауыл қою маңызды. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, қазіргі кезде осындай категорияға жататын 22 мың адам бар, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, егер ойын бизнесінің субъектілері заң талабын елемей, тыйым салынған санаттардағы адамнан бәс қабылдаса, онда заңмен 300-ден 1 000 айлық есептік көрсеткішке (2025 жылы – 3 932 000 теңгеге) дейін айыппұл салынады. Осы орайда «Ойынды ұйымдастыратын компаниялар тыйым салынған адамдарды қалай біледі? Әрқайсысының құжаттарын тексере ме әлде анықтама сұрата ма?» – деген сауал туындайды.
Туризм және спорт министрінің орынбасары С.Жарасбаевтың айтуынша, осы ведомство ондай мәліметті Ішкі істер министрлігінің «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесіне енгізіп жатыр. Ойынқұмар адам бәс тіккенде, өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізеді. Егер ол адамға шектеу қойылғаны туралы мәлімет ақпараттық жүйеде болса, ойын бизнесінің субъектісі дереу одан ставка қабылдаудан бас тартуға тиіс. Тыйымға қарамастан ойнауына рұқсат берсе, айыппұл салынады.
Сау, саналы жас – жарқын болашақ
Құмаройындарға, әсіресе жастардың, тіпті оқушылардың көптеп тартылуы қоғамның қабырғасына батады. Жас ұрпақты қорғап қалу үшін де құмаройындарының жаппай қамтитын насихатын шектеу ләзім. Вице-министр Серік Жарасбаев бұған дейін электронды казино мен интернет-казинолардың жарнамасына шектеу енгізілгенін еске салды. Енді букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына қатысты ұқсас норма енгізіліп отыр. Алайда атауында «bet» айқындауышы бар ұйымдар Қазақстан халқына арналған, тіпті қазақшаға аударылған жарнамаларын шетелдік ресурстарда, мысалы, онлайн кинотеатрларда орналастырады. Сонда қайтпек керек?
– Бұған тоспа құру жұмысын біз Цифрлық даму министрлігімен бірге «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесін жүргізетін боламыз. Жүйе іске қосылды, біз оған интеграцияландық. Қазіргі кезде жүйе 21 мыңнан астам ресурсты әшкереледі. Оның жартысынан көбі дәл осы интернет-казино, букмекерлік кеңселердің заңсыз жарнамасына қатысты. Бұл тұрғыда заңды бұзғандарға контентіне және бұзушылық деңгейіне қарай 60-тан 400 АЕК-ке дейін айыппұл санкциялары қарастырылды, – деді Туризм және спорт министрінің орынбасары С.Жарасбаев.
Ол тағы қайталап айтты: букмекерлік кеңселердің жарнамасына келесі аптадан бастап тек қана спортқа маманданған телеарналарда, газеттер мен сайттарда, сондай-ақ спорттық іс-шараларда рұқсат етіледі. Қалғанының бәрінде, соның ішінде ғаламтордың Қазнет сегментінде, әлеуметтік желілерде, ақпарат құралдарында мұндай жарнамаға тоқтау салынады.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының деректеріне сүйенсек, егер 2022 жылы 14–28 жас аралығындағы жастардың тек 1,2 пайызында лудомания белгілері байқалса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 17,8 пайызға жеткен. Кесапат ауқымы елде ары қарай өсіп барады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кем дегенде 36 мыңға жуық азамат нашақор сияқты «ойынға тәуелді» ретінде тіркелген.
Сенатор Жанболат Жөргенбаев жаттан келген бұл кеселдің ұлтқа ары қарай таралуына тоспа құру үшін бірінші кезекте «уағызын», яғни жарнамасын шектеген маңызды екенін айтады.
«Қазақстанда жастардың әсіресе онлайн-ортада құмаройындарға тартылуы артып келеді. Букмекерлік кеңселер БАҚ-ты, негізінен телеарналарды, интернетті ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Мысалы, бір ғана жыл ішінде БК-лар дәстүрлі медиада жалпы көлемі 8,5 миллиард теңгеге дейін жарнама орналастырған! Бұл жарнама жастардың құмаройындарға тартылуына қуатты әсер етті. Олай болса, жарнамасын шектеуге бағытталған түзетулер үлкен маңызға ие. Бұған қоса, жастар мен осал топтар арасында алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», – деді сенатор.
Туризм және спорт министрлігінің тапсырысымен Qalam қоғамдық қоры зерттеу жүргізді. Оның қорытындысы төбе шашты тік тұрғызады: сауалнамаға қатысқан жастардың 40,5%-ы ойынқұмарлыққа шалдыққан болып шықты. Олар бар тапқан-таянғанына онлайн бәс тігеді немесе лотерея сатып алады.
Былтыр Үкімет лудоманияға, құмаройындарға қарсы күрес бойынша кешенді жоспар бекітті. Оның шеңберінде жастар арасында лудоманияның алдын алу ұсынымдары әзірленді. Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері кәмелетке толмаған жастардың құмаройынға, интернетке тәуелділігінің алдын алу жұмыстарын жүргізіліп жатқаны айтылды. Мысалы, жоғары сыныптарда осыған арналған сабақ жүйелі түрде айына екі рет өткізіледі. Бұған алда жарнаманы шектеу тетігі де қосылмақ.
Айхан ШӘРІП