Соңғы кездері әртүрлі қоғамдық орыннан, жиын-тойлардан инфекция жұқтырып, «осынша адам уланыпты» деген жаңалықтар жиі таралып жүр. Міне, осындай мекемелердің тазалығын, тамақтарының санитарлық талапқа қаншалықты сай екенін осы СЭБ тексереді. Бұрын санитарлық бақылау десе, мекеме басшыларының жүрегі зу етіп, сескенетін еді. Қазір СЭБ-те бос жұмыс орны көп, маман тапшы. Мемлекет басшысы да бұған дейін сала жұмысын реформалау мәселесін көтерген болатын.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту мәселесі пандемия кезінде айқын көрінді. Сол уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әрбір дағдарыстың өз сабағы болады. Оны ескеру керек. Біз қазіргі дағдарыс пен пандемиядан сабақ алып жатырмыз. Шын мәнінде, соңғы жылдары санитарлық-эпидемиялық қызмет жүйесін дамытуға және оны қолдауға тиісті дәрежеде көңіл бөлінбеді. Әрине, оның белгілі бір себептері бар. Оны сіздер жақсы білесіздер. Біз қазір Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын қайта қалыптастырып жатырмыз. Қажетті реформалар жүргізілетін болады. Атап айтқанда, Бас санитарлық дәрігердің өкілеттігі күшейтіледі» деп санитарлық-эпидемиялық қызмет жүйесін реформалау мәселесі жайлы айтты. Осыдан кейін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті негізінде Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті (СЭБК) қайта құрылды. Бұл комитет Денсаулық сақтау министрлігінің құрамындағы құрылымдық бөлімше. Осылайша, елдегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды бақылауға, жұқпалы және жұқпайтын аурулардың алдын алуға, қоғамдық денсаулықты қорғауға жауапты болды. Комитеттің облыстық, қалалық және аудандық деңгейде басқармалары мен департаменттері жұмыс істейді, олар да Денсаулық сақтау министрлігіне бағынышты.
Шағымды неге қабылдамайды?
СЭБ-тің қызметіне көңілі толмайтындардың бірі – астаналық Айгерім Имашова. Ол қыркүйек айында тойға барамын деп сальмонелла инфекциясын жұқтырады. Өзі ғана емес, бір жастан енді асқан баласы да уланады. СЭБ-ке шағым түсіруге хабарласқанымен, олар Айгерімнің өтінішін жауапсыз қалдырыпты.
– Ауруханада 10 күндей ем алдық. Сол жерде біз барған мейрамханаға тойға барып, сальмонеллез жұқтырып жатқан бірнеше адам болды. СЭБ қызметкері бір рет хабарласып жағдайымызды білді. Кейін бірнеше адам болып, мейрамханаға шағым түсірейік деп едік, «еңбек демалысындамын» деп шағымымызды қабылдамады. Сол жердегі дәрігерлер де «қазір СЭБ 15-20 адам уланбаса, тексермейді» деді. Сонда тұтынушының пікірін ешкім ескермей ме? Бізден кейін де көп адамның ол жерге барып инфекция жұқтырғаны анық,– дейді Айгерім Имашова.
Сальмонелла инфекциясы – қоғамдық тамақтану орындарында жиі кездесетін бактериялық ауру. Инфекция көбіне ластанған азық-түліктен, әсіресе шикі немесе дұрыс термиялық өңделмеген ет, жұмыртқа, сүт өнімдері және лас су арқылы таралады. Ауруды дұрыс емдемесе, кей кезде ауыр асқынулар болуы мүмкін.
– Өтініштер мен шағымдарды қабылдау, тіркеу және қарау Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен реттелген.
Сонымен қатар Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабына сәйкес, зардап шеккен адамдардың санына қарамастан, сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелер болған кезде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары мен шағымдары бақылау объектіні жоспардан тыс тексеру үшін негіз болып табылады,– дейді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Гүлнар Құсбекова.
Оның айтуынша, шағым міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады. Өтінішті қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады және ол келіп түскен күні тіркеледі. Егер өтініш жұмыс істемейтін күні келіп түскен болса, онда ол жақын уақыттағы кейінгі жұмыс күнімен тіркеледі. Өтінішті қарау мерзімі 15 жұмыс күнін, шағымды қарау мерзімі 20 жұмыс күнін құрайды.
– «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 42-1-бабында жедел ден қою шаралары, оның ішінде объектінің қызметін тоқтата тұру және оған тыйым салу көзделген.
Бұл шаралар жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне, адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін бақылау объектісінің қызметі, өнімі, жұмысы, қызметі анықталған жағдайларда халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы бақылау және қадағалау органдарының мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында қолданылады, – дейді Гүлнар Құсбекова.
Комитет басшысының пікірінше, кәсіпкерлік кодекстің 143-бабына сәйкес мемлекеттік бақылау нысанасы болып саналатын талаптарды бұзу жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болады. Ал талаптарды бұзу фактісі анықталған кезде объектінің қызметін тоқтата тұру туралы қаулы нысанында қадағалау актісі ресімделеді.
Мысалы, қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметін тоқтата тұруға негіз болатын бұзушылықтарға жәндіктердің, кеміргіштердің және олардың тіршілік әрекетінің іздері жатады, ал тамақ өнімдерін өндіру жөніндегі объектінің қызметіне тыйым салу үшін негіз болатын кейбір бұзушылықтарға – жарамдылық мерзімі белгіленбеген немесе мерзімі өткен тамақ өнімдерінің болуы, етке, жануарлар ет өнімдеріне ветеринариялық сәйкестендіру белгілерінің болмауы, байытылмаған (фортификацияланбаған) бидай ұнын пайдалану жатады.
Салада маман тапшы
СЭБ-тің селқос жұмыс істеуіне, саладағы маман тапшылығы да әсер етіп отыр. Радиобиология және радиациялық қорғау ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Ерлан Қашқынбаевтың айтуынша, 2010 жылдары жаңа білім реформасы аясында, яғни Балон декларациясы процесіне қосылғаннан кейін «Медициналық-профилактикалық іс» пен «Қоғамдық денсаулық сақтау» білім бағдарламалары біріктіріліп санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары тек осы білім бағдарламасы аясында шығарыла бастады. Айта кетер болсақ, бұл білім бағдарламасы аясында гигиена және эпидемиология пәндерінің сағат саны айтарлықтай өзгеріске ұшырады, қысқарды. Жаңа білім реформалары бойынша студент өзінің болашақта жұмыс істеуі кезінде керек болатын пәндерді таңдау арқылы, яғни таңдау компоненті өзінің траекториясын құруы керек. Алайда қоғамдық денсаулық сақтау мамандығына оқуға түскен студент, негізінен қоғамдық денсаулық сақтау, менеджмент, статистика, тағы сол сияқты пәндерге көп көңіл бөледі де, гигиена және эпидемиология пәндері тасада қалды.
– Көптеген студент өз траекториясын қоғамдық денсаулық сақтау саласына бұрды. Алайда қоғамдық денсаулық сақтау мамандығын бітірген студенттер оқу бітіргеннен кейін жаппай санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемелеріне жұмысқа тұрды, оқу процесінде негізінен басқа пәндерді таңдаған студенттердің санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық бойынша біліктілігі мен білім деңгейінің төмендеуіне алып келді. Жұмысқа алушылар санитарлық-эпидемиологиялық департаменттер қоғамдық денсаулық сақтау студенттерінің диплом қосымшаларына, яғни студенттің таңдаған траекториясына қарамай жұмысқа алды. СЭБ мамандарының жұмыс жағдайын жақсарту үшін біріншіден жалақысын көтеру және де СЭБ департаменттеріне тексерудегі шектеулерді алып тастау қажет, – дейді Ерлан Қашқынбаев.
Кезінде Алматыдағы медициналық институтта санитарлық-гигиеналық факультет болған. Кейіннен оны жауып, Қазақстанның орталық аймағы Қарағандыдағы мемлекеттік медициналық институтты ашты. Ол жер жылына 200 маманды дайындап отырды. Содан кадр тапшылығы болған жоқ. Жалпы, СЭС қызметіне байланысты 15-ке жуық мамандық бар. Медицина ғылымдарының кандидаты Жұпар Нақанованың айтуынша, Қарағандыдағы баяғы факультетті ашып, дәрежесін көтеру керек. Тіпті, Қарағандыдағы академиядан санитарлық-гигиеналық институтты неге ашпасқа? Бұл оқу орнының базасы өте мықты, әлі күнге сақталып қалған.
– Бұрын Қарағанды қаласында арнайы санитарлық факультет болатын. Сол оқу ордасынан білім алған мықты мамандар қазір еліміздің әр жерінде СЭБ-ті басқарып отыр. Олардың қазметіне айтар сын жоқ. Ал кейінгі уақытта медициналық институттарда санитариялық-эпидемиологиялық бөлім ашылды. Ол жерде дайындалып шыққан кадрлардың білімі төмен. СЭБ-ке сол бөлімді бітірген жас мамандар келіп жатыр. СЭБ-ке қойылатын талап негізі сол иниституттардағы кадр дайындаудан басталуы керек.
Айлықтың аздығына, жұмыстың көптігіне байланысты жастар СЭБ-те жұмыс істегісі келмейді, – дейді Жұпар Нақанова.
Қазір қоғамдық денсаулық сақтау мамандығына жыл сайын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын даярлау үшін 50 грант бөлінеді. 2025 жылы қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша 200 түлек жоспарлануда, оның 135-і мемлекеттік тапсырыс бойынша.
– «Медициналық-профилактикалық іс» білім беру бағдарламасы бойынша оқыту 2023 жылдан басталып, ол бойынша тек санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын даярлау жүргізілуде. Бұл ретте 2023-2024 оқу жылдарына МПІ дайындау бағдарламасы бойынша 146 студент қабылданса, 2024-2025 оқу жылдарына 224 студент қабылданып білім алуда.
Бұдан басқа, 2025 жылғы қыркүйектен бастап «дәрігер гигиенист, эпидемиолог» біліктілігі беру республиканың барлық медициналық жоғары оқу орындарында (5 мемлекеттік және 2 жеке) іске асыру жоспарлануда, – дейді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы.
Комитет басшысы Гүлнар Құсбекова да санитариялық-эпидемиологиялық бейінді мамандарға тапшылық сезілетінін айтты. Себебі жалақының төмендігі (СЭС қызметкерлерінің орташа жалақысы 282 700 теңге), әлеуметтік қолдау пакетінің жоқтығы (қызметтік үй-жайдың, көтермелеу ақысының болмауы).
СЭБ тексерсе де, тексермесе де кінәлі
Соңғы уақыттарда СЭБ мекемелерінен білікті мамандардың ағылып кетуінің тағы бір себебі, жалақы мәселесі деп жоғарыда айттық. Яғни, білікті мамандарды жекеменшік мекемелер жоғары жалақы ұсыну арқылы өздеріне жұмысқа алуда.
– Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау мекемелерінің жұмысы соңғы он жылдықта орта және кіші бизнесті қолдау және қорғау шаралары, яғни ол нысандарды тексерулерге мониторинг жариялау және орта және кіші бизнес өкілдерін тексерулерге шектеулер қойылуына байланысты өз өзектілігін жоғалтты. Сонымен қатар қазір тексерулер жүргізу үшін СЭБ маманы тексеру актісін тіркеп, өзі және тексерілетін нысан иесі қол қояды және тексеру нысанына жоспарлы тексеру болса бір ай бұрын, жоспардан тыс тексерулерге 1 тәулік бұрын ескерту беріп, кейін ғана нысанға тексеруге шығуға құқығы бар. Бұл өз кезегінде тексерілетін нысанның барынша дайындалуына мүмкіндік береді, яғни күнделікті жұмыс барысында жасалатын қателіктерін жоюға мүмкіндік береді, – дейді PhD, қауымдастырылған профессор Ерлан Қашқынбаев.
Оның айтуынша, қандай да бір эпидемиологиялық жағдай туындағанда ол тамақтан улану болсын, ауруханаішілік жұқпаның таралуы болсын, соңы осы СЭБ мамандары кінәлі болады. Алайда ескерту арқылы тексеріп келген СЭБ маманы кіші және орта бизнес өкілдерінің толықтай дайындалған мекемесінен күнделікті жұмыс барысында болатын санитарлық эпидемиологиялық талаптардың бұзылуларын анықтай алмайды. Бұл өз кезегінде кейінгі кезде жиілеп кеткен тамақтан уланулар немесе басқа да жайттарға алып келеді. Қазір СЭБ мамандары аурудың, уланулардың алдын алу емес, салдарымен күресуде.
Әлемдік тәжірибе қандай?
Медицина сарапшылары СЭБ-тің қызметін жандандыру үшін оны министрліктен бөліп, дербес агенттік ретінде құруды ұсынып отыр. Себебі әлемдік тәжірибеде мұндай үрдіс бұрыннан бар. Атап айтсақ, Ресейде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметін Роспотребнадзор (Ресей тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адам саулығын қадағалау федералдық қызметі) атқарады. Бұл – Үкіметке тікелей қарайтын федералдық агенттік. Денсаулық сақтау министрлігіне бағынбайды. Агенттік жұқпалы аурулардың алдын алу, санитариялық нормаларды бақылау, тұтынушылар құқығын қорғау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Құрамында өңірлік бөлімшелері мен ғылыми-зерттеу институттары бар. Агенттікке бағынышты ғылыми мекемелердің бірі – «Вектор» вирусология орталығы, ол COVID-19 вакцинасын жасаған. Ал Роспотребнадзордың басшысы Президент бұйрығымен тағайындалады. Көрші Өзбекстанда да СЭБ қызметі бірнеше жыл бұрын екіге бөлініп, агенттік болып ашылды. Ал Еуропа елдерінің көпшілігінде мұндай қызметтер денсаулық сақтау министрлігіне бағынышты, бірақ салыстырмалы түрде дербес жұмыс істейтін агенттік түрінде ұйымдастырылған.
АҚШ-та санитариялық-эпидемиологиялық қызметті Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) атқарады. Бұл – денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер департаментіне қарайтын федералды агенттік. Ол жұқпалы және жұқпайтын аурулардың алдын алады, эпидемия кезінде әрекет етеді және ғылыми-зерттеулер жүргізеді. Елдегі қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі орталығы болып саналады.
Ұлыбританияда бұл қызметті Денсаулық қауіпсіздігі агенттігі (UKHSA) атқарады. Бұл – үкіметке қарасты, бірақ дербес жұмыс істейтін агенттік. Агенттік инфекциялық аурулар, биологиялық қауіптер мен пандемияларға қарсы іс-шараларды ұйымдастырады. COVID-19 кезінде басты үйлестіруші мекеме болды. Ал Оңтүстік Кореяда бұл қызметті Ауруларды бақылау және алдын алу агенттігі (KDCA) атқарады. Бұл – үкіметке қарайтын, бірақ тәуелсіз шешім қабылдайтын агенттік. Агенттік эпидемиямен күрес, вакцинация және эпидемиологиялық зерттеулермен айналысады. COVID-19 кезінде тиімді әрі жедел жұмысымен ерекшеленді.
– Америкада кез келген мекеме немесе қызмет көрсету орны СЭБ талаптарын қатаң түрде сақтайды. Ал елімізде бір асханадан адам уланса, ол жерді СЭБ барлық талапқа сай тексермейді. Өйткені кафелерде бүгінгі тамақты бірнеше күнге тоңазытқышқа қойып, тұтынушыларға сатады. Адам ағзасы сол тамақтан уланса, ағзаны инфекциялық ауыруларға ұшыратады. Америкада бүгін желінбей қалған тамақты бірден утилизацияға жібереді. Бармақ басты, көз қысты деген жоқ, – дейді медицина ғылымдарының кандидаты Жұпар Нақанова.
Ендеше СЭБ-ті кінәламас бұрын осы саладағы проблемаларды да ескеруіміз керек. Егер СЭБ дамыған елдердегідей тәуелсіз агенттік ретінде қайта құрылса, қоғамдық орындар да санитарлық талаптарды сақтар еді.
Көктем ҚАРҚЫН