Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін саланы дамыту, қаңырап қалған ауылдардың тіршілігіне қан жүгірту, ішкі және сыртқы нарықта отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру – бүгінгі ауыл шаруашылығы саласының дамуына тікелей байланысты. Әсіресе, мал шаруашылығының жағдайын жақсартып, тұқымын асылдандыру, қолда бар малдың санын көбейтуде кейбір келеңсіздіктерден арылту аса үлкен еңбек пен жауапкершілікті талап етеді. Түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуда мемлекеттік бағдарламалар мен жаңадан қолға алынған нақты жобалар толымды нәтижесін бере алды ма? Жылдар бойы бюджеттің бүйірінен бөлінген миллиардтаған қаражат ауыл шаруашылығының адымын ашуға әсер етті ме? Толғандырған сауалдарды ауыл шаруашылығы мамандары, сарапшылар мен салаға жауапты министрліктерге қойған едік.
– Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне берілетін субсидияның орнына 5 пайызға дейінгі несие беру ауыл шаруашылығын дамыта ала ма?
Бағлан АЙМЫРЗАЕВ,
ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті
директорының орынбасары:
– Мемлекет басшысының 2024 жылдың 2 қыркүйегіндегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында агро-өнеркәсіптік кешендерді тікелей субсидиялаудан қолжетімді несиелеумен қамтамасыз етуге біртіндеп ауысу аса маңызды міндет екені нақтылап көрсетілген.
2024 жылы бес пайызбен жеңілдікті несие өнімдерін енгізу алғаш рет аграрлық шаруашылықтарға қажетті тауарлық-материалдық құндылықтарды толық көлемде сатып алуға, сонымен қатар ауылшаруашылық техникаларын жылдық бес пайыздық қолжетімді сыйақы мөлшерлемесімен лизингке алуға мүмкіндік берді. Соның арқасында 5,0 миллион гектардан астам аумаққа қаржы бөлінді, ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды.
Былтыр жеңілдікті лизинг бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында ауыл шаруашылығы техникасы паркі біршама жаңартылып қалғанын атап өткен жөн. Көктемгі дала жұмыстарына қарыз сомасынан 85 пайыз мөлшерінде кепілдендіру бағдарламасын енгізу есебінен кепілдік базасы жеткіліксіз фермерлер қолжетімді несие алуға мол мүмкіндіктер ұсынылды. Биылғы жылы барлық аталған бағыттар бойынша жұмыс барынша күшейтілді.
Атап айтқанда, көктемгі дала жұмыстары мен егін орағына жеңілдікті несиелеу көлемі биылғы жылы 700 миллиард теңгеге жетті. Бұл қаражат фермерлерге 6 түрлі бағытпен қолжетімді түрде ұсынылып келеді. Бұл аграрлық несие корпорациясының, сонымен қатар екінші деңгейлі банктердің, шағын қаржы ұйымдарының, өңірлік инвестициялық орталықтардың, несиелік шаруашылықтардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың тікелей түрде берілетін несиелері екенін атап өткен жөн.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде 2025 жылы егістік науқанын ерте қаржыландыру үшін өтінімдерді қабылдау 2024 жылдың 29 қарашасынан басталды.
Қазіргі уақытта көктемгі дала жұмыстары мен егін орағына жеңілдікті несиелеу шеңберінде жалпы сомасы 461 миллиард теңгеге 6,8 мың өтінім қабылданды.
Қарыз сомасынан 85 пайыз мөлшерінде кепілдендіру бағдарламасын жүзеге асыру да одан әрі жалғасып келеді. Қазіргі таңда қаржыландырудың жалпы сомасы 135,9 миллиард теңгеге 777 кепілдік берілді.
200 миллиард теңгеге жеңілдікті лизинг ұйымдастыру отандық өндіріс ошақтарына 6 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік берді.
Бүгінде өтінімдердің жалпы құны 104,7 миллиард теңге сомасында 4 мың бірлікті құрап, 2 409 бірлік ауылшаруашылық техникаларын жеткізуге лизинг келісімшарттары жасалды. Өтінімдерді қарастыру әлі де жалғасып жатыр.
Мұнымен қоса, отандық қайта өңдеу зауыттарының жүктемелерін ұлғайту бойынша міндеттер шешімін тапты. Жаңа тетік өсімдік шаруашылығы өнімдері мен шикізаттарын сатуды да қамтамасыз етпек. Былтыр бұл мақсатқа жылдық бес пайыздық мөлшерлеме бойынша 35 миллиард теңге бағытталды.
Биыл жалпы сомасы 40 миллиард теңгеден астам айналым қаражатын толықтыруға қайта өңдеу кәсіпорындарын жеңілдікті қаржыландыру бойынша бағдарламаны жүзеге асыру жалғасатын болады. Аталған шаралар отандық қайта өңдеу зауыттарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беріп, оларды ауылшаруашылық шикізаттарын сатып алу маусымында қажетті жеңілдікті қаражатпен қамтамасыз етеді.
Жалпы, бұл шаралар фермерлерді көктемгі егіске әзірліктен бастап егін орағына дейінгі ауылшаруашылық циклінің барлық кезеңдерінде қолдауға бағытталып отыр.
Биыл министрлік «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп фермерлерге бес пайыздық мөлшерлеме бойынша қолжетімді болатын 50 миллиард теңге мөлшерінде айналым қаражатын толықтыруға мал шаруашылықтарын жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын іске қосу мәселесін қарастырған.
Жоғарыда аталған барлық қаржыландыру бағдарламалары субсидияға өтінім беру қажеттілігінсіз және жылдық таза 5 пайызбен аграрлық шаруашылықтарды тікелей несиелеуді қарастырады. Бұл фермерлік қауымдастықтарға қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетіктеріне қолжеткізуді айтарлықтай жеңілдетеді.
Бахтияр ӨТЕЛБАЕВ,
Қазақтың ақбас тұқымы республикалық
палатасының атқарушы директоры:
– Менің ойымша, жоқ. Жалпы, әлемде ауыл шаруашылығына субсидия бар. Тікелей мүмкін көрсетпеуі де мүмкін. Бірақ біз Еуропа елдері бір гектар жер үшін де субсидия алатын білеміз. Несие дегеніміз – банктен қарызға ақша алу. Бірақ біздің ауылдағы қарапайым шаруаларда кепілге қоятын мүліктері де жоқ. Банктер ауылдағы егін және мал шаруашылығымен айналысуға ниетті адамдардың жерін мен баспаналарын, басқа да дүние-мүліктерін өте арзан бағаға есептейді. Мұнымен қоса, көптеген шаруалар несие алып тастаған. Яғни, несиеге белшесінен батып отыр. Ал оны кім тексерді? Бес пайыздан несие беру бұл әрине жақсы бағдарлама. Бірақ енді нарықтық экономика болғандықтан, бізге шектеулер қойылып жатады. Өнімді ертең қай жерге сататынын да ойластыру керек. Бұл да ертең аса үлкен мәселе болатыны сөзсіз. Сол себепті мұнда қосымша нарықтарды ашу керек. Қай елдерде сатуға болады? Оның бәрі анықталуы тиіс. Өйткені экспорттық әлеуетіміз өте үлкен. Осылардың бәрін ескеруі қажет деп ойлаймын.
Мақсұт БАҚТЫБАЕВ,
SC Food жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің басшысы:
– Бұл субсидия мен жеңілдікті несиелер екеуі екі түрлі, мемлекеттік қолдаудың екі бөлек түрі болып есептеледі. Олар бірін-бірі ешқашан алмастыра алмайды. Жеңілдікті несиелерді өкінішке қарай бәрі бірдей ала алмайды. Біреулерде кепілдікке қоятын мүліктері болмаса, біреулері несиеге белшесінен батып қалған. Ал субсидияны белгілі бір өнім өндіретін және ережедегі талаптарға сәйкес келетін барлық шаруашылықтар ала алады. Тиісінше, барлық ауылшаруашылық тауар өндірушілерін барынша жеңілдікті несиемен қамтамасыз ету үшін мәселені тереңірек шеше түсу қажет. Яғни, кепілге қоятын мүліктің неге жетіспейтінін қарастыру керек. Олардың не себепті несие ала алмай отырғанын, неліктен несиеге белшесінен батып кеткені анықталуға тиіс.
Бұл ретте мен бірнеше маңызды жайттарға назар аудартқым келеді. Біріншіден, қарыздардың кепілдендірілуі. Яғни, мәселен егер банк ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне 100 миллион теңге жеңілдікті несие беруге дайын болса, онда ол 200 миллион теңгенің мүлкін кепілдікке қоюын талап етеді. Ал мұндай кепілдік өкінішке қарай бәрінде бола бермейді. Мұндай жағдайда қарыздың кепілдендірілуін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің рейтингілеріне қарай берілетіндей құрал тетігін іске қосу қажет. Егер шаруа ауыл шаруашылығы техникаларымен толықтай қамтылған, егіс айналымы, тыңайтқыштар мен гербицидтерді қолданатын, кадрлары толық болса, қарыз кепілі әрине өте арзан болуы керек. Мұның бәрін жер серіктері арқылы онлайн режимде көруге болады. Егер компания жаңадан құрылып, жұмысын енді ғана бастаған жағдайда, әрине одан қандай да бір кепілдік талап етуге болады. Екіншіден, жердің әлеуетін толық қолдана алмай келеміз. Жердің құны бүкіл әлем бойынша бізде ең төмен бағаланатын шығар. Мәселен, АҚШ, Канада, Аустралия немесе Еуропа елдерінде бір гектар жердің құны шамамен 20 мың АҚШ долларына тең немесе одан да жоғары болады. Ал бізде жыртылған бір гектар жердің құны небәрі екі жүз доллар ғана, яғни одан жүзе есе төмен бағада тұрады. Тиісінше, банктер жерді кепілдікке алғанда оны моральды кепілдік ретінде ғана санап іс жүзінде жылжымайтын мүлікті, депозитті басқа да бір мүліктерді кепілдікке қоюды талап етеді. Ал жер ауыл шаруашылығының басты активтерінің бірі емес пе?! Сондықтан оның әділ бағаланғаны жөн. Неге бізде жер дұрыс бағаланбайды? Құны неліктен төмен? Бұл орайда институционалды заң мәселелері бар. Бізде күні бүгінге дейін жер нарығы қалыптаспаған. Яғни, бос жерді сатып алу және сатуға болмайды. Иә, бұған дейін осы жағдайды түзетуге әрекеттер жасалды. 2018, 2019 жылдары Жер кодексіне өзгерістер енгізілді. Бірақ ол өкінішке қарай іс жүзінде жұмыс істемейді. Яғни, сен жерді сатып алсаң, сол жерді бес жыл бойы ұстауға тиіссің. Ал бұл шектеу болып табылады. Субсидиялардың бәрін қысқартып, несие беруге келсек, бұл жерде шындықтың да үлесі бар. Бірақ нақты экономикалық тиімділік басқа да есеп жоқ. Жалпы, шамамен жүзге жуық субсидия, атап айтқанда, тұқымға, гербицидке, тыңайтқыштарға, сатып алынатын малға, техникаға, құрал-жабдықтарға және басқа да көптеген түрлері бар. Бұл жерде барлық субсидия тиімсіз деп айту дұрыс емес. Бұл жерде экономикалық аппаратты қолдану қажет. Барлық субсидияларды бағалап, олардың экономикалық тиімділігін есептеу керек. Олардың елдің экономикасына, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қандай пайда әкелетінін есептеу қажет. Яғни, мемлекетпен жұмсалған әрбір тиынның қандай ықпалы болғаны анықталғаны жөн. Осындай жұмыс жүргізілген жағдайда мына субсидиялар тиімді ал мыналарды субсидияларды алып тастау қажет деп айтуға болады. Ал мұндай жұмыс жүргізілмегендіктен мұның бәрі бюджет қаражатына манипуляция жүргізудің бірінен екіншісіне тасудың жолдары ғана болмақ.
– Қазақстанға осы уақытқа дейін шетелден қомақты қаражатқа тасымалданып келген асылтұқымды мал елдегі мал басын асылдандыра алды ма?
Бахтияр ӨТЕЛБАЕВ:
– Бұл сұраққа жауапты Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы департаментінен сандарды алсаңыздар көруге болады. Негізі, соңғы жылдары шетелге сатуға тыйым салынғаннан бері мал саны азайып барады. Себебі мал шаруашылығымен айналысқан тиімсіз бола бастады. Осы соңғы 6 айда ғана ет бағасы мәжбүрленіп қымбаттағаннан малға деген сұраныс арта бастаған сияқты. Бұл орайда біз түсінуіміз керек жайттар бар. Мал шаруашылығын асылдандыру мақсатында шетелден асылтұқымды мал сатып алудың жақсы және жаман жағы да болды. Малмен бірге түрлі аурулар да келді, бірақ сонымен қатар үздік технологиялар да келді. Бірақ Қазақстанда асылтұқымды малдың саны артты деп айта алмаймын. Өзіміздің Қазақстанға бейімделген малдың саны артты. Он есе деп айтуға болады. Соңғы 10 жылда 70 мыңнан 470 мыңға жетті. Бұған нарықтық экономикаға әсерін тигізді.
Мақсұт БАҚТЫБАЕВ:
– Екінші сұраққа шетелден импортталып келген асылтұқымды малдың жалпы еліміздегі малды асылдандыруды қаншалықты жақсартқанына келсек. Асылтұқымды малды шетелден тасымалдау сонау 2011 жылдан басталғанын еске салғым келеді. Міне, содан бері шамамен он бес жылға жуық уақыт өтті. Шамамен елу мыңнан астам мал басы жеткізілді. Ол кезде жалпы елдегі мал басы шамамен 8 миллион болған. Қазір сол жеткізілген елу мың бас көбейіп, 500 мыңға жетті. Екіншіден, бұл заманауи өнімді мал генетикасы елімізде жергілікті мал арасында таралып, сөйтіп елдегі мал тұқымының да сапасы біршама жақсара бастады. Яғни, мәселен бір қара малдан туған бұзаудан шамамен 50-100 келіге дейін артық алатын болдық. Әрине, бұл айтарлықтай экономикалық жағынан тиімді болады. Бұл кәдімгі астықтың жақсы тұқымын қолданған сияқты. Ол өнім көлемін көбейтіп жақсарта түседі ғой. Сол сияқты жақсы генетиканы пайдалану жалпы өнімділікті арттырып, оның өзіндік құнын төмендетеді. Әрине, мұнымен жұмыс біткен жоқ. Бізде әлі шамамен 70 пайызға жуық мал әлі де стандарттарға сәйкес келмейді. Тиісінше, бұл жұмыстарды әлі жалғастыру қажет. Өкінішке қарай, қазір фермерлер жаппай банкротқа ұшырап жатқандықтан, олар аса қымбат тұратын асылтұқымды бұқаларды сатып ала алмайды. Сәйкесінше, бұл жұмыс мүлде тоқтап қалған. Мұнымен қоса, бірқатар тұқымды жаңартуға ынталандыратын субсидиялар да алынып тасталып, жағдайды тіпті құлдыратып жібергенін атап өту қажет.
Бағлан АЙМЫРЗАЕВ:
– 2010-2023 жылдар аралығында алыс-жақын шетелдерден республикамызға 232,9 мың бас асылтұқымды ірі қара мал әкелінген. Оның ішінде сүтті бағытта – 48,8 бас, сүтті-етті бағытта – 43,3 мың бас және етті бағытта 140,8 мың бас жеткізілді.
Бұл бірінші кезекте асылтұқымды мал санын ұлғайтуды ынталандыру, асылтұқымды малдың жалпы мал басына үлес салмағын, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту мақсатында жасалған қадам болғанын атап өткен жөн. Мемлекет ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін субсидиялау жолымен қолдау шараларын жүзеге асырып жатыр. Бұл орайда мемлекеттік қолдау шараларының арқасында асылтұқымды мал басының саны жылдан жылға өсіп келеді. Жүргізілген осы шаралардың арқасында асылтұқымды малдың үлес салмағының өсуінің оң динамикасы сақталып отыр.
Мәселен, 2010 жылғы 1 қаңтарда шаруашылықтардың барлық санаттарындағы асылтұқымды ірі қара мал саны 344,1 мың бас немесе асылтұқымды малдың жалпы басына шаққанда небары 5,6 % құраса, 2025 жылғы 1 қаңтарда шаруашылықтардың барлық санаттарындағы асылтұқымды ірі қара мал саны 932,7 мың басқа жетіп, асылтұқымды малдың жалпы басына шаққандағы үлесі 11,8 пайызға дейін өсті.
– Ауыл шаруашылығы бойынша мемлекеттік қолдау бағдарламалары ауыл шаруашылығымен айналысуға ниетті адамдарға қаншалықты қолжетімді?
Бахтияр ӨТЕЛБАЕВ:
– Ауыл шаруашылығымен айналысуға ниетті адамдарға ұсынылатын қазіргі қолдау бағдарламалары – бұл жеке тұлғаға 7-8 баспен айналыссын, яғни ауылда қалсын деген стартап секілді несие. Бұл бағдарламалардың негізінде көзделген ең басты жоспары бұл ауылдағы адамдарды сол ауылдарда ұстап қалу болған. Бірақ біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Тиімділігі, ауыл шаруашылығымен, әсіресе мал шаруашылығымен айналысамын десеңіз, аталған бағдарламалардың қаржысы мүлдем жетпейді. Бұл тек өзіңіз жеке тұлға ретінде жұмысыңыз бола тұра қосымша атқарамын деген жоспарыңыз болса, онда жеткізуге болады. Бізде ешқандай кооператив қатты дамымаған. Кооперация деген жоқ. Бұл тіпті, жеке кәсіпкер ретінде де есептелмейді.
Мақсұт БАҚТЫБАЕВ:
– Ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламалары бір қарағанда шарттары өте жақсы, арзан несие сияқты болып көрінеді. Бәріне бірдей бере береді. Бірақ мұнда да «әттеген-ай» дегізетін мәселелер бар. Бұған біз бірнеше мәрте назар аудардық. Бірінші кезекте ауыл шаруашылығында бизнеспен айналысу үшін немен айналысу және ол өнімді қайда сату жөнінде түсінік болуға тиіс. Ақшаны алу әрине өте оңай. Бірақ ақшаны алған соң, банкротқа ұшырамас үшін не істеу қажет? Бұл – басты сұрақ. Екіншіден, ауыл шаруашылығында бизнес жасау үшін бастапқыда ол адамның жері, егер мал шаруашылығымен айналысса, тым құрығанда жайылымы, шабындығы, басқа да қажетіліктері болуға тиіс. Мұның бәрі бағдарламада мүлдем жоқ. Яғни, ақшаны алғанымен ауыл шаруашылығымен ешкім айналыспайды. Осындай қателіктер бар. Мұндай фактілер бірнеше мәрте анықталғаны да рас. Іс жүзінде 80 пайызға дейін қаражат мақсатты жұмсалмаған болып шықты. Сондықтан не ұсына аламыз? Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар үш мәселені қолға алуы қажет. Біріншісі, аймақтар мен ауылдарды мамандандыру. Яғни, маңайында үлкен бір кәсіпорын болса, онда сол кәсіпорынға жұмыс істеу керек. Онда нақты бір бағдарлама бойынша жұмыс істейтін барлық ауыл адамдары өнім өндірумен айналысып, нақты өнім шығара алатын еді. Екіншіден, толығымен ақшаны қолға бермей, дайын бизнеске немесе фермаға жылыжай, инкубатор, ұсақ қой-ешкі немесе ірі қара малын көбейту жағынан көмектесу керек. Бұл уақытты қысқартуға мүмкіндік беріп, технологиялық қателіктерге және ақшаның мақсатсыз қолданылуына жол бермейді. Ең бастысы, бұл болашақ фермерлерге табысқа жетуде уақытты қысқартады. Мәселен, сіз мал шаруашылығымен айналысуға ниеттендіңіз делік. Сізге бағдарлама бойынша 30 миллион теңге несиеге қаражат берді. Осыдан кейін жер алуыңыз керек. Жайылым алу керек. Бұған бір жыл уақыт кетуі мүмкін. Жер жобасы, конкурс, рәсімдеу басқа да шаруалары бар. Конкурс күн сайын өтпейді. Жер алған соң онда мал асырау үшін ферма салуыңыз керек. Ол да шамамен кемінде бір жыл уақытты қажет етеді. Бұдан кейін оны қалай саласыз дұрыс па, бұрыс па, қымбат па әлде арзан ба, бұл да үлкен мәселе. Бұдан кейін мал сатып алу керек. Оны ұрықтандыру үшін бұқалар керек. Төлдету үшін тағы тоғыз ай уақыт керек. Яғни, тағы бір жыл. Одан кейін төлдеріңіз өсу үшін тағы бір жарым жыл уақыт кетеді. Өзіңіз ойлап көріңізші, тек 5-6 жыл уақыт өткен соң ғана табыс ала бастайсыз. Ал несиені жыл сайын төлеу қажет. Тиісінше, банкротқа ұшырайсыз немесе бұл ақшаға ол сиыр сатып алуға немесе ферма салуға жұмсамайды. Кейбір бағдарлама әуелден дұрыс ойластырылмаған. Тек ақшаны таратып, есеп беру үшін ғана ұйымдастырылған деп ойлаймын.
КЕРЕК ДЕРЕК
Ұлттық экономика министрлігі не дейді:
2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталды. Жоба ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды. Бұл ретте негізгі басымдық ауыл тұрғындарын агробизнеске тартуға және ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға беріле бастады.
Жобаны жүзеге асыру тетігі ретінде сенімді өкіл арқылы төмен пайыздық мөлшерлемемен микронесие беру көзделген. Атап айтқанда, ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда тұратын азаматтардың бизнес-бастамаларын 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласында 7 жылға дейін қаржыландыру қарастырылған.
Бағдарлама бойынша микронесиенің ең жоғары сомасы жеке тұлғалар үшін – 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін, ал ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін 8 000 айлық есептік көрсеткішке дейін бекітілген.
Жоба халықтың табысын арттырумен қатар, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын құруға, ауыл инфрақұрылымын дамытуға және ішкі кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді.
Дайындаған
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ