IT маманы Ғасыр Құралбайұлының айтуынша, ChatGPT-ге жазған жазбаларымыз дербес деректерге жатады. Сондықтан қосымшамен диалог кезінде де өз ақпараттарымызды қорғауымыз керек.
«Адамдар онда өзінің сентиментальды сұрақтарын қойып, ешкімге айта алмаған дүниелерін айтуы мүмкін. Егер ол деректер сыртқа шығып кетсе, бұл өте қауіпті. Себебі ешқандай жүйе бізге болашақта ақпарат қолды болмайтынына 100% кепілдік бермейді», – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, бұл қағиданы әсіресе мемлекеттік қызметкерлер қатаң ұстануы керек.
«Оған қоса, мемлекетке қызмет ететін азаматтар, мысалы, депутаттар, әскери қызметкерлер ChatGPT-ге бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған жобаларды, әскери құпияларды бөлісуі мүмкін. Сол себепті мен өз сабақтарымда үнемі мемлекеттік қызметшілерге ескертіп отырамын. Әкімдер, әскерилер, қандай да бір ақпаратқа ие мемлекеттік қызметкерлер әлі жарияланбаған ұлттық жобаларды, әскери құпияларды, тұрғындардың деректерін ChatGPT-мен бөліспеуі керек. Айта қалған күннің өзінде, мүмкіндігінше бүркеншік атпен бөліскен дұрыс. Сонда ғана біз деректерді қорғай аламыз», – дейді маман.
Ғасыр Құралбайұлының айтуынша, адамдар ChatGPT-мен сырласу секілді әрекетке баратыны рас. Жүйе оларды арнайы пайдаланбайды, бірақ қате конфигурация немесе шабуыл жағдайында бұл деректердің сыртқа шықпауына кепілдік жоқ.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.