Қыз бала уақытында туылып, қалыпты дамыды. Алайда, екі айлығында жиі құсу, ембеу, терісінің көгеруі және қатты мазасыздық симптомдары пайда болған.
Медициналық зерттеулер нәтижесінде сол жақ төбе бөлігінде көлемді ісік бары анықталған. МРТ мидың функционалды маңызды аймақтарында орналасқан 5,6×4,2 см көлеміндегі ісікті көрсетті.
"Ісікті алып тастауды біз микрохирургиялық әдіспен жасадық. Қазір қыз бала операциядан кейінгі емдеуден өтіп жатыр және өзін жақсы сезінеді. Құспайды және жалпы жағдайы жақсарып келеді", – деді Ұлттық нейрохирургия орталығының Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Ғабит Өлеңбай.
Ісік баланың миының жартысына жуығын алып жатқандықтан, ота өте күрделі өткен.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.