Павлодар облысында полицейлер интернет-алаяқтардың құрбанына айналған тұрғынға ақшасын қайтарып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Polisia.kz мәліметінше, Шарбақты аудандық полиция бөліміне интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, шығынға ұшыраған жергілікті тұрғыннан өтініш түскен.
Алаяқтар әйелді алдап, оны қомақты сомаға бөліп төлеу шартымен келісімге отырғызған. Алайда полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында келтірілген шығын келесі күні-ақ өтелді.
Істі қарауға тергеуші Гүлден Адамова мен жедел уәкіл Саят Рашитов кірісіп, оқиғаның мән-жайын жедел анықтап, қажетті іс-шараларды шұғыл түрде қолға алды.
Қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен жедел әрекетінің нәтижесінде жәбірленуші азаматша қомақты қаржылай шығыннан аман қалды.
– Осындай қиын сәтте қолдау көрсетіп, ақшамды қайтаруға көмектескендеріңіз үшін шексіз ризашылығымды білдіремін. Өзімді шынайы қорған мен қамқорлықтың ортасында жүргендей сезіндім. Кәсібилік пен адамгершілікке толы көзқарастарыңыз үшін алғысым шексіз, – деп бөлісті ауыл тұрғыны алғысхатында.
Полиция департаменті азаматтарға алаяқтыққа қарсы қырағылық танытуды тағы бір рет еске салды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.