Жүргізушінің анасы Ақтөбеде облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасын басқарады.
Ақтөбеде мас күйде көлік жүргізді деген айыптан судьяның ұлы ақталып шықты
istockphoto.com
1,225
оқылды

Ақтөбеде облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының төрайымы Разия Ахметованың ұлы Бегарыс Махұтов мас күйде көлік жүргізді деген айыптан ақталып шықты, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Ratel.kz сілтеме жасап.

Осы жағдай бойынша былтыр полиция ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі («Мас күйінде көлік құралын басқару») бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. 

Оқиға 2023 жылғы 2 қазанда таңғы 5 шамасында болған. Kia Sportage маркілі көлігінің жүргізушісі – Бегарыс Махұтов Ақтөбе қаласындағы Маресьев көшесінің №81 мекенжайына мас күйде келіп тоқтаған. Содан "мас күйінде көлік құралын басқару» бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Алайда әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Махұтов өз кінәсін мойындамаған.

Оның айтуынша, ол 30 қыркүйектен кейін аузына ішімдік алмаған. Оны тоқтатқан инспектор Какенов одан алкоголь иісін сезіп, медициналық куәландырудан өтуді талап еткен. Тексеру барысында ішімдік ішкені анықталып, Alkotest 6820 құрылғысымен өлшеу кезінде алдымен 1,43 көрсетсе, кейінгіде 1,60 промилле көрсеткішін көрсеткен.  Оған қоса, мульти-тест арқылы жасалған биологиялық зерттеуде алкоголь метаболиттері бары анықталған. Нәтижесінде, дәрігер «жеңіл дәрежелі мас күйі» деп көрсеткен. Бірақ Бегарыс Махұтов бұл қорытындымен танысудан бас тартып, құжаттарға қол қоюдан да үзілді-кесілді бас тартқан.

Кейін судьяның ұлы Махұтов басқа дәрігердің тексеруінен өтіп, сол құрылғыға тапсырған. Бұл жолы Alkotest құрылғысы 0,67 промилле көрсеткен. Дәрігер Досымова болса «Алкоголь қолдану белгілері бар, алайда мас күйі анықталмады» деген қорытынды шығарған. Осындай бір-біріне қарама-қайшы екі қорытындыны саралаған мамандандырылған әкімшілік соттың судьясы Мира Купенова Махұтовты кінәсіз деп тапты. 

«Сот отырысында анықталғандай, Искакова М.К. берген қорытынды заңсыз. Себебі клиникалық деректер куәландыру нәтижесіне сәйкес келмейді. Осыған байланысты Махұтовтың мас күйде болғанына күмән туады», – делінген сот қаулысында.

Судья істі әкімшілік құқықбұзушылық құрамы жоқтығына байланысты тоқтату туралы шешім қабылдады. Алғашында кінәлі деген ұстанымда болған прокуратура бұл шешімге шағым түсірген жоқ.