Банктер бизнеске қарағанда халыққа қарыз бергенді оңай көреді
Банктер бизнеске қарағанда халыққа қарыз бергенді оңай көреді
Фото: Интернеттен алынды
292
оқылды
Қазақстанда соңғы жылдары тұтынушылық несие көлемі артқан. Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстан экономикасын дамыту үшін бизнесті дамыту керегін айтып отыр, ­­ – деп жазады inbusiness.kz. Олардың «Импортты шектеу ішкі өндірістің сапасын түсіреді. Қазақстан банктері бизнеске несие бергеннен гөрі, қарапайым халыққа қарыз таратқанды оңай көреді. Бұл экономикалық өсімді тежеп, инфляция қатерін арттырады», ­ – дейді сарапшылар.   [caption id="attachment_2852" align="alignnone" width="600"] width= Фото: Интернеттен алынды[/caption] Стратегиялық бастамалар орталығы мен Дүниежүзілік банк бірлесіп өткізген пікірталас алаңында  Қазақстан экономикасына қатысты өзге де құнды ойлар айтылды. Қазақстан экономикасының өсімін 4% деп бағалаған Дүниежүзілік банк елде тұтыну несиелерінің артқанына алаңдап отыр. Несие көлемі артқанмен, кепілсіз тұрмыстық қарыздың үлесі басым болып отыр. Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто елде онсыз да төленбей жатқан несиелердің көп екенін, тұтыну қарыздарының көбеюі  қаржылық секторға ауыр тиюі мүмкін екенін ескертті.
«Қазір әлем экономикасында жоғары сұранысқа ие өнімдерді нақты бір ел ғана өндіреді деп айтуға келмейді. Технологиясы дамыған Корея, Қытай, Жапония, Германия сияқты елдер  ең өтімді тауарлардың саудасынан үлес алу үшін жанталасады. Осы шеңберге Қазақстан да кіруге талпынуы керек», – дейді Жан-Франсуа Марто.
Дүниежүзілік банктің Қазақстан бойынша аға экономисі Самсу Рахарджа оңтүстік-шығыс Азиядан туристердің көптеп келуі экономиканың дамуына оң ықпал етеді деп болжайды. «Қазақстанның сыртқы қарызының көлемі ЖІӨ-нің 20%-ына шамалас. Бұл көптеген елмен салыстырғанда жақсы. Бірақ ресми деректерде фискалдық картина түгел көрініс таппаған. Нақты бағалау үшін сыртқы қарыздың өзге де компоненттері ашық болуға тиіс», – дейді сарапшы. Ел бюджетінің әлеуметтік шығыны 2018 жылы жалпы ішкі өнімнің 4,4%-ына тең болса, 2019 жылы 5% болған. Жалпы, экономикадағы өсімге осы өзгеріс көбірек әсер еткен. Салдарынан инфляциялық қысым күшейіп, азық-түлік бағасы 9,1% өскен. Егін маусымының жайсыз болуы ұн, нан бағасының қымбаттауы мүмкін деп отыр сарапшылар.
«Жалпы ел экономикасында өсім бар. 2019 жылы ол 4% деңгейінде болды. Ал 2020 жылы 3,7% болады деп ойлаймыз. Инфляция Ұлттық банктің бақылауында болады, дәлізден ауытқи қоймайды. Әлем экономикасының өсімі 2,7% болғанын ескерсек, бұл жаман емес. Бірақ осы қарқынмен 2050 жылы дамыған 30  елдің қатарына кіру мүмкін емес», – деді Самсу Рахарджа.
Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша жетекші экономисі Ивайло Изворски  18 млн адаммен импортқа тәуелсіз экономика құрамыз деу ақылға қонбайды деп санайды. «18 млн халықпен бүкіл қажет дүниені өзіміз өндіреміз деу ақылға қонбайды. Бірден айтайын, бұл жол тығырыққа апарады. Аргентина мен Бразилия да осы жолды таңдап, экономикаларын тұралатқан болатын. Экспортты арттыру үшін импортты тежеу деген қисынға сыймайды. Өйткені екеуінің бағыты екі бөлек. Сондықтан Қазақстан импортты тежеуді емес, экспортты арттыруды ойласа, өндіріс көлемі артады. Сол кезде ғана отандық өндірістің бәсекеге қабілеті артады», – деді.