Депутат соларды тоқтату үшін мүгедектігі бар бір адамның жеңілдігі тек бір ұйымға қолданылатынын айтады.
Қоғамдық ұйым мүгедек адамды 89 жерге тіркеп, барлығынан салық жеңілдігін алып отырған – Ерлан Әбдиев
649
оқылды

Салық кодексіндегі мүгедектігі бар адамдарға қатысты өзгерту жайлы "AMANAT" фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев түсіндіріп берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«AMANAT» партиясы ашық әрі түсінікті жаңа Салық кодексін әзірлеу ісіне айрықша атсалысуда. Мәселен, Мәжіліс қабырғасындағы фракция депутаттары денсаулық сақтау саласындағы баға өсімінің алдын алып, Үкімет қосылған құн салығынан босатылған дәрілік заттардың әлеуметтік тізбесін бекітетін болды. Бұған қоса, тек ақылы медициналық қызметтерге ғана 10% мөлшеріндегі арнайы қосылған құн салығы салынады. 

Осы орайда, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев жаңа құжаттағы мүгедектігі бар адамдарға қатысты өзгертулерге тоқталды.  

«Салық кодексінде мүгедектігі бар адамдарға қатысты екі түрлі түзету бердік. Жеке табыс салығы бойынша, бізде мүгедектігі бар адамдар 882 АЕК-ке дейін салықтан босатылған. Яғни, бұл жерде 3,5 миллион теңгеге дейін ғана салықтан  босату бар. Егер адам жылына 3,5 миллион теңге табыс тапса, ол жыл бойы жеке табыс салығын төлемейді. Жеке табыс салығы дегеніміз – тапқан табыстың 10 пайызы. Мүгедектігі бар адамдар және оны асырап отырған бір ата-ана, қамқоршысы салықтан босатылады. Біз берген нормада бәріне бірдей жеңілдік беріліп еді. Оған ата-ана да, мүгедектігі бар адам да кіретін еді. Бірақ Үкімет тек қана I және II топ мүгедектігі бар адамдарды ғана қолдады. Яғни,  I, II топтағы жұмыс істейтін мүгедектерге шекті соманы 882 АЕК-ке емес, 5 000 АЕК-ке дейін көтеріп тастадық. Бұл – бірінші түзету. Ол түзетуді үш түрлі партияның өкілдері болып бердік», – деді депутат.

Сонымен қатар депутат жаңа құжат жобасында мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалмағанын жеткізді.

«Жаңа Салық кодексіндегі 322-бап бойынша, «мамандандырылған қоғамдық бірлестіктерден» бізде екі ғана ұйым болған. Соларға арналған бапты бөліп шығарған екен. Біз сондағы «мамандандырылған» деген сөзді алып тастадық. Атауды «мүгедектердің қоғамдық бірлестігі» деп қалдырдық. Заң бойынша, жұмыс істейтін мүгедектігі бар адам саны 51 пайыз еді. Еңбекақы төлеу қоры да 51 пайыз, тек көзі көрмейтіндер мен құлағы естімейтіндерге 35 пайыз болатын. Салық кодексі әділетті болуы керек. Сондықтан 35 пайыз дегенді алып тастап, бәріне 51 пайыз қылдық. Себебі 35 пайыз мөлшерінде болатын болса, адамдар мүгедектігі бар жандарды азырақ жұмысқа ала бастайды. Бұрын 10 адамның үшеуі ғана мүгедек болып есептеледі де, қалған жетеуін мүгедектігі жоқ болса да, ала беретін еді. Енді біз соны 51-ге қайта көтеріп қойдық. Яғни, еңбекақы төлеу қорында да, жұмысшылардың саны да 51 пайыздан асса, ол ұйымдарды «мүгедектер жұмыс істейтін ұйым» деп есептейміз. Және олар 100 пайыз ұжымдық табыс салығынан босатылады», – деді Ерлан Әбдиев. 

Депутаттың айтуынша, мүгедектігі бар бір адамның жеңілдігі тек бір ұйымға ғана қолданылуы керек. 

«Жұмыс беруші адам мүгедектігі бар 10 адамға жұмыс берсе, ұжымдық табыс салығынан босатылады. Біз қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар мүгедектігі бар адамдарды көбірек жұмысқа тартсын деген мақсатты көздеп отырмыз. Себебі бүгінде олар 2 адамды жұмысқа алады да, салықтағы жеңілдіктерге ие болады. Ал біз «жоқ, 2 адам емес, кемінде 10 адамды жұмысқа аласыз және бір адам бір ғана ұйымнан салықтағы жеңілдікке қол жеткізе алады» дейміз. Мәселен, бізде 89 филиалы бар ұйым бар. Ол бұған дейін осылай 89 рет салықтан жеңілдік алып отырды. Біз соларды тоқтату үшін мүгедектігі бар бір адамның жеңілдігі тек бір ұйымға қолданылады деп отырмыз, – деді депутат.

Айта кетейік, Үкімет «AMANAT» партиясы фракциясының Салық кодексі жобасына қатысты ұсыныстарын қабылдады. Яғни, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылған құн салығы салынбайды. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу шегі 40 млн теңгеге дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ «AMANAT» партиясы депутаттарының бастамасымен жаңа Салық кодексі жобасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері, кітап басып шығару, археология қосылған құн салығынан босатылады.