Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының Қазақстан бойынша баяндамашысы және Венгрия Ұлттық жиналысының депутаты Жолт Неметпен кездесті.
Сенат Төрағасы Жолт Неметпен кездесті
289
оқылды

Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев мейманды ЕКПА-ның Қазақстан бойынша баяндамашысы болып тағайындалуымен құттықтай келіп, Қазақстан Парламенті мен аталған Ассамблея арасында 20 жыл ішінде тығыз және тиімді өзара қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Сондай-ақ іс-шара кезінде қазіргі таңда қазақстандық депутаттар ЕКПА-ның пленарлық отырыстарына және оның комитеттерінің жұмысына белсенді қатысып келе жатқаны айтылды.

Сұхбаттасушылар бірлескен жұмыстың маңыз­ды бағыттарымен қатар, Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолындағы тұрақты даму тетіктерін де талқылады. Сенат Төрағасы саяси жүйені демократияландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға және адам құқықтарын қорғау, гендерлік теңдік жүйесін нығайту, билік тармақтары, сондай-ақ орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің теңгерімін қамтамасыз ету үшін қолға алынған шараларға да жан-жақты тоқталып өтті.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда ауқымды және кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан қалыптас­тыру тұжырымдамасын ұсынды. Бұл жұмыс заң үстемдігін күшейтуді, билік тармақтары арасында өкілеттіктердің теңгерімді бөлінуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ орталық және өңірлік билік органдары арасындағы үйлесімділікті арттыруды көздейді. Қазіргі таңда Президентіміз бастамашылық еткен саяси және экономикалық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Парламент қызметінің негізгі басымдығы болып саналады», – деді Палата Спикері.

Сонымен қатар кездесуде рухани дипломатия­ны дәріптеу мәселелеріне де баса мән берілді. Бұл ретте биыл қыркүйекте өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық барысы сөз болды.

Өз кезегінде Жолт Немет Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге жоғары баға берді. Сондай-ақ ол Қазақстанның ЕКПА-мен ынтымақтастығы одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Бұдан басқа, тараптар Қазақстан мен Венгрия арасындағы ынтымақтастыққа, оның ішінде парламентаралық байланысқа қатысты мәселелерге назар аударды. Кездесуде екі елдің халықтарын терең тарихи тамыр байланыстыратыны, жоғары деңгейдегі бүгінгі өзара тиімді ынтымақтастық мемлекеттердің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер беретіні айтылды.