Өз кезегінде, аламан айтыстың тізгінін ұстаған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай бұл байсалды бәсеке төл өнеріміздің туын биікке көтеріп, келер ұрпаққа аманат ету жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
«Бұл жобаның басты мақсаты – ұлттық руханиятымызды ұлықтау, ел бірлігін бекемдеу және жас ұрпаққа өнегелі тәлім-тәрбие беру. Кешегі ел басына күн туған, жау шапқан сұрапыл замандарда қазақ халқы өзінің ықылым заманнан қалыптасқан қаһармандық келбетін жоғалтқан жоқ. Сақ пен ғұн дәуіріндегі бабаларымыздың өр рухы, Түркі заманындағы ер түріктің асқақ мінезі 1941 жылғы қанды майданда қайта жаңғырып, от пен оқтың арасынан жарқ етіп көрінді. Ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлы, ерен ерлік иесі Қасым Қайсенов, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев – қазақтың қайсар рухын әйгілеген дара тұлғалар. Алайда ерлік тек ер-азаматпен шектелмейді: Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды батыр қыздарымыз да Ұлы даланың намысын қорғап, теңдессіз батырлық танытты. Бүгінгі ұлттық өнер кеші осы батыр бабаларымызға, жаужүрек аналарымызға, ел қорғаған ерлерімізге арналмақ», – деді ол.
Осылайша, айтыс, дәстүрлі ән, күй, жыр және терме сынды ұлттық өнеріміздің бес саласы қамтылған игі іс-шараға Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман бастаған, ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, ақын, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай, Қазақстанның Халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Рамазан Стамғазиев, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қалқаман Сарин, әнші, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ақан Әбдуәлі қостаған қазылар алқасы өз бағасын берді.
Көзіқарақты көрерменді өресі биік өнерпаздары мен талғампаз таланттары таңғалдырған аламан айтыс нәтижесінде Түркістан облысының командасы жеңімпаз атанып, ақтық кезеңге жолдама алды. Барша өнерпазға қаржылай сый-сияпат жасалды.
Елнар ЕЛТАЙ