Ұлы Жеңіс – тек тарихи дата емес, ол миллиондаған адамның тағдырын түбегейлі өзгерткен, қайғы мен үміт қатар өрілген, ерлік пен төзімнің символына айналған қасиетті ұғым. Бұл күн – ерлікке тағзым күні.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз сұрапыл соғыс жылдарында жан аямай күрескен батырларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың қаһармандығы мен табандылығы Тәуелсіз еліміздің рухани тірегіне айналды», – деп атап өтті. Президент сондай-ақ бүгінгі ұрпақтың парызы бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге құрмет көрсетіп, олардың ерлік жолын насихаттау екенін ерекше атап айтты.
Қанмен келген Ұлы Жеңіс жолы – 1 418 күн мен түнге созылған ауыр сынақ. Кеңес Одағы бойынша 27 миллионнан астам адам қаза тапты. Қазақ жерінен майданға 1,2 миллион азамат аттанды. Олардың жартысына жуығы оралмады. Бұл – қазақтың әр шаңырағында бір жара, әр жүректе өшпейтін із.
Сол алапат жылдардың куәсі, Отан қорғау жолында от кешкен жауынгерлердің бірі – менің әкем Таңат Мамырайымұлы Каринов еді. Біз, оның балалары соғыс көрген жоқпыз. Бірақ әкеміздің тым сараң, санаулы ғана әңгімелерінен, темірдей тәртіп пен сұсты қатаңдығынан, аяғындағы жараның жазылмай қалған тыртығынан, әрбір 9 мамырда көшелерге жаңғырып таралатын, 1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдығына арналып Владимир Харитоновтың сөзіне жазылған Давид Тухмановтың:
«День Победы!
Как он был от нас далёк...
Как в костре потухшем таял уголёк...», –
деген әнін тыңдап, әкеміздің жанарынан үнсіз сырғып түскен мөлдір жасынан уақытты еңсеріп, өшпестей болып санаға сіңген естеліктің жасы екенін түсініп, біз соғыстың салмағын, оның жан дүниесіне салған жарасын, жеңістің шексіз құнын сезіндік... Сол бір көз жасы бізге үнсіз-ақ бар шындықты айтып беретін: окоп иісі сіңген шинельдің салмағын, күн демей, түн демей атылған оқ пен жарылған снарядтар арасындағы үрейлі үнсіздікті, қайтып келмеген достардың өкініші мен хабарсыз кеткен есіл азаматтардың зілді мұңын көз алдымызға елестететінбіз.
25 жылдан астам уақыт өтті, әкеміз арамызда жоқ. Бірақ әр Жеңіс күні жақындағанда, бұл ән менің жүрегімде қайта жаңғырып, көзіме еріксіз жас үйіреді. Бұл әнді мен көз жасымды төкпей тыңдай алмаймын. Ол мен үшін тек музыкалық шығарма емес, әкемнің үнсіз әңгімесі, соғыстың жан дүниесіне салған жарасы, тірі қалғандардың ішкі күресі, өмірге деген алғысы деп қабылдаймын. Біз бұл Жеңістің бағасын білдік. Ол – миллиондардың жанымен, біздің әкелеріміздің қасіретімен келген Ұлы Жеңіс. Естелікпен өмір сүретін жүрек – бұл тарихи кезеңді мәңгілік есте сақтайды.
Әкем 1916 жылы Ақмола облысы Атбасар өңірінде дүниеге келген. Дәулетті отбасынан шыққанымен, әкесі Мамырайым ірі бай ретінде қуғындалып, жер аударылған. Тағдыр оны бала жасынан-ақ үлкен өмірдің қиындығымен бетпе-бет кездестірді. Балалар үйінде тәрбиеленіп, жеті жылдық мектепті аяқтаған соң педтехникумға түсті. 1936 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста Владивосток қаласында шекарашы болып әскери борышын өтеді.
Ұлы Отан соғысы басталған соң 1943 жылы Красноармейск әскери округінен майданға аттанды. Беларусь майданы құрамында шайқасып, Минск пен Варшаваны фашист басқыншыларынан азат етуге қатысты. Оның жауынгерлік жолы Польша, Украина жерін де қамтыды. Әкем «Минскіні алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен наградталған. Соғыстан кейін тағы екі жыл Польша мен Украинада қалып, соғыс зардаптарын жою жұмыстарына қатысты. Аяғынан жарақат алғанына қарамастан, госпитальдан кейін қайта қатарға қосылып, тек 1947 жылы елге оралды.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы бір сөзінде:
«Ел үшін еткен еңбек елеусіз қалмайды. Нағыз ерлік – елге қызмет ету!» деген еді. Менің әкем – дәл сондай ерлікті өмірімен дәлелдеген тұлға.
Соғыстағы ауыр жағдайларды еске алғанда жазушы Константин Симоновтың мына сөзі еріксіз ойға оралады:
«Жеңіс жай ғана нәтиже емес, ол – миллиондаған тағдырдың күресі, көз жасы мен төгілген қаны арқылы келген қасиетті ұғым».
Ал ақын Жұмекен Нәжімеденов соғыс жылдарының салмағын былайша сипаттайды:
«Қан кешіп жүріп күндіз-түн,
Қанатты үміт жетелеп,
Жауына қарсы жұмылды,
Бүкіл халық, бүтін ел».
Бұл шумақтар – әкем сияқты батырлар өмірінің поэтикалық айғағы.
Әкеміз соғыстан кейін елге оралған соң туған жерінде ұстаз болып еңбек етті. 1976 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін ауыл мектебінде балаларды оқытып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге атсалысты. Бірақ оның ұстаздық жолы жай ғана мамандық емес, өмірлік миссияға айналды. Таңат Мамырайымұлы үшін әрбір бала – елдің ертеңі, ұлттың болашағы еді. Ол өз балаларына ғана емес, бүкіл ауылдың балаларына бірдей қарап, білім мен тәрбие беруде әділеттілік пен шынайылықты ұстанды. Оқушыға қатаң талап қойса да, әрбір баланың ішкі әлеміне үңіліп, олардың болашағына сеніммен қарады.
Әкеміз ауыл балаларына өмірге жол сілтеді. Қай үйдің баласы оқуға шамасы жетпей тұрса, соның жағдайын сұрап, қолынан келгенше көмек көрсететін. «Баланың болашағы – ауылдың болашағы» деген қағиданы берік ұстанып, оларды үлкен өмірге дайындауға бар күшін салды.
Ол өте шыншыл, әділетті, турашыл адам болатын. Ол өтірік пен жалған сөзге төзбейтін, ешкімге жағынуды білмейтін, өз ұстанымынан айнымайтын адам еді. Мінезіндегі осы тектілік пен тазалық оны ауылдың ақылман қариясына, үлкен-кішіге үлгі болар тұлғаға айналдырды. Киімі мен жүріс-тұрысының өзі ұқыптылық пен ішкі мәдениеттің көрінісі болатын. Жұбайы – анамыз Айтжан екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірді. Олар отбасында тек тәртіп пен еңбекті емес, рухани тазалық пен елге адал қызмет етудің маңызын да ұқтырды. Үйдегі тәрбиенің діңгегі – Отанға деген сүйіспеншілік, қарапайымдылық, еңбексүйгіштік болатын. Әкеміздің әр сөзі, әр ісі өнеге еді.
Қазір де ауылдың үлкендері мен кейінгі ұрпақ Таңат Мамырайымұлын ерекше ілтипатпен еске алады. Оның есімі тек отбасымыздың ғана емес, бүкіл ауылдың жүрегінде жатталған. Өйткені ол халқына шын қызмет еткен, сөзі мен ісі бір жерден шыққан нағыз азамат еді.
Бүгін Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біз оның асқақ бейнесіне тағзым етіп: «Жеңіс үшін рақмет! Мәңгілік даңқ! Мәңгілік тағзым!» деп шексіз алғысымызды білдіреміз.
Оның ерлігі де, еңбегі де ұмытылмайды, жүректерде жаңғырып, ұрпаққа өнеге болып қала береді.
Шолпан КАРИНОВА,
«AMANAT» партиясының хатшысы