Сол бір қанды қырғында азаматтар майданға шығып, бейбіт өмір үшін жанын салып күресті. Бүгінде соғысты көзімен көрген батырлардың санаулысы әлі де арамызда ғұмыр кешіп келеді. Соның бірі – Қамбар Сәрсенов. Ғасыр жасаған қария қазір Алматы қаласында тұрады.
Қамбар Сәрсенов – 1924 жылы 25 қазанда Қостанай облысы Сарыкөл ауданына қарасты Күнтимес ауылында дүниеге келген. Батыр 1942 жылы әскери бөлімге шақырылып, кейін Түмен қаласындағы үшінші жеке оқу бригадасына аттанды. Сегіз ай бойы сонда қызмет еткен Қамбар Сәрсенов 19 жасында майдан шебіне жол тартады. Қан майданда талай сынақтан өткен Қамбар Әмірұлы Беларусь, Латвия және Литва жерлерін жаудан азат етуге қатысып, кейін Шығыс Пруссиядағы Кенигсберг қаласын алу операциясында ерлік көрсетті. Жеңіс күнін дәл осы қалада қарсы алған жауынгердің дивизиясы жау қаупі әлі толық сейілмегеніне байланысты шепті күзетуге қалдырылады.
Ол 1943 жылдың маусымында Калинин майданының 4-соққы әскеріне қарасты 19-атқыштар полкінің құрамында ұрысқа қатысады. Кейін 1-Балтық және 3-Беларусь майдандарының алдыңғы шебінде жүріп, фашистік басқыншыларға қарсы шайқастардың бел ортасында жүрді.
1944 жылдың 4 ақпанында жарықшақты оқ жас сарбаздың кеудесін тесіп өтіп, жауырын мен қабырғасына зақым келтіреді. Деректерге сүйенсек, дәрігерлер жараның көлемін 100 рубльдік монетаға теңеген. Жарақатымен күрескен батыр үш ай бойы госпитальда емделіп, сол жылы 12 мамырда сапқа қайта оралады. Бұл жолы ол 51-атқыштар дивизиясының құрамындағы 30-барлау ротасына жіберіліп, соғыс аяқталғанша сол бөлімде ерлікпен қызмет етеді. Соғыс алаңында екі рет жараланса да, бұл жолғысы аса ауыр болмаған.
Қамбар Сәрсенов жастық шағында от пен оқтың арасында жүріп жауға қарсы шайқасқан ардагер. Ол – төзім мен ерліктің не екенін ұрпақ алдында ісімен дәлелдеген жан. Елінің бостандығы мен тыныштығы үшін күллі ғұмырын құрбан еткен батырдың ерлігі – жауынгерлік рухтың үлгісі.
Соғыс аяқталған соң Қамбар Сәрсенов алдымен Польша жерінде, кейін Украинадағы Пирятин қаласында қызметін жалғастырды. Алайда 1945 жылы 19 қыркүйекте КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің Сталин қол қойған қаулысымен үш мәрте жараланған жауынгер ретінде әскер қатарынан ресми түрде босатылады.
1947 жылы Қамбар Әмірұлы аудандық комсомол комитетінде екінші хатшы қызметін атқарғаннан кейін Алматы қаласындағы КСРО ІІМ-нің үш жылдық офицерлік мектебіне оқуға қабылданып, курсант атанды. Ардагер азамат Екінші дүниежүзілік соғыстан аман оралып, туған ауылына алғаш болып аяқ басқан жауынгерлер қатарында болды. Жастайынан жауапкершілігімен көзге түскен Қамбар Әмірұлын Зонколь аудандық комсомол комитеті екінші хатшы лауазымына тағайындайды. Осы қызметте бір жарым жыл еңбек еткеннен кейін Алматыдағы КСРО ІІМ-нің жалғыз оқу орны Алматы милиция мектебіне оқуға түседі. Үш жылдық курсты үздік тәмамдағаннан соң Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратында қызмет жолын жалғастырды.
Ардагер кәсіби салада ғана емес, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласа білді. Ол Қарағанды облыстық ІІБ-не екі мәрте іссапармен жіберіліп, қызметін жоғары жауапкершілікпен атқарды. Біршама жылдар бойы ІІМ-де басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарған Қамбар Сәрсенұлы зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып отыра алмады. Нәтижесінде, 1980 жылдың наурызында зейнетке шыққан уақыттан бір ай өткен соң Алматы қалалық энергетика жүйесіне қызметке қабылданды. Бұл мекемеде 18 жыл бойы еңбек етті.
Батырдың отбасына келсек, ерлі-зайыптылар екі ұл мен бір қыз тәрбиеледі. Алайда өмірдің қатал сынынан өткен Қамбар Сәрсенов екі ұлынан да айырылып қалды. Кейіннен ол артынан қалған немерелерін сапалы біліммен қамтамасыз ету жолында барын салып, қолынан келгенін аямады.
Қамбар Сәрсенов – тәртіп пен жауапкершілікті өмірлік қағидасына айналдырған азамат. Ол ерен еңбегі үшін І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ», сондай-ақ «Қызыл жұлдыз», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» орден-медальдармен марапатталған. Бейбіт өмір мен тәртіптің баянды болуына сүбелі үлес қосқан Қамбар Сәрсеновтің есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы