Ал 270 мыңнан астам жауынгердің тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Еліміз соғыс жылдары майданның қуатты арсеналы бола отырып, армияны әскери қажеттілікпен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарды десек болады. Жауға қарсы атылған әр 10 оқтың 9-ы Қазақстанда жасалды. Жеңіске қосқан үлесіміз патриоттық сипатта рухани-мәдени тұрғыдан да майдангерлерге рух пен жігер берді. Қазақтың күміс көмей, жезтаңдай әнші-өнерпаздары от пен оқтың ортасында майдан шебін жырға бөледі.
Еліміздің мәдениеті мен руханияты, тарихы мен ғылымы өзіндік даму баспалдақтарынан өтті. Ұлттық өнеріміз жаңаша түлеп, жан-жақты байи түсті. Отанды сүю, ерлікке құрмет, достыққа ізет секілді шығармашылық сипаттағы алуан жанрға жан бітіп, сан қырлы өнер туындылары дүниеге келді. Ашық ақпарат көздерінде «1942-1943 жылдары Қазақстанға майданнан 16 делегация, ал 1944 жылы 6 делегация келіп кетті. Қазақ артистері майданның алғы шебінде 2 мыңға жуық концерт берді. Соғыс жылдары Қазақстанға туысқан республикалардан 13 ғылыми мекеме, 19 театр, 30-дан астам жоғары оқу орны көшіп келді. Аса қиын жағдайларға қарамастан 1941 жылы Алматыда шет тілдері институты, 1943 жылы Шымкент құрылыс материалдары технологиялық институты, 1944 жылы Алматы қыздар педагогикалық институты ашылды. Республикамызға уақытша 90 жазушы, «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары, 23 театр мен музыкалық коллективтер жеңіс үшін еңбек етіп қана қоймай, қазақтың ұлттық өнерін кәсіби шеберлікпен байытып, жан-жақты дамуына септігін тигізді. Орталық радио тәулігіне 18 сағат хабар таратып, КСРО халықтарының 70 тілінде, 28 шетел тілдерінде сұрапыл соғыстың барысы туралы ақиқатты хабарлады» деген деректер кездеседі.
Соғыс жылдары Қазақстанның өнері мен мәдениетінің өркендеуінде 1941-1945 жылдары жасақталған мәдени делегацияның орны бөлек, арыны ауқымды болған екен. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, публицист-журналист Жанболат Аупбаевтың «Майдан шебіндегі ән» деген мақаласында 1942 жылдың наурыз айында Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Мәдениет басқармасының бастығы болып тағайындалған Серғали Еспенбетұлының мәдени делегация туралы айтқан тамаша естелігі бар. Серғали Еспенбетұлы ел еңсесі түсіп, ер етігімен от кешкен отты жылдарды қазақтың талантты өнер шеберлерінің басын қосып, тылдан майданға барып өнер көрсететін театр труппалары мен концерт бригадалар құрамын жасақтауда ерен еңбек еткен-ді. ХХ ғасырдың 40-60-жылдары республикамыздағы Экономика институтының тұңғыш директоры қызметін атқарған, ҚазПи-дің ректоры атанып, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болған Серғали Еспенбетұлы – ел тарихына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға. Ол кісінің тылдағы өнерді өрге сүйреп, композиторларды халықтың рухын көтеретін патриоттық әндер жазуға, жас таланттарды тауып тәрбиелеуде, ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің қарыштап қанат жаюына қосқан үлесі зор.
Аталмыш мақалада Серғали Еспенбетұлы соғыс жылдары жасақталған мәдени делегацияға үш негізгі міндет жүктелгені жайлы айтады. «Бірінші, тылдан майданға барып өнер көрсететін театр труппалары мен концерт бригадаларын жасақтау, екіншісі – астанадағы және облыс орталықтарындағы халық таланттарын патриоттық шығармалар жаздыртуға үндеп, соған нақты басшылық жасап отыру, үшіншісі – соғыс жағдайына қарамастан республиканың түкпір-түкпірінен мыздан жаңа өнер отауларын ашып, болашақ лайықты кадрлар тәрбиелеу мәселесі», – дейді Серғали Еспенбетұлы. Жанболат Аупбаев Серғали Еспенбетұлының өзіне ұсынған үлкен папка жайлы «1941-1945 жылдардағы Қазақстан өнер шеберлерінің тыл мен майданда атқарған жанқиярлық жұмыстарының шежіресін көргендей болдым», – деп жазады. Сол соғыс жылдарындағы жанқиярлық жұмыстар шежіресінде «Серғали Еспенбетұлы сынды тұлғалардың тікелей араласуымен республикамызда 14 мәдени концерт бригадасы жасақталып, алдыңғы шепке өнер көрсетуге жіберілгені» туралы тың ақпараттар көп кездеседі. Серғали Еспенбетұлының қаттап қағазға түсірген естелігінде мәдени делегацияны жасақтап, өнерпаздарды ұйымдастырудың басы-қасында алғашқылар сапында Шара Жиенқұлова, Роза Бағланова, Жүсіпбек Елебековтердің болғаны жайлы жазылыпты. Майданның алғы шебінде тұңғыш рет 1941 жылдың желтоқсаны мен 1942 жылдың ақпаны аралығында Мәскеу, Ленинград маңындағы әскери бөлімдерді аралаған бұл өнерпаздар табысты өнер көрсетіп, Алматыға оралады. Бұдан кейін 1942 жылдың мамыр айында майданға барып концерт қоятын тағы бір жаңа бригада жасақталып, ол топта күміс көмей, жезтаңдай өнер тарландары Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Жамал Омарова, Үрия Тұрдықұлова, Елубай Өмірзақов, Әнуарбек Үмбетбаев, опера әншісі Нина Куклина және республика үкіметінің жауапты қызметкерлері де майдан шебіне аттанған екен. Күләш Байсейітованың әуелете салған «Гәкку» әні, 19 жастағы Роза Бағланова, Рашид Мұсабаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Люция Төлешова, Суат Әбусейітовтердің орындауындағы соғыс әндері жаралы солдаттың жанына дауа, дертіне шипа, жүрегіне өшпес сыр болып құйылып, жеңісті жақындата түскені сөзсіз. Соғыс жылдары туған «Жас қазақ», «Соғыстың соңғы көктемі», «Өлім мен өмір белдесті», «Ленинградтық өренім!», «Москваға», «Аттан, батыр ұрпағым!», «Майданға хат», «Отан әмірі», «Қарлығаш», «Тос мені, тос», «Жорық», «Алынбас қамал», «Солдат шинелі», «28 батыр», «Жеңіс күні», «Катюша», «Кестелі орамал» сынды көптеген соғыс туралы әндер кескілескен ұрыс тоқтаған бейбіт күндерде де елге ұран болып әлі де шырқалып келеді.
Қазақ өнері мен мәдениеті сән-салтанаты жарасып, одақтас республикаларды соғысқа дейін-ақ мойындатып қойғанын тарихтан білеміз. Тамыры терең төлтума өнер төркінін 1936 жылғы Мәскеуде өткен өнер мен мәдениеттің онкүндігі советтік тәкәппар топқа түгел танытқанын мақтана айтсақ артық емес. Тұтастай қазақ тұрмысы мен салт-дәстүрін, ойын-сауығы мен ән-күйін шырқау биікке көтеріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген 10 күндік туралы Тұрсынбек Кәкішұлы «Қазақ әдебиетіне» «1936 жылғы онкүндік қазақ мәдениетін, Қазақ елін, қазақ халқын әлемге танытудың алғашқы бастамасы еді... Сондықтан да оның тарихтағы рөлі өте зор» деп жазды. Шынында да, 1936 жылғы декада ұлтымыздың өнері мен мәдениетінің даму бастауындағы қазаққа бұйырған үлкен сый, тамаша мүмкіндік еді. Отызыншы жылдардағы аштық, қуғын-сүргін, тауқыметті тағдыр қазақты тұралатып тұрса да, тарихы терең, діңі берік, өресі биік төл өнерімізді шашпай-төкпей таныта білу – табандылық пен қайсарлықтың, ұлттық мәдениет пен салт-санаға деген жанашырлықтың өшпес үлгісі болып, әлі талай жаңғыратыны анық.
1941-1945 жылдары тек Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының көркемөнер бригадалары мен оның облыстық филиалдары өз өлкеміздің ірі өнеркәсіп орындарында, колхоздары мен совхоздарында, госпитальдарда 30 мыңнан астам концерт қойғанына тарих куә. Қазақ ССР халық ағарту комиссариатының жанындағы өнер комитеті балалардың өнер шеберлерімен кездесулер және өнер отауларымен тікелей байланыс жасау шараларын қолдап, өрістеуіне көмек көрсетуі музыкалық-эстетикалық тәрбие жұмысының жандануына жол ашты. 1940 жылдардың аяғында республика мектептерінде 22 225 үйірме жұмыс істеп, оларға 342 716 оқушы қатысты. Соғыс жылдары Алматыға көшіп келген Киевтің опера театры орыстың және батыстың классикалық музыкаларымен бірге, кеңестік сазгерлер мен қазақстандық сазгерлердің де төл шығармаларының дамуына зор үлес қосты. 1942 жылы атақты Л.Ауэрдың шәкірті И.Лесман шекті аспаптар квартетін ұйымдастырып, Алматының концерт залдары мен жұмысшы клубтарында, әскери бөлімшелер алдында өз өнерлерін көрсете бастады. Сөйтіп, бұл квартеттің ұйымдастырылуы қазақтың камералық-аспаптық музыкасын дүниеге әкелді.
Отты жылдары тотыдай түрленіп, түлеген төл өнеріміздің қайталанбас қайратты, қайсар рухты озық шығармалары 1944 жылы Ташкентте Орта Азия мен Қазақстан халықтарының музыкасына арналған ІІІ декадасында ұсынылды. Мұнда көптеген ән тұңғыш рет шырқалды. Қазақтың біртуар ақын-жазушыларының жыр-дастандары қазақ әдебиетін жанрлық жағынан байыта түсті. От пен оқ жауған сұрапыл соғыс жылдарында туған өнер туындылары – Отан қорғау жолында қыршын кеткен талай боздақтарымызға қойылған ескерткіш болып халық жадында мәңігілік сақталады...
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ