Ұлттық кино – ұлттың жады. Әсіресе, соғыс тақырыбын арқау еткен фильм­дер – тарихи жадымыздың бейнелі шежіресі.
Ұрпақ жадында жаңғырар ұлы майдан
255
оқылды

Ұлттық кино – майданда ерлікпен қаза тапқан батырлардың есімі мен жанқиярлық ерлігін жас ұрпақ санасында жаңғыртатын жол. Соғыс туралы фильмдер кеңестік кезеңнен бастау алып, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта да түсірілді. 

Киносарапшылар соғыс тақырыбындағы фи­льмдерді екі кезеңге бөліп қарастырады. Алғашқысы – Тәуелсіздік алғанға дейінгі жылдар. «Соғыс туралы алғашқы фильмдер соғыс жүріп жатқан жылдардан бастап түсіріле бастады. «Боевые киносборники» дейтін 1941-1942 жылдары осы бағытта жарыққа шыққан туындылар топтамасы болды. Мәселен, сол жинаққа тылдағы еңбеккерлер жайлы «Ақгүл», майдангерлердің ерлігі туралы «Песнь о великане» картиналары енді», – дейді кинотанушы Баубек Нөгербек. 

«Боевые киносборники» топтамасының тізіміне енген туындыларға кеңестік белді режиссерлер мен артистердің еңбегі сіңді. Алғашқы картина 1941 жылы 2 тамызда жарыққа шықты, яғни режиссер Сергей Герасимовтың үш новелласы: «Встреча с Максимом», «Сон в руку», «Трое в воронке». Аталмыш жинаққа енген картиналардың мазмұны көбіне-көп патриоттық сезім ояту, майдангерлердің ерлігін ұлықтау, қара жамылған халыққа қолдау көрсету, алабұртқан кезеңде елге жеңіс үмітін сыйлау сияқты адами сезім мен ұлттық рухты басты назарда ұстады. 

«Ал Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған кейін соғыс жайлы фильмдер көбіне майдан шебінде болған, соғысты өз көзімен көрген батырлардың естеліктері мен жазбаларына негізделіп түсірілді. Мәселен, Бауыржан Момышұлы, Мәжит Бегалиннің қолтаңбасы қалған туындылар – тарихи жәдігерлер десек болады. Бұл уақытта тұлғалық, биографиялық картиналар, сондай-ақ ана мен бала, қара жамылған, қара қағаз алған шеше, соғыстан кейінгі жылдары қара еңбекке араласқан шаруалар тақырыбы экранизацияланды», – дейді кинотанушы Ержан Жұмабаев. 

Екінші дүниежүзілік соғысы аяқталған соң ЦОКС құрамында болған басты студиялар өз елдеріне қайтып, «Алматы» киностудиясының меншігінде көптеген техника және кино өндірісіне қажетті лабораториялық жабдықтар қалды, сөйтіп ұлттық киностудия енді өзінің дербес қызметін бастады. Дейтұрғанмен, кинотанушы Баубек Нөгербектің айтуынша, соғыстан кейінгі жылдары кино саласында дағдарыс болды, әсіресе кино тақырыбындағы фильмдер аз түсірілді.

«Бұл кезеңдегі қазақ кино өндірісіндегі алғашқы көркемсуретті туынды «Абай әндері» (1945 ж.) болды. Бұл фильмнің сценарийін қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов жазды, режиссері – Григорий Рошаль. Картинада қазақ театр өнерінің саңлақтары Қалибек Қуанышбаев, Шәкен Айманов, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов басты рөлдерді сомдады. «Абай әндері» жарыққа шығуы қазақ киносының дамуында айрықша орын алса да, соғыстан кейінгі кезеңде кино өндірістің қарқыны бәсеңдеп қалды. Алты жыл ішінде бар болғаны екі көркемсуретті фильм түсірілді. Араға үш жыл салып, 1948 жылы соғыстан кейінгі кезеңді сипаттайтын режиссер Ефим Аронның «Алтын мүйіз» фильмі жарыққа шықты. Бұдан соң 1952 жылы «Жамбыл» (реж. Е.Дзиган) картинасы көрер­менге жол тартты. Қазақтың ұлы жыршысы Жамбыл Жабаевтың өмір жолының ең елеулі кезеңдерін қамтитын шығармада соғыс тақырыбы жанама түрде қамтылады. 

Соғыс тақырыбында түсірілген үлкен картина – режиссер Александр Карповтың «Ана туралы аңызы» («Сказ о матери»). 1963 жылы жарыққа шыққан терең туынды соғыста баласынан айырылған ана бейнесін сәтті ашады. Басты кейіпкер пошташы, яғни басқа да жақыны қайтқан әйелдерге қара қағаз тасушы болады. Бұл туынды және осы аталған туындылар соғыстың өзін емес, соның зардабын шеккен кейіпкерлердің өмірін, ішкі толғанысын, күйзелісін, күресін көрсетті», – дейді кинотанушы.

Жеңісті ұлықтаймыз деп соғысты дәріптеп алмауға тиіспіз

Қазақстандық соғыс фильмдеріндегі басты тақырып – қаһармандық, яғни тарихи тұлғалар мен олардың жиынтық бейнелері жайлы болды. Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова туралы бірқатар деректі және көркем фильмдер түсірілді. 

«Режиссер Мәжит Бегалин – соғыс ардагері, 1941 жылы оның соғысқа аттанып, ауыр жарақат алған елге қайтқанын білеміз. Сол үшін де Бегалинге соғыс тақырыбы жақын болды. 1967 жылы режиссердің «Ел басына күн туса» («За нами Москва») фильмі түсірілді. Бұл картинаға Бауыржан Момышұлының Панфилов дивизиясының ерлігі жайлы жазған «За нами Москва» шығармасы арқау болды. 1969 жылы Бегалиннің «Мәншүк туралы ән» (Песнь о Маншук) атты туындысы жарық көрді. 1985 жылы батыр қыз Әлия Молдағұлова туралы режиссер Б.Шамшиевтің «Мергендері» түсірілді», – дейді Б.Нөгербек. 

Бұл есімдер – қазақ халқының жүрегінде мәңгі өшпейтін ерліктің символы. Олардың жанқиярлық күресі мен Отанға деген адалдығы тек тарих бетінде ғана емес, кино өнерінде де өшпес із қалдырды. Соғыс тақырыбындағы фильмдер – ерлік пен рухтың үнсіз шежіресі. Кеңестік кезеңнен бастап Тәуелсіздік жылдарына дейін экранға шыққан туындылар батырлардың болмысын паш етуге және сол арқылы ұрпақ жадында жаңғыртуға бағытталды. Алайда соңғы жылдары, тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта кейбір туындыларда жанама түрде көрсетілген болмаса, соғыс тақырыбына арналған фильмдер түсірілген жоқ. 

«2016 жылы шыққан Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі негізінен жиырмасыншы ғасырдың трагедиясын көрсетті, соның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы оқиғалар болды. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Мәншүк Маметова жайлы телесериалдар түсіріліп бастады. Әйтсе де, бұл бағытта толықметрлі картиналар түсірілген жоқ. Бұған бірнеше себеп бар. Алдымен соғыс және оның зардабы – ауыр тақырып. Бұл бағытқа тереңдеу әсте қиын. Сондай-ақ тарихи фильмдер қыруар қаражатты қажет етеді. Және бас­тысы – мұның саяси астары бар, жеңісті ұлықтаймыз деп соғысты дәріптеп алмауға тиіспіз. Бұл екі арада сондай нәзік сызық бар», – дейді Б.Нөгербек. 

Ержан Жұмабаев тәуелсіздік жылдары соғыс тақырыбына киногерлердің қызығушылығы төмен­дегенін айтады. 

«Өкінішке қарай, қалай десек те соғыс тақы­рыбында фильмдер санаулы ғана. Кеңес кезеңінде болсын, егемендік алған жылдары болсын бұл бағыт­та көп фильм түсірілген жоқ. Режиссер Талғат Теме­новтің соғыс кезіндегі қыздардың ерлігін бейнелейтін «Қара қыз», Әди Шәріпов туралы «1941 жылдың көктемі» сынды фильм­дер бар. Әйтсе де, бұл тақырып қазіргі заманауи көзқараспен аз зерттеліп жатыр. Режиссерлер мен сценарий авторларының қызығу­шылығы аз», – дейді кино­танушы. 

Соғыс тақырыбы – қашанда жүрекке салмақ салатын, бірақ ұлт санасын серпілтетін күрделі арна. Бір кезде экраннан батырлар бейнесі төгіліп, Бауыржан мен Мәншүктің ерлігі көрерменнің рухын көтеріп жатса, бүгінгі кинода мұндай үн сирек естіледі. Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде отты жылдарды суреттейтін көркем фильмдердің жоққа тән болуы – ойлантарлық жағдай. Не себеп? Шығармашылық батылдықтың жетіспеуі ме, әлде идеологиялық сақтық па? Соғысты мадақтамай, тарихты сөйлету қиын ба? Көкейде көп сауал... Бұл сауалдардың жауабы уақыт еншісіне қалмақ...

Айдана НҰРМҰХАН