Соғыс басталғанда ол небәрі 18 жаста еді. Өз еркімен сұранды. Әкесінің «халық жауы» емес екенін дәлелдегісі келген өршіл рух бар еді бойында. Кіп-кішкентай қызды ерте есейткен де осы бір қатал тағдыр болатын. Жоғары оқу орны табалдырығын аттар-аттамастан сұрапыл соғыс басталғанды.
Бүгінгі әңгіме қазақтың тұңғыш радист қызы Шағила Құсанова жөнінде. Шағила апаның туған келіні – белгілі скрипкашы, Қазақстанның Халық әртісі Айман Мұсақожаева. Айман апай бізге Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында енесі туралы әсерлі естелігін бөлісті. Апайдың айтуынша, енесінің тағдыры оңай болмаған.
Көпбалалы отбасында дүниеге келген Шағила Құсанованы ерте есейткен дүние – анасының өмірден ерте өтуі мен әкесі және туыстарының көбі «халық жауы» ретінде ұсталып кетуі. Сөйтіп, Шағила апа балалар үйінде тәрбие алуға мәжбүр болды. Жоғары сыныптарда, оқудан тыс уақытта әртүрлі жұмыс істеп, қаражат жинап, 1940 жылы әйгілі тілші-ғалым Сәрсен Аманжоловтың шақыруымен С.Киров атындағы мемлекеттік университетіне, Тарих және филология факультетіне келіп түседі. Алайда сол жылы соғыс басталып кетеді. Өз еркімен сұранып майданға аттанады. Ташкенттегі екі айлық радистер курсын бітіре сала 1941 жылы желтоқсан айында десанттық әскер құрамында Керчь қаласын азат ету операциясына қатысады. 1942 жылы мамыр айынан бастап Ш. Әкімбайқызы 14-гвардиялық атқыштар дивизиясы, яғни топбұзар дивизиясының құрамында болып, Дон майданы, Сталинград, Харьков түбіндегі шайқасы, Украина, Молдавия жерлерін азат етуге, Висла Сандомир плацдармын алуға Румыния, Чехословакия, Польша және фашистік Германияның өз территориясын азат етуге қатысады. Осылайша, қайсар мінез иесі «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» және тағы басқа да наградалармен марапатталған. Сөйтіп, жас қаһарман қыз өмір мен өлім айқасқан небір күрделі жағдайдың, майдан шындығының куәсі болды.
Айман апай радист енесінің шаңырақта ешқашан соғыс тақырыбын қозғамағанын айтады.
«Енем үйде соғыс туралы жақ ашпайтын. Өзі сондай мейірімді кісі еді. Мен өнер адамымын, скрипкада ойнаймын ғой. Сонда енем мені асүйге кіргізбей, «Қолыңды абайла, сенің қолың елге керек» деп үнемі айтып отыратын. Үйдегі соғыс ардагерінің өткен өмірі туралы ұл-қыздарынан естіп білгем. Соғыс аяқталған соң университеттегі оқуын одан әрі жалғастырыпты. Солай 1949 жылы Тарих факультетін өзі қалағандай тәмамдап, аспирантураға түскен. Ал 1952 жылдың қыркүйек айынан бастап университет қабырғаларында педагогтық қызмет атқарды», – дейді Айман Мұсақожаева.
Шағила Құсанованы Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры, қазақ ұлтының мақтанышы Бауыржан Момышұлы өмірінің соңына дейін сыйлап өтсе, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов «Майданда батыр, еңбекте ер» деген еңбегін Ш. Әкімбайқызына арнаған. Шағила Құсанованың келіні Ұлы Отан соғысының ержүрек батырлары мен енесінің арасында ерекше қарым-қатынас болғанын айтады.
«Кеңес Одағының Батыры, даңқты жауынгер Бауыржан Момышұлы мен енемнің сыйластығы өмірінің соңғы сәттеріне дейін жалғасты. Асқар екеуіміздің үйлену тойымызға Рахымжан Қошқарбаев пен Бауыржан Момышұлы келіп, батасын беріп еді. Біздің осындай бақытқа кенелуіміздің бірден себебі, әрине енемнің қан майданда Отаны үшін қан мен тер төккені. Майдандағы радистің қызметі оқты қайда ату керек, қай жерге бомба тастау керегін айтып отыру ғой, міне осындай ең жауапты істерді атқарды. Соғыста радио операторларының сымдарын тістерімен қысып, үздіксіз жұмысын қамтамасыз еткені туралы оқиғалар да болыпты. Осы жұмысы үшін оған Сталиннен үш рет жеке алғыс берілген. 2003 жылы ол Мәскеуде Жеңіс парадына қатысты», – деп еске алады Қазақстанның Халық әртісі Айман Мұсаходжаева.
Соғыстан аман келген қаһарман қыз, әлем танитын дана ақын Абай Құнанбайұлының өзімен, әулетімен жақын қарым-қатынаста болған көпес, меценат Бекбай Байысұлының ұлы, майдангер Асылғазы Бекбайұлымен шаңырақ көтереді.
«Анам өз естеліктерінде «Менің өмірім ертегі сияқты. Бір адамның басына жетіп-артылатын түрлі қиындықты да, қызықты да көрдік. Қанша рет өліп-тірілдім. Бірақ адамның жаны сірі болады екен. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жеткен өледі» деген осы шығар. Бес жасымда анамнан айырылып, аштан өлуге шақ қалып, шалажансар жатқанымда да адамдар тауып алып, қатарға қосыпты. Төрт жыл бойы соғыста да жеңіл-желпі жарақат алып, сап-сау елге оралдым. Мүмкін, жаратқан Алла аяушылық танытып, мені қолдаған шығар. Қанша қиындық көрсем, сонша жақсылық көрдім» деп отыратын. Бізге де анамыздың осы қасиеті ерекше әсер етті. Сонша жыл қиындық көрсе де, мойымай, сынбай, өмірге тік келіп, тік кетті» дейді Айман апай.
Айман Мұсақожаеваның айтуынша, көпті көрген Шағила Әкімбайқызы Бауыржан Момышұлының тазалығына, қағидатшылдығына, шығармашылығына шаң жуытпай өтіпті. Батыр да майдангер қызды ерекше қадірлеген. Ғалым, соғыс ардагері деп төрге шығарған. «Анамыз біз үшін ғана емес, бүкіл қазақстандық үшін де нағыз батыр» дейді Айман Мұсақожаева.
Анасы соғыс бітіп, елге оралғаннан кейін де бейбіт өмірдің батырына айналғанын айтады. Соғыс бітіп, оқуын жалғастырған қаһарман қыз ғылыми салада да белсенді болып, білім қууын тоқтатпаған. «Қоғамдық ұйымдар», «Кәсіподақ ұйымы», «Әйелдер ұйымы», «Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс», «Абайдың пәлсапалық көзқарасы», «Алаш ардагерлері» сынды тағы басқа тақырыптарда жазған еңбектері жарық көрді. Сондай-ақ Қазақ ССР «Білім» журналында, «Жетісу», «Казахстанская правда» газеттерінде, «Қазақ тарихы» журналында, ҚазМҰУ (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) хабаршысының тарих сериясында, Қазақ ССР ғылым Академиясының «Хабаршы» жинағында, Қазақстан Республикасы Информациялық институтында мақалалар мен жалпы қоғамдық ұйымдар және Алаш қозғалысы жөнінде ірі-ірі еңбектері жиі жарияланып отырған.
«1963 жылы кандидаттық диссертациясын, ал 1978 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шыққанын да естігем. 1980-1990 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. Университеттегі педагогикалық еңбегінің құрметіне 1986 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Қайынатам Асылғазы Бекбайұлы – мәдениет саласында бірқатар лауазымды қызметтер атқарған қайраткер. Ол да Ұлы Отан соғысы ардагері болды. Өкінішке қарай, атамыз осыдан бірнеше жыл бұрын өмірден озды», – деді А. Мұсақожаева.
Қан майданда жаудың бетін қайыруға аянбай ерлік көрсеткен радист, тарихшы-ғалымның жетекшілігімен 30-дан астам аспирант, 7 ғылым докторы дайындалып шықты. Ғылым жолында 6 монография, 100-ден астам ғылыми мақала жариялаған. Осындай ауыр жолдан өткен ардагер 25 рет түрлі мемлекеттік сыйлықпен марапатталды. Оның ішінде Қазақстаннан бөлек шет мемлекеттердің де марапаты бар: Чехословакия, Украина, Ресей. Шағила Құсанова – «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталып, Қазақстанның Жоғары мектебінің құрметті қызметкері және КСРО мен Қазақстанның білім беру үздігі атанды.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ