Сұрапыл соғыс жылдарында жан азығы көңілге медеу еді.
Қан мен қағаз
259
оқылды

Содан ба майданға хат жазып, кітап жіберіп, өздері де оқу-білімге ұмтылды. Кітапханалар да уақытылы жұмыс істеп, жаралы жанға ем болғандай. Қазақстанның жүзге жақын ақын-жазушысы қаламын қаруға айырбастады. Ел ішінде қалғандары ерлік пен өрлікті тел айтып, майдандағы әдебиетті насихаттады. Ал майданда жүргендері оқ пен оттың арасындағы жүрек сөзін қағазға түсіріп, жертөледе қойнындағы кітабын оқыды. 

От пен өлең

Иә, «Ақиқат пен аңыз» кітабында Бауыржан Момышұлының «мен қатал болғаныммен, ұшқалақ командир бол­ғаным жоқ» дегені бар. Даңқты ко­ман­дир солдаттарына ойлануына, жеке қал­уы­на мүмкіндік берген. Содан кейін өзі жер­төлеге түсіп, аяқталмаған кітаптарын оқып, бітірген. Жазушыдан соғыста қан­дай кітап оқығанын сұрағанда Абайды жа­нынан тастамағанын, қазақтың басқа да жазушыларының кітабын оқығанын айт­қан. Бір сөзбен айтқанда, Абайды әр­кім өзінше сүйіп, өзінше түсінетініне көзі жеткен. Одан бөлек, Толстойдың «Соғыс жә­не бейбітшілігі»,  «Севастополь әңгі­ме­лерін», Пушкин мен Лермантовтың әс­ке­ри прозасын, адмирал Нахимовтың, ад­мирал Макаровтың, ағылшын ад­ми­ра­лы Нельсонның кітаптарын парақтаған. 

«Москва түбінде тұрғанда Қазақ­стан­нан алдырып, Шоқан Уәлиханов шы­ғар­маларының ертеде шыққан басылымын оқы­дым. Ал «Абай» романының бірінші кі­та­бы мен қолыма соғыста жүргенде тиді. Өз қолыммен автограф жазып оны Мұ­қан­ның өзі жіберді. Мен оны оқып шы­ғып, Мұқаңа арабша 6 бет хат жаздым. Мұ­қаң менің кітапқа берген бағама разы бо­лып, 3 бет жауап жолдады. Содан соң Сә­бит автограф жазып «Жұмбақ жалауын» жі­берді. Мен оны сонау Қиыр Шығыста жүр­генде оқыған едім. Бұл білетін адам­дардың жібергені. Ал мүлде білмейтін адам­дардан және екі кітап алдым. Олар Омар һаямның өлеңдер жинағы мен Сағ­дидің «Бустан» атты кітабы», – деп жа­зыл­ған «Ақиқат пен аңыз» кітабында.

Майданға қатысқан ақын-жазушылар ара­сында Қасым Аманжолов, Баубек Бұл­қы­шев, Сырбай Мәуленов, Дихан Әбілов, Мә­лік Ғабдуллин, Ілияс Есенберлин, Та­хауи Ахтанов және тағы басқасы бар. Олар­дың отты шығармасы майдандағы жауын­гермен қатар тылдағы еңбек адамы­на да дем берген. 

Осыдан-ақ рухани қарудың күші ба­сым екенін байқаймыз. Мысалы, Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» өлеңі талай қазақ жауынгерінің кеудесінде жеңіс алауын жаққан. Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының бірінші кітабы май­данға жеткенде қосымша күш жеткендей әсері бары білінген. Одан бұрын солдаттар Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін жанына серік еткен. Аталған шы­ғарма ұлттық рухты көтеріп, адамгер­ші­­лікке, отансүйгіштікке үндеген. Ма­хам­бет Өтемісұлының толғауларын да жа­та-жас­тана оқығандар бар. «Қобы­лан­ды», «Алпамыс», «Ер Тарғын» сияқты эпостық жыр­ларын жатқа соққан. «Орта толсын» де­гендей, өзара жыр-қымызын сапырып, бой­ға тарата, қанып ішуге тырысқан. 

Жоғарыда айтқанымыздай, «Ле­нинг­радтық өренім» өлеңі Ле­нинг­рад жау қоршауында қалғанда туған жыр. Өлең қауымға тарай сала орысша ау­дарылып, майдан даласын «аралап» кет­кен. Тіпті, «жаудың зәресін алған өлең» дей­тін аты бар. Жамбыл жыры Москва, Ле­нинградтан бөлек, Украина, Беларусь, Сол­түстік-Батыс, Калинин, І-ІІ Прибал­ти­ка және басқа да батыс майданындағы ди­визияға жеткен. Жауынгерлер көз жа­сына булыға, рухтанып тыңдаған деседі. 

Майдангер ақын Қасым Аман­жолов­тың «Оралым» өлеңі туған жерін сағынған әр­бір жауынгердің бойтұмарына айналған. Ал «Ақын өлімі туралы аңыз» дастаны – соғыс картинасын суреттейтін лири­ка­лық-романтикалық поэма. Осы шығар­ма­ның аудармасын оқыған орыс ақыны Ни­колай Тихонов «қазақ-совет поэзиясы­ның інжу-маржаны» деп баға берген екен. 

Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі поэзия де­се, бірден Әбу Сәрсенбаев еске түседі. Ол «Совет жауынгері» газетінде әскери тіл­ші болып істеген. «Балқан шежіресі», «Бал­тон жырлары», «Мазасыз Украина» өлең циклдары жарық көрген. Бір ғана «Ақ­ша бұлт» өлеңінде лирика  тұнып тұр. Мә­селен, сол өлеңде ақша бұлттан сүйген жары­ның халін сұрап, «бұрышына сәлем түйіп, ұшырған ба орамалын?» дегені жүректі тербейді. 

«Уа, ақша бұлт, айтшы маған,

Айтшы маған, қайдан келдің?

Ақ төсінен күн сүйгенде

Жаралдың ба Алатаудан» деген жыр жолдарынан кейін даңқты ақынды жұрт «Ақша бұлт ақын» деп кеткен. 

Жан тебірентер жазба

Майданда қан кешіп жүріп, қағазға көрген-білгенін түсіру – жан тебі­рентерлік жайт. Ал тылда жүрген бала үшін жауынгердің ерлігі жайында есту, біл­генін оқу бір ғанибет еді. Масақ теріп жү­ріп, түнде тығылып бидай қуырғанда ана­сының айтқан аңызға бергісіз әңгі­ме­сін еске түсіретін. Сөйтіп жүріп, қар­ны­ның ашқанын, шаршағанын ұмытып ке­тетін. Бұл – соғыстан келген хатты, әсі­­­ресе Баубек Бұлқышев шығармасын оқы­ған қазақтың күйі еді. Бұлқышевтің рух­қа, жалынға толы шығармасы май­дан­дас достарын да серпілтіп тастайтын. Оның отты жырын оқығандар Баубекке ар­нап 200-ге жуық хат жіберген. «Ком­со­мольская правда» газетінің фронт бөлі­мі­нің меңгерушісі Юрий Жуков оны газетке ша­қырып, жұмыс істеуін сұраған. Сонда ба­тыр шығармашылығын соғыстан кейін қол­­ға алатынын, әзірге Отан үшін от ке­шу­­ге бекінгенін айтқан. Дегендей, Баубек Бұл­­қышев «Заман біздікі», «Өмір сүргім ке­­леді» деп жүріп, 28 жасында майданда ер­лікпен қаза табады. 

Расымен, соғыс тұсында жауынгер­лер­ді рухтандыру үшін «Отан қор­ғау­шыға арналған кітапханалар» жұмыс іс­теп, газеттер, кітапшалар, поэзия жи­на­ғы басылған. Қалтаға сыйып кететіндей кіш­кентай форматта шыққан. Майдан жайын­да газеттерде ақын-жазушылардың өлеңі мен очерктері жарық көрді. Әсіресе, Әбу Сәрсенбаев, Диқан Әбілов, Сырбай Мәу­ленов, Қасым Аманжолов, Бауыржан Мо­мышұлы және тағы басқасының реа­лис­тік тұрғыда, патриоттық сезімге толы туын­дылары қолдан-қолға тимей оқылды. Әскери публицистика жанрына қанат біт­ті. Мысалы, Мәлік Ғабдуллиннің «Май­­­дан очерктері», «Алтын жұлдыз» очерк­­тер жинағын шығарды. Ғабдуллин қай очергінде болмасын ерлікті, өрлікті суреттеп, жанқияр батыр портретін жасап шық­ты.  Жұбан Молдағалиевтің «Халық қаһар­мандары» очергінде бір топ қазақ жауынгерлерінің ерлігін әңгімелейді. Ал Сырбай Мәуленовтің «Қанға боялған блок­нот» очергі жерлесі, аға лейтенант Зей­­­­­нолла Әбеновке арналған. Сәбит Мұ­қа­новтың «Батыр қыз» очеркі Кеңес Ода­ғы­ның Батыры Мәншүк Мәметованың ер­лігі жайында өрілген.  Оның қайтпас-қайсар мінезі, өмірінің соңғы күндері бей­неленген. Очеркте Мәншүктің «Өзің өлме, жауыңды өлтір, ал мерт бола қалсаң, дұшпанға кек жібермей, жастығыңды ала кет!» дегенін оқығанда оның айбынды, сер­тіне берік болмысы көз алдыңа келеді. 

Соғыс бәрін талқандады. Бір үйдің үмітін әкетті, жарығын сөндірді, қимасын қан майданда қалдырды. Ал мұ­ны мәңгілік есте сақтаудың жолы – жазу. Сондағы күйді, сезімді, ерлік пен жанқияр ше­шімді келешекке қалдырар белгі – қа­ғаз. Осылайша, қазақтың Екінші дүние­жү­зілік соғы­сы жылдарындағы болмыс-бітімі, тірші­лі­гі қағазға қанмен жазылды. Майдан біт­кен соң да, соның лебімен «Қа­зақ сол­даты», «Қаһарлы күндер», «Ақи­қат пен аңыз», «Тағдыр», «Ұшқан ұя» дү­ниеге кел­ді. Әлі күнге Бердібек Соқ­пақ­баевтың «Өл­гендер қайтып келмейдісін» оқы­ғанда кейіп­кердің басынан сипап, «Ай мен Ай­шадағы» Барысханды жетелеп жүргің ке­леді. Әдебиеттің бір бұрылы­сы­нан Қай­рош қол бұлғап, Ержан командир жол сіл­теп тұрғандай көрінеді. 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ