Бұл зұлматта Қазақстан халқы майдан шебінде де, тылда да аянбай еңбек етті. Бүгінде миллионнан астам сарбазды соғысқа аттандыру – бүтіндей бір облыстың халқын майданға шығарып салумен тең. Ал ол кездері еліміздің әрбір бесінші тұрғыны қолына қару алды, жүздеген мың адам еңбек армиясында, зауыттар мен ұжымшарларда күндіз-түні тер төкті. Тіпті, ауыл-аймақтың әрбір үйі майданға ет, май, астық өткізіп, мемлекеттік қарыз қағаздарын сатып алып, жеңісті жақындатуға үлес қосты. Төмендегі нақты деректер мен статистика – соғыс жылдарындағы халқымыздың жанкешті ерлігі мен тылдағы қажырлы еңбегінің айғағы.
Қанша қазақстандық майданға аттанды?
1941 жылдың 22 маусым – 1945 жылғы 31 желтоқсан аралығында 1 196 164 адам әскерге шақырылған. 1938 жылдан бастап әскерге алынған 1 366 164 азамат соғысқа қатысқан. Республикадағы әр бесінші тұрғын майданға аттанды. Республика бойынша 2 миллионнан астам адам әскери даярлықтан өтті.
Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316-атқыштар дивизиясы құрылып, оның командирі генерал М. Панфилов болды. Армия қатарына 1 196 164 (1196300) қазақстандық қосылып, әрбір бесінші адам майданға аттанды.
Қазақстандық жауынгерлер Украинаны, Белоруссияны, Балтық бойын, Молдавияны азат етуге қатысты. Мыңдаған қазақ жігіті Кеңес әскерінің құрамында Шығыс Еуропа халықтарын Гитлердің тепкісінен азат етуге атсалысты.
Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс Кеңес Одағына қымбатқа түсті. 27 млн астам адам соғыста қаза болды. Оның 601 мыңы (400 мың) қазақстандықтар.
Қиыр Шығыста Жапонияға қарсы соғысқа аттанған әскери бөлімдер арасында да қазақстандық құрамалар болды. Қызыл Армияның Қиыр Шығыстағы соғысы 24 күнге созылды.
1945 жылғы 2 қыркүйекте Жапония жеңілгені туралы шартқа қол қойды. Сөйтіп, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды.
Қазақстанға жер аударылған халық саны
Соғыс жылдары Қазақстан 532 мыңнан астам эвакуацияланған адамды қабылдады. Республикаға 50 мың білікті жұмысшы мен инженер-техник қызметкерлер келді. Соғыс қарсаңында Қазақстанға 102 мың поляк, 360 мыңнан астам Еділ бойы немістері қоныс аударылды. 1943-1944 жылдары Қазақстанға 507 мың балқар, қарашай, ингуш және шешен, 110 мың месхеттік түрік, 180 мың қырым татары депортацияланды. КСРО КГБ-нің 3-басқармасының деректері бойынша, 1945 жылдың қазанында Қазақстанға күшпен қоныс аударылғандардың саны шамамен 2,5 миллион адамға жетті.
Соғысқа қайта бейімделген өнеркәсіп
Соғыстың басталуына байланысты ел экономикасын соғысқа бейімдеп қайта құру әскери бағытқа көшірілді. Бейбіт мақсаттарға жұмсалатын қаржы мейлінше қысқартылдып, көптеген кәсіпорын қорғаныс өнімдерін шығара бастады. Қазақстан КСРО-ның негізгі әскери-өнеркәсіп базасына айналды.
1942 жылы одақта өндірілген қорғасынның 85%-ын, көмірден 18%-ын, молибденнің 60%-ын, октанды мұнайдың 1 млн тоннаға жуығын берді. КСРО-ның жау басып алған аудандарынан Қазақстанға 220 зауыт пен фабрика эвакуацияланды. Шамамен 20 өндіріс ошағының технологиялық циклдері майдан қажеттілігіне бейімделді. Электр торпедаларын, траншеялық отшашарларды, түнгі тралдарды, теңіз миналарын, авиациялық қаруларды өндіру игерілді.
Соғыс кезінде өнеркәсіптегі әйелдердің үлесі 50%, жеңіл және тамақ өнеркәсібінде 80-90% болды. Өнеркәсіптегі жасөспірімдер мен әскерге дейінгі жастардың үлесі 35-40%-ға жетті. Қазақстан еңбек күшінің маңызды бөлігін арнайы қоныс аударушылар құрады, олардан еңбек армиялары жасақталды. Жалпы, еңбек армияларында 700 мың адам жұмыс істеді, олардың 200 мыңы – қазақтар.
Қажымұқан Мұңайтпасов қорғаныс қорына 100 мың рубль тапсырған
Мәскеу түбіндегі ауыр шайқастар кезінде Шымкент теміржол торабының комсомол жастары танк колоннасын жасау үшін қаржы жинады. 1942 жылдың қыркүйегінде «Қазақстан комсомолы» жазуы бар 45 жауынгерлік техника Сталинград майданына жіберілді. Республикада танк колонналары мен авиаэскадрильялар салу үшін 480 миллион рубль жиналды.
Сол кезеңдегі оқушылардың «Қазақстан пионері» қорына 4 миллион рубльден астам қаржы қосты. Соғыстың соңғы кезеңінде жауды жеңуге «Қазақстан пионері» танк колоннасы қатысты.
С.Киров атындағы ҚазМУ студенттерінің бастамасымен Қазақстанның жоғары оқу орындарының жастары «Кеңес студенті» танк колоннасын жасауға шамамен 600 мың рубль жинады. «Қазақстан комсомолы» атты суасты қайығын салу бастамасын Оңтүстік Қазақстанның ауыл жастары көтерді. Республика жастары жинаған 3 миллион рубль ұшақтар эскадрильясын жасауға жұмсалды. 1943 жылдың желтоқсанында Алматы жастары атақты ұшқыш С. Луган-скийге жаңа ұшақ сыйлау үшін үш күнде 400 мың рубль жинады, жаңа жыл қарсаңында ұшақ С. Луганскийге табысталды. Қазақстан жастары Кеңес Одағының Батыры Қ.Спатаев атындағы суасты қайығын жасауға қаржы жинады.
Әлемге танымал балуан, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов қорғаныс қорына 100 мың рубль тапсырып, оны қазақстандық ұшқыш Қ.Шалабаевқа арналған ұшақ жасауға жұмсады. Соғыс жылдары Қазақстан комсомолы Сталинград трактор зауыты мен «Қызыл Қазан» зауытына қамқорлық жасады.
Қазақстан халқы фашистік оккупациядан зардап шеккен 12 қала мен 45 ауданға қамқор болды. 1945 жылы ғана Украинаға 500 трактор мен ауылшаруашылық техникалары, 140 паровоз жіберіліп, бірнеше жүздеген ауыл шаруашылығы маманы жөнелтілді. Оккупациядан зардап шеккен аймақтарға жеңілдікпен 500 мыңнан астам мал сатылды.
Тәуелсіздік жылдары ерлігі еленген майдангерлер
«Халық қаһарманы» атағы 1993 жылдан бері Қазақстанның тәуелсіздігі мен бостандығы жолында ерен ерлік пен ерекше еңбегімен көзге түскен азаматтарға берілді. Ең алғаш 1994 жылы бұл мәртебеге армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов ие болды. Кейін Қасым Қайсенов, Бақтыораз Бейсекбаев, Рақымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспанова сынды соғыс және еңбек ардагерлері марапатталды. Кеңес Одағы тұсында еленбей қалған, алайда Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен Алексей Кулаков, Мурдин Таипов, Александр Капорин және Мәулен Қалмырзаев сынды батырлар да тәуелсіздік жылдары осы атаққа ие болды. Бүгінге дейін еліміздің 29 азаматы «Халық қаһарманы» атанған.
Дайындаған
Кәмила ДҮЙСЕН