1991 жылдан бергі кезеңде қазақ әскери киімі бірнеше мәрте жаңарып, қазіргі таңда ұлттық рух пен заманауи талаптарды үйлестірген қалыпқа келді. Бұл – егемен елдің өз армиясы, өз символикасы, өз болмысы бар екенін білдіретін маңызды белгі.
«Сарбаз боламын» деген бала арманның оянуына да көп жағдайда әскери форма киген адам әсер етеді. Үстіндегі киімі келіскен, ақылы мен әдебі жарасқан офицерлерге қараған жұрттың көзі тойып, көңілі жайланады. Себебі бірыңғай форма – мемлекеттің имиджін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын факторлардың бірі. Жыл сайын қазақстандық әскери қызметшілер халықаралық оқу-жаттығуларға, Армия халықаралық ойындарына, сондай-ақ БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына қатысады. Мұндай шараларда шетелдік әріптестердің назарын ең алдымен әскери киім мен оған тігілген айырым белгілері аударады. Әскери форма – елдің тарихи болмысын, ұлттық дәстүрі мен мәдениетін бейнелейтін ерекше белгі. Әрине, қазақ сарбазының қазіргі келбеті бірден айқындалған жоқ. Әр жылдары сарбаз киімі түгенделіп, заман талабына сай жаңғырып отырды.
Камуфляж кезеңінің басталуы
1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, мемлекеттің барлық құрылымдары сияқты Қарулы Күштер де жаңадан қалыптаса бастады. Кеңес дәуірінен қалған әскери құрылым, техника, сонымен бірге киім үлгілері де алғашқы жылдары өзгеріссіз қолданылды. Кеңес Одағының ескі формалары – сұр-жасыл түсті, ауыр матадан тігілген форма, қара немесе қоңыр былғары етік, фуражка және солдат сөмкесімен толықтырылатын стандартты әскери киім болатын. Сол кезеңде армия құрамында тәртіп орнату мен материалдық қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі болғандықтан, киім үлгісін жаңартуға көп көңіл бөлінбеді. Алайда уақыт өте келе ұлттық армияның өз бет-бейнесін қалыптастыру қажеттілігі туындады. Бұл киім үлгісінен де айқын көрінді.
Осылайша, екі мыңыншы жылдардың басында Қазақстанда әскери киім өндірісін жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл кезеңде әскери қызметшілерге арналған камуфляж үлгісіндегі киімдер енгізілді. Камуфляж түсі негізінен сарғыш-жасыл реңктерден тұрды, ол Қазақстанның табиғи жер бедеріне бейімделген. Сонымен қатар әскер түрлеріне қарай да бірыңғай форма айырмашылықтар пайда бола бастады. Атап айтсақ, құрлық әскері – жасыл реңкте, әуе қорғаныс күштері – көкшіл түсте, теңіз күштері – қаракөк реңдегі жолақты киімдерді киді. Бұл жылдары арнайы оқу-жаттығуларға және шынайы әскери жағдайларға лайықталған, ыңғайлы әрі жеңіл киімдер шығарыла бастады. Бірақ аталмыш формаларда әлі де ұлттық нақыш аз болатын.
Ұлттық реңкпен толықты
2011 жылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскери форма үлгілерін жаңғырту жөнінде арнайы шешім қабылдап, формаларды стандарттау мен бірізділікке келтіру процесі басталды. Осы кезеңде отандық кәсіпорындар әскери киім өндірісіне белсенді түрде кірісті. Камуфляж матасының сапасы жақсарып, климаттық ерекшеліктерге (қысы суық, жазы ыстық аймақтар) бейімделген киім түрлері жасалды.
Ұлттық реңк беру жұмыстары да қолға алынды. Жейдеде Қазақстан туының элементтері – көгілдір түс, күн мен қыран, ою-өрнектер көрініс тапты. Ал форманың жеңінде QAZAQSTAN деген жазу мен мемлекеттік ту бейнеленген шеврондар енгізілді.
Қазақстан армиясында әйелдер саны артып келе жатқандықтан, әйелдерге арналған әскери формаға сұраныс та осы кезеңде артты. Алайда көптеген жағдайда әйелдерге ерлер формасының шағын өлшемдегі нұсқасын беріп қояды, бұл ыңғайсыздық туғызады. Кейбір отандық кәсіпкерлер осы олқылықтың орнын толтыруға әрекеттеніп жүр. 2010 жылы Қарулы Күштердің Тыл басқармасы отандық дизайнер Құралай Нұрқаділованың авторлық үйімен бірлесіп, сапалы ғана емес, сонымен қатар эстетикалық сипатымен ерекшеленетін киім-кешек үлгілерін әзірлейді. Қазір қазақстандық әскери қызметшілер осы форманы киіп жүр. Бас киім үлгілерінде төбесі биік қалпақ азайған. Металл фурнитура ауыстырылды. Погондарда ою-өрнек қолданылды, ал жоғары офицерлер құрамында мерейін, даңқын арттыратын белгілермен өрнектеліп үйлесім тапқан. Әскери қызметші әйелдердің салтанатты киім үлгісі де тамаша тігілген. Көк түсті костюм мен ақ етік, басқа пилотканың орнына – шляпа.
Жаңарған форма, жаңғырған өнеркәсіп
2016 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери формаға түбегейлі өзгерістер енгізіп, заманауи, практикалық әрі ұлттық сипатқа сай жаңа киім үлгілерін таныстырды. Жаңартылған формаларда аяқкиімдер заманауи тактикалық етікке ауыстырылды. Ал камуфляж жаңартылған үлгідегі пиксельдік (digital) басылыммен жасалды. Маталар демалатын, жеңіл, су өткізбейтін әрі ыстыққа төзімді материалдардан тігілді. Қалталар, бекіткіштер, кеуде аймағы сынды форма элементтері тасу ыңғайлы етіп ойластырылды.
Сонымен қатар салтанатты жағдайларға арналған арнайы киім үлгілері де қайта қаралды. Сарбаздар, офицерлер, парадқа қатысатын әскери бөлімдер үшін ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген, шекпен мен баскиімдерге қазақы стиль енгізілген салтанатты формалар ұсынылды. Қазір Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған шеруге дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ұлттық ұлан жауынгерлерінің салтанатты киімдерін әзірлейтін цех шебері Гүлнұр Әбеннің айтуынша, киімдер арнайы сапалы матадан тігіліп, әскери талаптарға сай пішілуде. Бұл киімдер мерекелік шараның сән-салтанатын арттырып қана қоймай, сап түзейтін сарбаздардың сырт келбетіне салмақты реңк береді. Әрбір форма үлгісі нақты өлшемдер бойынша, жауынгердің дене бітіміне сай әзірленіп, максималды ыңғайлылық пен жинақылықты қамтамасыз етеді.
– Әскери форма – бұл жауынгердің ішкі тәртібін, рухын, мақтаныш сезімін бейнелейтін маңызды бөлік. Сондықтан біз киімнің әрбір тігісіне, матаның сапасына, бөлшектердің үйлесіміне үлкен мән береміз, – дейді Гүлнұр Әбен.
Киім үлгілерінде ұлттық нақыштағы элементтер көзге айрықша түседі. Бұл – Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің дәстүр мен заманауи келбетті үйлестіре отырып, Жеңіс күнінің рухын асқақтата түсуіне бағытталған шешім. Айта кетейік, Жеңіс күніне арналған шеруге Ұлттық ұланнан 400-ден астам әскерилер қатысады. Оның ішінде патрульдік-бекеттік қызметтің әскери қызметшілерінен және «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің жауынгерлерінен тұратын екі есептік топ сап түзеп өтеді. Сондай-ақ Қазақстанның Күш құрылымдарының құрама оркестрінің сапындағы құқықтық тәртіп әскерлерінің 30 әскери қызметшісі Жеңіс шеруін музыкамен сүйемелдейді. Ал қазіргі уақытта республика бойынша Ұлттық ұланда 30-ға жуық тігін шеберханасы бар. Онда 40-тан астам әскери қызметші қызмет етеді. Жалпы, әскери киім тігу саласы – қорғаныс өнеркәсібінің маңызды бөлігі. Бұл сала егемендік алғаннан кейін біртіндеп дами бастады. Қазіргі уақытта Қазақстан өз әскерін әскери формамен қамтамасыз етуде айтарлықтай ілгеріледі.
Бірыңғай далалық киім формасы
Ерекше кезеңде басқа әскерлер мен әскери құралымдар Қарулы күштердің басқаруына өтеді. Тиісінше, бүркемелеу функциясын орындайтын және климат пен аймақтың географиялық ерекшеліктерін ескеретін далалық форма да біртұтас болуы керек. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, киім формасы 1999, 2006 және 2011 жылдары айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Бірақ барлық күштік құрылымдар әскери қызметшілерінің бірыңғай стилі мен түсіне көшу 2024 жылы алғаш рет жүзеге асырылды.
MultiCam бояуына көшу туралы шешім басқа елдердің тәжірибесін зерделегеннен кейін қабылданды. Ол өсімдіктерге, қалалық ғимараттар мен қирандыларға, шөлді және тасты жерлерде ерекше бүркемелеу қасиетіне ие.
Киім пішінінің жаңа үлгілері жақсартылған функционалдылықпен және жайлылықпен ерекшеленеді. Мысалы, жағасы ауа райы қолайсыз болған кезде мойынды жабады. Қалта құжаттарын оңай сақтау үшін кеуде қалталары көлбеу орналасқан және велкро таспасына бекітілген. Айырым белгілері де осы таспаға бекітіледі және тігуді қажет етпейді. Артқы жағындағы қосымшалар қозғалысты шектемейді. Кең шалбар белбеуі денеге жақсы сәйкес келеді, сонымен қатар форманы реттеуге арналған құрылғылары бар.
Қысқы киім формасына түбегейлі өзгерістер енгізілді. Матаның суға, аязға және желге төзімді қасиеттері бар. Қалың шалбар жартылай комбинезон түрінде жасалған. Сондай-ақ тоқылған қалпақ пен жүннен жасалған шарф та қарастырылған.
Әскери қызметшілердің өтініші бойынша іс жүзінде пайдаланылмаған маусымдық плащ курткаға ауыстырылды. Күнделікті жемпірдің орнына далалық жемпір берілді. Табиғи ерекшеліктеріне сүйене отырып, жазғы етіктердің түсі қара түстен құм түсіне өзгерді. Басқару органдарының әскери қызметшілері үшін қонышы биік етік тактикалық кроссовкаларға ауыстырылды. Инновацияның экономикалық құрамдас бөлігі де маңызды. Оны іске асыру қысқартылған киім-кешек құны есебінен ғана жүзеге асырылады. Жабдықтау нормаларын оңтайландыру әскерлердің жыл сайынғы қажеттілігін 140 млн теңгеге азайтты.
Бұл ретте қоймалардағы бар қорлар, оның ішінде ескі үлгідегі далалық киім-кешек мерзімді қызмет сарбаздары, жыл сайынғы жиындарға тартылатын әскери міндеттілер үшін және әскерилендірілген күзет қызметкерлері үшін жұмыс киімі ретінде пайдаланылатын болды. Бұл жыл сайын осындай киім-кешек сатып алуға 400 млн теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ әскери киім-кешек мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында тек отандық кәсіпорындарда жасалатынын атап өткен жөн.
Көктем ҚАРҚЫН