Күнделікті тауып отырған 40 мың теңгені тартып алып отырған.
Қарағандыда қол-аяғы жоқ мүгедекті 10 жыл бойы қайыр сұрауға мәжбүрлеген
istockphoto.com
612
оқылды

Қарағандыда қол-аяғы жоқ ер адамды 10 жыл бойы еңбек құлдығында ұстап, оны ұрып-соғып, қайыр сұрауға мәжбүрлеген. Осы қылмыстық топты Ішкі істер министрлігі өткен жылдың мамыр айында анықтаған болатын. Кеше осы қылмыстық топқа қатысты сот процесі басталды. Отырыс барысында айыпталушылардың бірі есірткі саудасына қатысқаны анықталды, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.

Тергеу мәліметтері бойынша, қылмыскерлер өз құрбандары арқылы жылына 10 миллион теңгеге дейін табыс тауып отырған.

– "Жәбірленушіге және оның отбасына гуманитарлық көмек, қолдау көрсету, құқықтық қолдау көрсету, құжаттарды қалпына келтіріп, сол бойынша тиісті шаралар қабылдау қажет", – деді Қоғамдық қордың өкілі Сәуле Әубәкірова.

Бұған дейін әлеуметтік желіде сол мүмкіндігі шектеулі жанды өлтіріп кетті деген де ақпарат тарады. Бірақ сот отырысында бұл ақпаратты жоққа шығарды. 

"Душниковқа қатысты жасалған сараптамаға байланысты, оның сотқа келмейтіні және куәлік ете алмайтыны айтылды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 76-бабына сәйкес оның соттағы мүддесін адвокат қорғайды. Ол сот отырысының басынан бастап қатысып отыр. Осы іске байланысты адвокат оның заңды өкіл ретінде қатысуға міндетті", – деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соттың судьясы Галина Жилина. 

– “Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, қылмыскерлер жәбірленушіні қорқытып, ұрып-соғып күн сайын таңғы 08:00-ден кешкі 18:00-ге дейін қайыр сұрауға мәжбүрлеген. Ер адам жаңбыр, аптап ыстыққа қарамастан он жыл бойы Қарағандыдағы "45-квартал" аялдамасында жерде отырып адамдардан қайыр сұраған. Ал жиналған ақшаны "қожайын" өз қалауынша жұмсаған”, – делінген құжатта.

Тергеу мәліметі бойынша, әлгі қылмыстық топ мүмкіндігі шектеулі ер адамды ұрып-соғып қана қоймай, ішімдікке үйреткен. 2020 жылдан бастап оның азаматтық некедегі әйелінен туған сәбиді тартып алған. Сөйтіп қаскөйдің бірі ол баланы өз туған қарындасына тәрбиелеуге берген. Бүлдіршін сол үйде 4 жасқа дейін өскен.