Қазір инвестордың есебінен электр желісі тартылып, тамшылатып суару жүйесі орнатылып, мақта егілген.
Түркістан облысында 2 мақта зауыты салынады
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
483
оқылды

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңірде ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асып жатқан және енді қолға алынатын ауқымды жобалармен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Министрге Отырар ауданында жүзеге асырылып жатқан мақта кластерінің қазіргі жағдайы таныстырылды. «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС мен «Түркістан» ӘКК» АҚ бірлесе жүзеге жүзеге асырып жатқан жоба арқылы Отырар ауданында 2 мақта зауыты салынады. 

Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазір инвестордың есебінен электр желісі тартылып, тамшылатып суару жүйесі орнатылып, мақта егілген.

Айдарбек Сапаров экспорттық тауар өндірушілерге қолдау көрсетілетінін айтып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жобалар жалғасуы тиіс екенін жеткізді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мақта саласының тиімділігіне тоқталып, экспорттық әлеуетті көтеруге басымдық беріліп жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, Түркістан облысында мақта-тоқыма кластері аясында жалпы құны 197 млрд теңге болатын 5 жобаны іске асыру көзделіп отыр. 7 мың жұмыс орны ашылады. 

Жоба шеңберінде мақта өңдеудің толық циклін қамтитын, құны 147 млрд теңге болатын 10 ірі зауыттың құрылысы басталды (4 мақта өңдеу зауыты, 4 тоқыма фабрикасы, 2 тамшылатып суғару өндірісі). 

Бүгінгі таңда тамшылатын суғарудың ПВХ құбырын шығаратын 1 зауыттың құрылысы бітіп, жұмыс істеп жатыр. Биыл 3 зауытты (Отырарда 2 мақта өңдеу зауыты, 1 тамшылатып суғару ленталар өндірісі) және 2 тоқыма фабрикасын (Түркістан қаласындағы жіп иіру және тоқыма емес материалдар өндірісі) іске қосу жоспарланған.

Жобаларды толық іске асыру нәтижесінде суды 3-4 есе үнемдеп, мақта өнімділігін 2 есе арттыруға және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға мүмкіндік туады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.