1941-1945 жылдардағы алапат соғысқа 1,2 млн-нан аса отандасымыз қатысты.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад басталды
217
оқылды

Елордадағы «Қазақ Елі» алаңында Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад басталды.

Әскери парадты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев басқарады.

Әскери шеруге елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам, сондай-ақ дипломатиялық корпустың өкілдері де келді.

Атап айтқанда, 1941-1945 жылдардағы алапат соғысқа 1,2 млн-нан аса отандасымыз қатысты. Республиканың әрбір төртінші тұрғыны әскер қатарына шақырылды. 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің ту ұстаушылар тобы Мемлекеттік Туды және Жеңіс Туын алаңға алып шықты. Жеңістің Қызыл Туы – осыдан 80 жыл бұрын әйгілі отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев пен оның майдандасы Григорий Булатов Рейхстагқа тіккен тудың көшірмесі. 

Сұрапыл соғыс жылдары қазақстандық сарбаздар майданның алдыңғы шебінде, ең қанқұйлы шайқастарда ерліктің ерен үлгісін көрсетті.

1945 жылы 30 сәуірде қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс Туын тікті. Осынау даңқты ерлігі үшін Қошқарбаев сол кезде «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ал 1999 жылы 7 мамырда Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.