Балағат сөз айтқаны үшін басы дауға қалған Қостанай облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің басшысы Алмас Әбілдин жазаға тартылды, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Шенеунік қызметінен төмендетіліп, айыппұл салынды.
Естеріңізде болса, бұған дейін желіде Қостанай облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімі басшысының балағат сөздер айтып ұрсысқан видеосы тараған болатын. Осыған байланысты Облыс әкімдігі шенеунікке қатысты қандай шаралар қабылданғанын мәлімдеді.
"Әбілдинге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды (қоғамдық орында балағат сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіпті бұзу)", – делінген Қостанай облыстық әкімдігінің хабарламасында.
Қостанай қаласының әкімшілік істер жөніндегі соты Әбілдинді қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін кінәлі деп танып, 78 640 теңге көлемінде айыппұл салған.
"Сонымен қатар, 2025 жылғы 25 сәуірде Қостанай облысы әкімдігі жанындағы тәртіптік комиссияның ұсынысы негізінде Әбілдинге мемлекеттік қызметтегі лауазымын төмендету түрінде тәртіптік жаза қолданылды", – делінген әкімдік хабарламасында.
Сондай-ақ әкімдік шенеунік өзі балағаттаған стадион күзетшісінен кешірім сұраған.