Осы үйлердің жүзден астам тұрғыны пәтерге кезекте тұр.
"Бізде құлағалы тұрған 38 үй бар": Өскемен қаласының әкімі қанша тұрғын үйдің тұруға жарамсыз екенін айтты
www.istockphoto.com
646
оқылды

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында тозығы жеткен тұрғын үйдің саны 38-ге жеткен. Қала басшысының айтуынша, онда тұру мүмкін емес, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.

– Қателеспесем, бізде құлағалы тұрған, апаттық жағдайдағы 38 үй бар. Оның барлық тұрғыны пәтерге кезекте тұр. Олардың саны – 123 адам, – деді Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов.

Әкімдіктің есебінше, ескі тұрғын үйлерден тұрғындарды қоныстандыруға 600 миллион теңге қажет. Егер қаржы облыстық бюджеттен бөлінсе, әкімдік халыққа жаңа пәтер бере алады.

Бұл мәселені шешудің екінші жолы, осы ескі үйлерді қайта жөндеу. Бұған енді инвестиция тарту қажет. Ал мұндай үйлердің басым бөлігі қаланың шет жағы, инвестициялық жағынан тартымды емес аудандарда орналасқан: Аблакетка, Согр. Қала басшылығы Аблакеткаға байланысты жоспары барын айтқанымен, оның мән-жайын сөз етпеді.

Оның үстіне, қала әкімі жылдар бойы өмір сүрген, тұрақтаған мекенінен тұрғынның көпшілігі көше қоймайтынын да мойындады. 

Айтар болсақ, Семейде апаттық жағдайдағы 20 тұрғын үй есептелсе, тағы 43 үйдің тозығы жеткен болып саналады. Бұл үйлер алдағы жылдары қала тарихындағы алғашқы жаңарту бағдарламасы аясында жаңаруы мүмкін.