Шымкент қаласының тұрғындары бүгін таң рауандап атысымен-ақ, «Даңқ» мемориалына жиналды. Мұнда «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Алдымен жиналған жұртшылық «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, жауынгерлердің ерлігін бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұнан кейін қонақтар Абай саябағы аумағында орналасқан «Майдан даласы» алаңына бет алды.
Мұнда ардагерлер мен қонақтарға «Майдан ботқасы» ұсынылды. Соғыс ардагері Мұраталы Төлепбергенұлы бұл тағамның дәмін әлі ұмытпағанын айтты. Себебі, қарақұмық ботқасы – қан майдандағы жүрекжалғар бірден-бір ас болған.
Салтанатты шара барысында даңқты аталарымыздың II дүниежүзілік соғысындағы ерлігін паш еткен театрландырылған қойылым көрсетілді.
Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының, сондай-ақ қаладағы орыс, өзбек драма театрларының әртістері әзірлеген қойылымдарды тамашалаған көпшілік от пен оқтың арасындағы шайқасқа куә болды.
Көпшілік назарына Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған концерт ұсынылды. Сұрапыл соғыс жылдарын еске салған, әрі патриоттық рухтағы әндер айтылды. Яғни, шымкенттік өнерпаздары «Катюша», «Кестелі орамал», «Три танкиста», «Жеңіс күні» секілді әндерді шырқады.
Сонымен қатар Абай саябағында Жеңістің 80 жылдығына орай «Өткеннің үнсіз куәгерлері» атты фотокөрме өтті. Бұл көрмеде ардагерлердің әр жылдардағы тұрмыс-тіршілігін, өмір сәттерін бейнелеген фотосуреттер ұсынылды. Шарада фотограф Мақсат Шағырбайдың жеке қорында 2012 жылдан бастап жиналған ардагерлердің фотосуреттері қойылды. Әрбір суреттің артында бір тағдыр, бір тарих жатыр. Ардагерлердің жүзіндегі әрбір әжім соғыстың ізін бейнелейді және бұл бейнелер болашақ ұрпаққа өткеннің шежіресі ретінде қызмет етеді.
Ақтөбеліктер «Ардагерлерге тағзым» онлайн-акциясына қатысып жатыр
Ақтөбеліктер «Ардагерлерге тағзым» онлайн-акциясына қатысып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары Ұлы Отан соғысының батырларына арналған бейнежазбаларымен және фотосуреттерімен бөлісіп, қысқаша тарихы мен естеліктерін жариялап, өздерінің осы бір оқиғаға қатысқан туыстары жайлы баяндайды.
Мәселен, Шалқар өңірінің тумасы Қазбек Бахиұлы майданда соғысқан ардагер әкесінің өмірін мақтанышпен айтады. Ол небәрі 18 жасында Отан қорғауға аттанған.
«Менің әкем 17-ші десанттық бригадада старшина, 2-ші Украина майданында танк командирі болған. Ол Украина, Венгрия, Чехословакия, Аустрия сияқты елдерді азат етуге қатысқан. «Ол үшін соғыс Венада аяқталды», – деп жазады Қазбек.
Бахи Исмаилов демобилизациядан кейін техникумды бітіріп, тауартанушы болып жұмыс істейді, кейін Жұрын ауылында аудандық тұтынушылар одағын басқарды. Жұбайы Хатира Қитарова екеуі алты баланы тәрбиелеп өсірді.
Акцияның тағы бір қатысушысы ақтөбелік Қуанышбай Күмісбаев өз жазбасын атасы Жұмабай Күмісбаев туралы естеліктерге арнады.
«Менің атам 1910 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келген. Ол қарапайым еңбек адамы. 1942 жылы майданға аттанып, 1946 жылы елге оралған. Бала кезімізде атамның соғыс туралы сирек, аз сөйлейтінін байқап, сол жылдардағы жараның әлі жазылмағанын сезетін едік. Ол сол зұлмат жылдарды еске алғысы келмейтін», – деп жазады ақтөбелік.
Акцияға Өңірлік коммуникациялар қызметі белсенді қолдау көрсетіп, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Алексей Маресьев, Өтеген Сейітов секілді көрнекті батырларға арналған бірнеше танымдық бейнероликтер дайындады. Ақтөбенің орталық көшелері осы майдангерлердің құрметіне аталған.
Бүгін, 9 мамыр күні бүкіл ел Ұлы Жеңістің 80 жылдығын ерекше құрметпен атап өтіп жатыр. Ақтөбеліктер майдан даласынан оралмаған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, Даңқ обелискіне, Кеңес Одағының Батыры, қазақтың аты аңызға айналған мерген қызы Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешеніне, Батырлар аллеясына және басқа да ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты іс-шараларға ардагерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жас жауынгерлер, студенттер, қоғамдық ұйымдардың, түрлі мекеме өкілдері мен қала тұрғындары қатысып жатыр.
Көкшетау қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар жалғасып жатыр. Таң атқалы қалада ерекше рух, елдік пен ерлікке толы көңіл күй орнады. Қала тұрғындары мен қонақтары орталық алаңдарға жиналып, ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып, соғыс ардагерлерінің естеліктерін тыңдап, көрмелер мен концерттерге қатысып жатыр.
Бүгінгі күннің маңызды шараларының бірі – «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі болды. Бұл шараға Көкшетау жұртшылығы, ардагерлер, мектеп оқушылары, әскери қызметкерлер мен жергілікті билік өкілдері қатысты. Салтанатты жиында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов сөз сөйледі.
«Бүгін біз адамзат тарихындағы ең маңызды күндердің бірі – Жеңіс күнін атап өтіп жатырмыз. Бұл – батырлық пен жанқиярлықтың, Отанға адал қызмет етудің символына айналған ұлы мереке. Біз аталарымыз бен әкелеріміздің ерлігін, сол бір қиын-қыстау замандардағы төзім мен қайсарлықты еске аламыз. 80 жыл бұрын адамзаттың ең қанды соғысын тоқтатқан ерлерге бас иеміз. Ақмолалықтар Мәскеу, Сталинград, Курск түбіндегі шайқастарда жанқиярлық танытты. Бүгінде 66 жерлесіміз – Кеңес Одағының Батыры және Даңқ орденінің толық иегерлері. Біздің міндет – осы ерлікті ұмытпау, бейбітшілікті сақтау, бірлікті қорғау және осы аманатты болашақ ұрпаққа жеткізу. Құрметті ардагерлер, сіздерге мың алғыс, ал мәңгілікке кеткен батырларымызға – мәңгілік тағзым!» – деді ол.
Мерекенің қарсаңында облыс әкімі соғыс ардагерлерін арнайы барып құттықтап, оларға құрмет медальдарын табыстады. Майданда және тылда еңбек еткендерге ризашылығын білдіріп, олардың ерлігі мен еңбегін жоғары бағалады.
Осы күннің әсерлі сәттерінің бірі – Ақмола облысы мемлекеттік кірістер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Теңбай Сафиюллинұлы Ибраевтың естелігі болды. Оның әкесі соғыс жылдары майданда болған.
«Жеңіс күні – бұл шын мәнінде ұлы мереке. Әкелеріміз соғыста шайқасты, біз – балалар, тылда еңбек еттік, ауылда, колхозда жұмыс істедік. Біз әкені, Жеңісті күттік. Осы күннің маңызын жастар да ұғынып, бағалай білуі тиіс. Соғыстың қайта оралуына жол жоқ. Тек бейбіт өмір болсын. Біздің көк Туымыз мәңгі биікте желбірей берсін», – деп тілегін білдірді ардагер.
Көкшетаулықтар мен қала қонақтары бүгін «Жеңіс батырлары» және «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ақмола» атты фотокөрмелерді тамашалап, соғыс жылдарындағы қазақ батырларының ерлігіне арналған «Ерліктің ерен үлгісі» атты театрландырылған қойылымды көрді.
Кешкі уақытта мерекелік шаралар жалғасады. Қаланың орталық алаңында 200 жұптың қатысуымен «Жеңіс вальсі» биленіп, шығармашылық ұжымдар концерт қойып, вокалдық ансамбльдер патриоттық әндер орындайды. Кештің соңында алғыс пен мәңгілік естелікке толы музыкалық шоу өтеді.
Аймақ көлемінде биыл Жеңіс күніне орай 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылып отыр. Олардың қатарында театр премьералары, әдеби байқаулар, естелік акциялар, халық театрының ашылуы және «Әлия» спектаклінің тұсаукесері бар. Бұл мереке – ұрпақтар сабақтастығын, ел жадындағы ерлікті, Тәуелсіздікке апарған күрестің құндылығын еске салады.
Облыс әкімі ҰОС ардагерлерін мерекемен құттықтады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жеңіс мерекесіне орай Даңқ залында соғыс ардагерлерін құттықтады. Аймақ басшысы қарт майдангерлерге құрмет көрсетіп, Мемлекет басшысының арнайы Құттықтау хатын оқып берді.
Иван Макеев 1927 жылы дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін Забайкалье майданында ерекше мақсаттағы радиодивизионның барлаушысы қызметін атқарды. Харбин, Мукден, Чань-Чюнь қалаларын азат ету шайқастарына қатысты. Ішкі істер саласында жауапты қызметтерді абыроймен атқарған. Отан соғысы орденімен, бірқатар мерекелік медальдармен марапатталған.
Григорий Нещеретнев 1921 жылы 22 қарашада Луговой ауданының Каменка аулында дүниеге келген. 1941 жылы әскерге алынып, майданда аға сержант, бөлімше командирі, батерея старшинасы болып шайқасқан. Ленинград қоршауын бұзуға, Новогород қаласын азат етуге қатысып, Псковқа дейін жеткен.
Волхов майданында 501-ші миномет полкі құрамында шайқасқан. Ұрыста ауыр жараланып, емделгенен кейін әскер қатарынан босатылған. Соғыстан кейін ІІ топтағы мүгедек екеніне қарамастан, көлік жүргізушісі болып еңбек еткен. Еңбек ардагері. Жауынгерлік және бейбіт кезеңде алған марапаттары бар.
Шалданбай Шанбаев 1924 жылы 10 ақпанда Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) ауданының Жаңатұрмыс аулында дүниеге келген. Меркі аудандық әскери комиссариатынан 1942 жылы 15 тамызда әскерге алынған. Соғыстың соңына дейін ішкі істер әскерлерінің 227 полкі құрамында майданда болып, соғыс біткен соң да әскер қатарында қалдырылған.
Елге 1949 жылы оралған. Трактор бригадасының бригадирі, санақшы болып істеді. 1959 жылдан 1984 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін «Жаңатұрмыс» колхозында есепші, бас есепшінің көмекшісі болған. "II дәрежелі Отан соғысы" орденімен, «Маршал Жуков» және мерекелік медальдармен марапатталған.
Сондай-ақ бұл күні облыс әкімі ҰОС ардагерлері Мүтәліп Ережепбаевтың және Геннадий Ивановтың шаңырағына барып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Батыс Қазақстан облысы
Бүгін Алтын Орда мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған “Ұлы Жеңіске – 80 жыл” атты мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Шараға келген көрермендер соғыс жылдарындағы әндермен сусындап, рухани әсер алды.
Концерт барысында Алтын Орда өнерпаздары сол бір сұрапыл кезеңнің ауыр сәттерін сахна арқылы жеткізіп, жауынгерлердің ерлігі мен батырлығын дәріптеді. Тыңдарман жүрегінен орын алған әндер мен көріністер залда отырғандарды терең ойға қалдырды.
Бұл шара – ұрпаққа өнеге болар тағылымды тәрбие, ерлікті ұлықтау. Елім деп еңсесін тіктеген ерлердің рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Жеңіс күні – адалдық пен батырлықтың, елге деген сүйіспеншіліктің жарқын символы.
Өскемендегі "Жеңіс" мемориалдық кешеніне салтанатты түрде гүл шоқтарын қою рәсімі өтті
9 мамыр – Жеңіс күні Өскемендегі мемориалдық кешенде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан шығысқазақстандық батырларды еске алып, гүл шоқтары қойылды.
Мерейтойлық мереке "Майданнан жеткен үшбу хаттар – сұрапыл соғыс естеліктері" музыкалық-поэтикалық композициясымен басталды.
– Бүгін мәңгілік алау жанып тұратын мемориалдық кешенде майданда қаза тапқан аталарымызды еске алуға жиналдық, – деді үшбу хат оқушылар.
Әскери киім киген «Алтай» хореографиялық ансамблінің қатысушылары «Мәңгілік» би композициясын орындап, оның мәнін би тілі арқылы жеткізді. Соңында суретшілердің бірінің қолында қызыл жалау пайда болады.
– Жеңіс – арғы аталарымыздың аманаты, ол жер бетінде мәңгілік үстемдік құрып, ұрпаққа нұрын төге бермек! – деп аяқталады композиция.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов шығысқазақстандықтарды Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.
– Бүгін біз халқымыздың өлмес ерлігінің естелігіне айналған Мәңгілік алау алаңында бас қостық. Осы мамыр күні бейбіт аспан үшін жанын қиған жандарға бас иеміз. Ардақты ардагерлерге алғысымыз шексіз. Сіздердің ерліктеріңіз – біздің бүгініміз бен болашағымыздың діңгегі. Сіздер – тірі аңыз, батылдық пен батырлықтың жарқын үлгісісіздер. Жеңіске шығысқазақстандықтардың қосқан үлесі зор. 90 мыңнан астам жерлестеріміз майданда соғысып, 5 мыңы "Ерен еңбегі үшін" медаліне ие болды. Әрқайсысы біздің жадымызда, мәңгі жүрегімізде. Соғыс жылдарындағы ерліктері үшін әр ҰОС қатысушысына 5 млн теңге көлемінде бірреттік әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бүгін бұл жиынға мектеп оқушылары мен жастар жиналды. Ұрпақтар сабақтастығы – рухани күшіміздің негізі. Біз балаларымызға тарих деректерін ғана емес, аталарымыздың ерлігін мақтаныш етіп, Отанға деген сүйіспеншілікті жеткізуге міндеттіміз. Біз, қазақстандықтар, өз Отанымызға деген адалдығымыз бен сүйіспеншілігімізді күнделікті еңбекпен дәлелдеп, бейбітшілік пен жасампаздық жолында ерлік жасауымыз қажет! – деп облыс әкімі "Жеңіс" мемориалына гүл шоқтарын қойды.
Мерекелік шара "День Победы" әнімен тәмамдалып, қатысушылар үшбу хаттар байланған шарларды әуеге ұшырады.
Әскери оркестр мерекелік шерумен шараны аяқтады.
Райымбек ауданында Ұлы Отан соғысының батырларына арналған ескерткіш ашылды
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Райымбек ауданы ауылында Ұлы Отан соғысына қатысып, ел тәуелсіздігі мен бейбіт болашағы үшін күрескен батыр Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіш қайта жаңартылып, ашылу салтанаты болды. Соғыс жылдары аядай ғана Талас ауылынан майданға аттанған 104 азаматтан 41 азамат оралып, 63-і, яғни жартысынан көбі майдан даласында ерлікпен қаза тауыпты.
Жалпы, Шалкөде ауылдық округінен аттанған майдангерлеріміз Отан үшін ұрыстарда ерен ерлік үлгісін көрсетті. Біз «Даңқ» орденінің ІІ және ІІІ дәрежесімен марапатталған, Севастополь қаласының Құрметті азаматы атанған Жансая Мақышұлының, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иесі Сатыбалды Әбділдаевтың, «Қызыл жұлдыз» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған, капитан дәрежесінде соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен Нұрілден Исабаевтың, Жапсарбаев Мәмітәлінің және басқа да барлық майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі мен қажырлы еңбегі ешқашан ұмытылмайды.
Ең қуантарлығы – осы ескерткішті жаңартуға бастамашы болған – соғыс ардагерлерінің ұрпақтары. Өз қаражаттары мен уақытын аямай, аталарының аманатын арқалаған ұрпақтың бұл ісі – нағыз азаматтықтың, ұлтқа деген сүйіспеншіліктің белгісі деп білеміз. Ескерткіштің ашылу салтанатына жергілікті атқарушы орган өкілдері, ауыл тұрғындары, соғыс және тыл ардагерлерінің ұрпақтары қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.
Ерлікке тағзым
Ұлы Жеңіс күні… Бұл – батырлық пен ерліктің, отансүйгіштік пен бірліктің шежіресі. 1945 жылы мамырда жеткен Жеңіс – тек қарудың күшімен емес, жүректегі сеніммен, қайыспас рухпен келген ұлы күн.
Атырауда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай қаза тапқан жауынгерлерге тағзым етіп, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Алдымен облыс әкімі мен ардагерлер кеңесінің төрағасы бастап, Отан үшін от кешкен боздақтардың рухына тағзым етіп, мәңгілік алау алдына гүл шоқтарын қойды.
Кейін ардагерлер, Ұлттық қауіпсіздік, Қарулы Күштер мен құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік мекемелер, жастар мен қала тұрғындары да қатысып, гүл шоғын қойып, бір минут үнсіздікпен құрмет көрсетті.
Жанын пида еткен боздақтарымыздың есімі – мәңгілік жадымызда. Әрбір жауынгердің тағдыры – тарихтың алтын әріптермен жазылған парағы. Олар ұрпақ болашағы үшін от пен оқтың ортасында жүріп, ерлік пен елдіктің биік үлгісін көрсетті.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтады
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысының әкімі өңіріміздің ардагерлеріне арнайы барып, мерекелік құттықтауын жеткізді.
Айрықша құрметпен облыс басшылығы Ұлы Отан соғысының ардагері В.Скаленконың шаңырағына барып, ардагердің ерлігі мен ерен еңбегіне алғыс білдіріп, сый-сияпат табыстады.
Сонымен қатар өңір басшысы 102 жастағы ардагер Иван Гапичтің үйіне барып, оны Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады. Ардагерге ерекше ілтипат көрсетіліп, оның Отан алдындағы адалдығы мен ерлігі үшін алғыс айтты.
Сондай-ақ бұл мереке қарсаңында 98 жасқа толған Жайсан Ақбайға да арнайы барып құттықтауын жеткізді. Ардагердің ұзақ ғұмыры мен халыққа сіңірген еңбегі ерекше аталып өтті.
Облыс және қала басшылығы ардагерлерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық тілеп, олардың ерлігі әрқашан ел жадында сақталатынын жеткізді.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Қостанай облысында ардагерлер мен оларға теңестірілген азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған кешенді іс-шаралар өткізіліп жатыр.
Өңірде Ұлы Отан соғысының 10 қатысушысы мен мүгедегі, сондай-ақ ардагерлерге теңестірілген 1 949 адам тұрады. Олардың барлығы мерейтойлық жыл бойы әлеуметтік және медициналық қолдауға ие болып отыр.
Жеңіс күніне орай соғысқа қатысушыларға 5 миллион теңгеден, фашистік концлагерь тұтқындарына – 100 мың теңгеден, қоршаудағы Ленинград тұрғындарына – 60 мың теңгеден, тыл еңбеккерлеріне – 50 мың теңгеден, қаза тапқан ардагерлердің жесірлері мен әйелдеріне – 50 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.
Бұл төлемдерге бюджеттен жалпы 164,7 миллион теңге бөлінді.
Мамыр айының басынан бастап барлық ардагерлер мен оларға теңестірілген азаматтарға Жеңістің 80 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар табысталды, барлығы – 1 959 адам.
Ардагерлерге ай сайын әлеуметтік көмек көрсетіледі: соғысқа қатысушыларға – 39 320 теңге, теңестірілген санаттарға – 11 796 теңге.
Санаторийлік-курорттық емдеуге ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 356 адамды сауықтыруға 108,7 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар санаторийді өз бетінше таңдаған азаматтардың шығындарын өтеуге 54,4 миллион теңге бағытталды.
7 мамырда Қостанай облысынан делегация Астанада өткен әскери парадқа қатысты. Делегация құрамына ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және еріп жүргендер кірді.
Қарағанды облысының барлық қаласы мен аудандарында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған естелік іс-шаралар өтіп жатыр.
Облыс орталығында «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтары қойылды.
Митинг-реквиемге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, әскери қызметшілер, билік өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.
Ерте таңнан бастап тұрғындар өздерінің ата-бабаларын еске алу үшін мемориалға барады.
Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Облыс әкімі, оның орынбасарлары және облыстық мәслихат төрағасы барлық ардагерлердің үйін аралап қайтты.
Олар ҰОС қатысушыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңіс күнімен құттықтап, жіберген атаулы ашық хаттарын және «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медальдарын табыс етті.
Ермағанбет Бөлекпаев 100 жастағы Мария Шинкевичтің үйіне барды. Ол 19 жасында әскери қызметке шақырылған. Мергендік мектептен өтіп, майданға аттанған. Үшінші Беларусь және бірінші Украина майдандарында соғысқан. Чехословакияны азат етуге қатысқан. Жеңісті Прагада қарсы алған. "ІІ дәрежелі Отан соғысы" орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков», «Украинаны азат еткені үшін» екі медалімен марапатталған. Соғыстан кейін түрлі кәсіпорындар мен ұйымдарда кадрлар жөніндегі инспектор, экономист болып жұмыс істеді, 1983 жылы облыстық сауда басқармасынан зейнеткерлікке шыққан.
– Соғыстан кейін туған жеріме оралдым, мен үшін ең жақсы елде – Қазақстанда тұрдым. Мұнда менің ата-анам жерленген, мұнда менің Отаным. Баршаңызға денсаулық және бейбіт аспан тілеймін! – деп қарағандылықтарды Жеңіс күнімен Мария Шинкевич құттықтады.
Облыс әкімі ардагер Сұңғат Саттығұловқа барды. Ол 102 жаста. Майданға 18 жасында Алматы әскери жаяу әскерлер училищесінде оқығаннан кейін шақырылған. Сталинград түбіндегі ұрыстарға қатысқан. Жарақат алып, госпитальде емделгеннен кейін майданға оралған.
"ІІ дәрежелі Отан соғысы" орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталған. 1947 жылы демобилизациядан кейін Алматы облысының Шамалған құрылыс техникумын бітіріп, көп жылдар бойы құрылыста еңбек етті. Қарағандыда 1956 жылдан бері тұрады.
Бүгінде Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының сегіз ардагері тұрады. Жеңіс күніне орай оларға 5 млн теңгеден материалдық көмек көрсетілді. Сондай-ақ тыл еңбеккерлеріне, концлагерь тұтқындарына, қоршаудағы Ленинград тұрғындарына және Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген басқа да санаттарға белгілі бір мөлшерде бі реттік материалдық көмек көрсетілді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.