Оқиға Салтанат сарайы маңында болды. Автобус аялдамасынан келе жатқан жас қыз кенеттен өзін жайсыз сезінген. Қыз жол бойына жақын маңда тұрған әскери қызметшілерден көмек сұраған.
Ұландықтар бірден іске кірісті. Аға лейтенант Бағлан Тәтей, лейтенант Әділет Мұратов және қатардағы жауынгер Даниял Сәрсенғалиев зардап шеккен қызды қауіпсіз жерге шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті.
«Біз келген кезде қыздың жағдайы өте ауыр екені бірден байқалды. Ол теңселіп, әрең жүріп келе жатты. Біз оны жол жиегінен алып кетіп, жарақат алу қаупін болдырмауға тырыстық. Эпилепсия ұстамасына ұқсас жағдай болды: қолдары қалтырап, көзі бұлдырап тұрды. Біз оны бір қырынан жатқызып, басын ұстадық, есінен танып қалмауы үшін үнемі сөйлесіп отырдық. Ең бастысы – оның құлап, өзіне зақым келтіріп алуына жол бермеу еді, – дейді аға лейтенант Бағлан Тәтей.
Куәгерлердің айтуынша, қызда эпилепсия ұстамасының белгілері байқалған. Әскери қызметшілер жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер қызды қалалық ауруханаға жеткізді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.