– Бүгінде Қазақстанда 10,2 млн тонна астық бар, оның 8 млн тоннасы – бидай. Өзіміз шамамен 5,8 млн тонна астық, соның ішінде 3,8 млн тонна бидай тұтынамыз. Демек, биылғы экспорттық әлеует 3,1 млн тонна астықты құрайды. Оның 2,7 млн тоннасы – бидай. Өткен жылдан шамамен 1,3 млн тонна қалдық қалды. Елдегі бар астық халықты нанмен және нан өнімдерімен қамтамасыз етуге де, тұқым және азық-жем қорларын қалыптастыруға да жеткілікті. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 604 мың тонна көлемінен төмендемейтін қосымша астық қорын жинады, – деп сендірді министр Сапархан Омаров.Оның байламынша, қазақстандықтар наннан ғана емес, өсімдік майынан, көкөністен де таршылық көрмеуі тиіс: егістікті әртараптандыру саясаты жүргізілген 9 жыл ішінде майлы дақылдар өндірісі 1,6 есеге артып, 3 млн тонна межесін бағындырған. Көкөніс-бақша дақылдарының жиым-терімі 33%-ға өсіп, 260 мың тоннадан асыпты. Картоп бар-жоғы 4,7%-ға ұлғайып, яғни 193 мың тоннаға жеткен. АШМ басшысының айтуынша, етті мал шаруашылығында да өсім байқалуда. Өткен жылы ет өндірісі 5,8%-ға артып, 1,1 млн тоннаны құрады. Бұл өсім төрт түлік санының өсуімен байланысты. Соңғы 5 жылда сиыр 7,4 млн-ға (23,3%-ға), қой мен ешкі 9,1 млн-ға (+6,6%), жылқы – 2,8 млн-ға (+45,8%) дейін көбейді.
– Еліміз өз малымыздың етімен 85%-ға қамтылған. Сиыр, қой, жылқы және шошқа еті бойынша импорт үлесі 5%-дан аспайды. Тек құс еті бойынша қиындық бар: ол бойынша импорт үлесі 44,7%. Министрлік 2024 жылға қарай отандық құс етімен 100% қамту үшін ынталандыру шараларын қабылдауда, – деді министр С.Омаров.Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко қазақстандықтар онсыз да жеміс-көкөністі, балықты, жұмыртқаны, сүт өнімдерін тамақтану нормасынан 20% аз жейтініне, енді күйзеліс бұл проблеманы одан әрі ушықтыратынына қынжылыс білдірді.
«Осы орайда, бағаны тұрақтандыру, ішкі нарықты азық-түлікпен молықтыру – стратегиялық мәнге ие. Бағаның негізсіз өсуі азаматтардың тамақ сатып алу қабілетін төмендетіп қана қоймай, олардың тұрмыс сапасын да нашарлатады. 2019 жылы және 2020 жыл басында мемлекет бюджеттен төленетін жалақылар мен жәрдемақыларды салмақты өсіріп еді. Оған 5,3 триллион теңге жұмсалды. Енді оны баға қымбатшылығы заяға кетірмегені жөн», – деді Мәжіліс вице-спикері.Депутаттар импортқа қатысты Үкімет өкілдері ақпарынан ерекшеленетін дерек келтірді. Ішкі нарық аса қажет азық-түліктің 11 түрі бойынша шетелдік жеткізілімдерге тәуелді. Балықтың 73%-ы, ірімшіктің 49,5%-ы, шұжықтың 38%-ы, маргариннің 66%-ы, кептірілген жемістер 100%, тауық етінің 45%-ы сырттан тасылады. «Атамекен» ҰҚП мәліметінше, Қазақстан шетелден 81 миллион доллардың етін, 32 млн долларға макаронды, 39 млн долларға томатты, 21 млн долларға жуа тасиды. Сондықтан қалаулылар шенеуніктердің көркем көрсеткіштеріне сыни көзбен қарау керегіне назар аудартты. Доллардың қымбаттауы елге қымбатшылық әкелді. Ірімшік бағасы кейінгі кезде 47%, сары май 50,3%, балық 42%-ға өсті.
Айхан ШӘРІП