Маманның айтуынша, әрбір ана жаңа туған сәбиді дереу тексеруден өткізу қажет. Бұл көптеген қиындықтың алдын алады, - деп хабарлайды Аikyn.kz.
Дәрігер жаңа туған нәрестені 6 айлығына дейін ортопедке қаратып алғанды дұрыс санайды
372
оқылды

Айнұр Әкімжанқызы ұзақ жылдан бері сәбилерді емдеумен айналысып келеді. Ол көп жағдайда дисплазия, варгус, вальгус, баладағы жамбас сүйегі мен ұршықтың дұрыс қалыптаспауы секілді дерттерден айығуға көмектесуде. Алайда ортопед маман соңғы жылдары балалар арасындағы сырқат деңгейінің артып кеткенін айтып, қынжылады.  Әсіресе, гипоксиямен туған, аутистік спектрі бұзылған, сөйлеуі мен психикалық дамуы кешеуілдеген балалар көп туып жатыр.

Маманның айтуынша, әрбір ана жаңа туған сәбиді дереу тексеруден өткізу қажет. Бұл  көптеген қиындықтың алдын алады, - деп хабарлайды Аikyn.kz.

«Негізі жамбас сүйегі дұрыс қалыптаспаған, ұршығында ақау бар, аяғын ішке басатын балалармен көп жұмыс істеймін. Енді бұған аутистік спектрі бұзылған балалар да қосылды. Сәбилер арасында түрлі дерттің алдын алу үшін бірден невролог дәрігерге барамыз ғой. Сол секілді аналар жаңа туған нәрестені алты айлығына дейін ортопедке қаратып алғаны дұрыс. Көп ауруды дер кезінде емдеуге көмектеседі. Баланың жамбас сүйегін, омыртқа жотасын тексертіп, ортопедиялық мәселелерді ертерек шешкен жөн. Себебі дисплазия, ұршықтың шығып кетуі, варус деформациялар секілді диагноздарға дереу назар аудармаса, кеш болады. Сондықтан әрбір сауатты ана баласын ортопедке көрсетуі тиіс», - дейді Айнұр Әкімжанқызы.

Оның пікірінше, баланың дамуындағы өзгерістерді төмендегі белгілер арқылы байқауға болады.  

«Егер нәрестені жатқызып, жамбасын ашқанда сүйектің шықырлаған дыбысы естілсе, баланың екі аяғындағы қатпарлар бірдей болмаса, екі айда басын көтермесе, үш айда аунамаса және алты айда отырмаса, баланың моторлық дамуында өзгерістің бар дегенді білдіреді.  Сондықтан міндетті түрде дәрігерге көріну қажет», - дейді ортопед.

Айнұр ханым дамуында кейбір ерекшеліктері бар балаларға массаждың өте қажет екенін ескертті. 

«Қазір өте көп кездесетін патологияның бірі – құрсақтағы гипоксия. Мұндай дертке шалдыққан баланың басындағы қан тамырларына ауа бармайды. Қан тамырлары дұрыс жұмыс істеу үшін балаға ең алдымен ортопедиялық массаж керек. Бұл – гипоксияны жоюға көмектесетін ең тиімді тәсіл. Өкінішке қарай, қазір балаларда  ЗПРР, ЗРР, РАС, аутизм сияқты ауытқушылықтар өте көп. Тіпті, әлемдік эпидемияға айналып  кеткендей. Тілі шықпаған, қоғаммен байланысында ақаулары көп, түсінігі аса қалыптаспаған балаға да массаж керек. Ауадай қажет! Баланың бас және жауырын аймағында құйымшақ жүйкесі бар. Сол жерді массаж арқылы босатсақ, баланың психикалық күйінде үлкен өзгерістер болып, бірден әсер етеді. Бірақ массаждың техникасын меңгермей, үйде жасау және дұрыс массаж маманын таңдамаудың өте қауіпті екенін ескертемін», - дейді ортопед.