Қазақстанның тарихында алғаш рет бүкіл республика аумағында төтенше жағдай жарияланды. Себебі белгілі, күллі жұртты дүрліктірген коронавирус. Бұрын-соңды біздің елді Эбола, құс және шошқа тұмауы, SARS не MERS секілді ХХІ ғасырдың кең таралған вирустары шарпымаған еді. Алайда коронавирус шекарадан өтті. Енді бізді үлкен сынақ күтіп тұр. Әрекетіміз қандай болмақ: үрейге бой алдырып, әркім басын алып қаша ма, әлде біртұтас халық болып, карантиннің жүгін бірге көтереміз бе? 2011 жылы 11 наурыз күні Жапония 9 балдық жер сілкінісінен туған цунамиден қатты зардап шекті. Он мыңдаған кісі баспанасыз қалды, көпшілігі мұхит түбіне мәңгілікке кетті. Бұл апат аралдардағы инфрақұрылымдарды бұзды. Фукусима аймағындағы тұрғындар электр қуатынсыз, сусыз, тамақсыз қалды. Алайда осыған қарамай, жапондар үкімет таратқан азық-түлікке ұзын-сонар кезекке тұрып, асықпай, аптықпай, сабырлық танытты. Дүкендерді тонауға, жаппай қылмысқа жол бермеді. 2005 жылы тамыз айында «Катрина» ураганы АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласына үлкен шығын әкелді. Табиғаттың тосын мінезінен құрбан болғандар аз емес еді. Дегенмен жағдайды қалыпқа келтіруде полиция біраз қиындыққа кезікті. Себебі кейбір тұрғындар ас-судың жетіспеуінен жергілікті супермаркеттерді тонауға кірісті. Қалада ара-тұра атыстар да болып тұрды. Кейде полиция жазықсыз кісілерге оқ жаудырған сәттер де болды. 1997 жылы Оңтүстік Корея Азиядағы қаржылық дағдарысты сезінген елдердің қатарында еді. Сондықтан Халықаралық валюта қорынан көмек сұрады. Бұл ұйым корейлердің көкірегін итермеді, бірақ шығынды қысқарт деп шарт қойды. Банктер бұрынғы деңгейде жұмыс істеу үшін валюта жетпей жатты. Жағдайдың ушыққанын көрген қатардағы корей азаматтары банкке алтын әшекейлерін өткізе бастады. Спортшылар түрлі халықаралық турнирлерде жеңген алтын медальдарын тапсырды. Тіпті, бағалы заттарын өткізушілердің қарасы көбейгені сонша, олар ұзын-сонар кезекке тұрған. Ал жұмысқа асыққандары кезегін күте алмай, алтынын алдында тұрған кісілерге тапсырып, ақшасын алмай кеткен. Корея Республикасы 1999 жылы-ақ жағдайын түзеп, экономикасының даму көрсеткіші 10 пайызға жетті. 2010 жылы Грекия бұрын-соңды тарихында болмаған қаржы дағдарысына ұшырады. Бұл ел Еуроодақ пен Халықаралық валюта қорынан 110 млрд еуро қарыз алды. Алайда екеуі де белді бекем буып, артық шығынды кемітуді талап етті. Бұл ел бойынша тарифтердің қымбаттауына әкелді. Соның бірі қоғамдық көлік ақысы еді. Сонда Грекия тұрғындары көшеге «Төлемеймін» деген атақты ұранын алып шықты. Елде тек қаржы-экономикалық қана емес, саяси дағдарыс та байқалды. Ежелгі Элладаның ұрпақтары аталған дағдарысты тек 8 жылдан кейін ғана ауыздықтауға шамасы жетті.
Ұлт – тобыр емес. Алғашқы қажетін қанағаттандырумен шектелетін адамдар жиынтығы емес. Бұл – өткені бір, түсінігі ортақ, дүниетанымы ұқсас, құндылықтары мен салт-санасы қалыптасқан, бағыты мен бағдары айқын жұмылған жұрт. Ұлттың сапасы сын сәтінде байқалады.
Бұл деректер бір ұлтты ұлықтап, басқасын кемсіту үшін жазылған жоқ. Соғыс барысында, айталық жапон әскерінің көршілеріне көрсеткен азабы аз болмады. Алайда ХХІ ғасырдағы жағдай басқа. Заманауи түрлі сынаққа әлем халықтары түрліше жауап қатуда. Біреуі сәтті пайдаланып, қара басының қамын күйттесе, басқасы «көппен көрген ұлы той, сабыр» ережесін ұстанды. Әрине, бұл әр халықтың менталитетіне, түсінік-танымына, салт-дәстүріне, терең тарихына, өмір философиясына тікелей байланысты. Бұл жерде біреудікі жақсы, басқанікі нашар деген ұғым жоқ. Дегенмен қазақ «үйрен де жирен» дейді. Елде алғаш рет республика бойынша төтенше жағдай жарияланғанда, біз өзімізді қандай ұлт ретінде көрсетеміз? Өзгеге емес, өзімізге. Ұлт – тобыр емес. Алғашқы қажетін қанағаттандырумен шектелетін адамдар жиынтығы емес. Бұл – өткені бір, түсінігі ортақ, дүниетанымы ұқсас, құндылықтары мен салт-санасы қалыптасқан, бағыты мен бағдары айқын жұмылған жұрт. Ұлттың сапасы сын сәтінде байқалады. Оның мысалдарын жоғарыда келтірдік. Бүгін де біраз мысалды байқауға болады. Коронавирус біраз мемлекетті әбігерге салды. Осы тұста ақпанның 20-да Қытайдан келген украиндықтар өз еліндегі Жаңа Санжар елді мекенінде санаторийге карантинге орналасу керек еді. Алайда жергілікті тұрғындар өз отандастары ауру тасиды деп үрейленіп, олар отырған автобусты таспен атқылады. Осыған ұқсас жағдай Иранда да тіркелді. 29 ақпанда Бендер-Аббас қаласының тұрғындары коронавирус жұқтырған науқастардың жергілікті ауруханаға жатқызылуына наразылық ретінде сол аурухананы өртеп жіберді. Бұдан бөлек, ауру шарпыған Иранда вирустан аман қаламыз деп түрлі арақ-шарап, басқа да химиялық сұйықтық ішкен 40 адам қайтыс болды.