Сонымен қатар олардың қаржылық сауаттылығын арттыру мен жеке қаржыларын басқару дағдыларын дамытуға бағытталды.
Міне, осы жоба өз нәтижесін беріп, «Қарызсыз қоғам» идеясы негізінде «Қайта Бастау» қаржылық тұрақтылық жобасы пилоттық режимде Қарағанды облысының екі ауданында – Бұқар жырау және Осакаров аудандарында жүзеге асырыла бастады.
«Қайта Бастау» жобасының басты мақсаты – несие бойынша қарызы бар тұрғындарға көмек көрсету. Яғни, қаржылық сауаттылықты оқытуға және жұмысқа орналасуға баса назар аудару. Қабылданған шаралардың арқасында борышкерлер саны азайғанын атап өткен жөн. Алдағы уақытта өзінің тиімділігін көрсеткен пилоттық жоба бүкіл облыста жүзеге асырылмақ. Пилоттық жобаның нәтижелері туралы облыс әкімі өткізген аппараттық кеңесте айтылды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар екінші деңгейлі банктермен және «Қарызсыз қоғам» жобалық офисімен өзара іс-қимыл тетігі пысықталғанын атап өтті.
– Несиелер бойынша борышкерлерді жұмысқа орналастыруда барлық мүмкіндік пайдаланылады. Солардың бірі – бос орындар және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік бағдарламалары. Бағдарламаға несие бойынша кемінде үш айлық берешегі бар қарыз алушылар қатысады. Бірінші қадам – борышкердің қаржылық жағдайын тұрақтандыру. Осыдан кейін оған банкпен немесе микроқаржы ұйымымен өзара қарым-қатынасты реттеуге көмектеседі, – дейді Төлеу Мұхтар.
«AMANAT» партиясының қаржылық сауаттылық пен халықтың хабардарлығын арттыруға ықпал ететін «Қарызсыз қоғам» жобасы айтарлықтай қолдау көрсеткен.
31 наурыздан бастап Бұқар жырау және Осакаров аудандарында қаржылық сауаттылыққа оқыту жүргізілуде. Жоба бойынша мерзімі 90 күннен асатын несиелер мен шағын несиелерге тап болған адамдарға тегін құқықтық көмек көрсететін заң қызметі өз жұмысын бастап кетті.
– Біз жүргізіп отырған шаралар жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге, сондай-ақ банк секторымен өзара іс-қимыл арқылы мерзімі өткен берешекті реттеуге бағытталған. Бұдан басқа, белгіленген критерийлерге сәйкес келетін өтініш берушілерге соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану мүмкіндігі беріледі. Мысалы, Осакаров ауданында көпбалалы отбасы несие бойынша миллион теңгеден астам қарызы бар. Ал отбасылық табыс кедейлік шегінен төмен. Көпбалалы анаға жұмысқа орналасуға көмектесіп, банк қарызды қайта құрылымдауға кірісті, – дейді Төлеу Мұхтар.
Оң тәжірибені ескере отырып, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Қайта Бастау» жобасының географиясын кеңейтуді, оны бүкіл өңірге таратуды тапсырды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы