Музыка – шекарасыз өнер. Әсіресе, француз әуендері – сезім мен сырға, нәзіктік пен махаббатқа толы әлем. Бүгін Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония осы сазды әлемге есік ашты. К. Жұмакенов атындағы үрлемелі оркестр «L’amore, la musique, la France» атты концерттік бағдарламасын көрермен назарына ұсынды.
Бағдарламада аты аңызға айналған француз композиторларының шығармалары мен эстрадалық хиттер шырқалды. Пол Мориа, Владимир Косма, Жо Дассен, Шарль Азнавур, Эдит Пиаф, Лара Фабиан, Zaz, Мирей Матье сынды өнер майталмандарының туындысы көрерменге ұсынылды. Үрлемелі оркестр мен талантты вокалистердің бірлескен орындауындағы туындылар тыңдарманға таныс әуендерді жаңа өңдеуде тамашалауға мүмкіндік берді.
Концертке Қазақстанның жетекші солистері де қатысты. Олардың қатарында Ақбота Құснадин, Қымбат Жамбылбек, Аида Узак, Кұралай Мейрамбек, Анель Смаилова, Алтыншаш Мұқатаева, Диана Май, Бақдәулет Жақұпов пен Муратбек Хайролда бар. Сонымен қатар ерекше орындауларымен көрермен көзайымына айналған Art4men квартеті де кештің көркін аша түскен сыңайлы.
Кеш бағдарламасына «La valse d’Amélie», «Belle», «Je t’aime», «Milord», «Non, je ne regrette rien», «Padam Padam», «Et si tu n’existais pas», «Le temps des cathédrales» сынды туындылар енген. Әрбір шығарма – махаббаттың, сағыныштың немесе өмір қуанышының көрінісі. Концерт барысында саксофон, тенор-саксофон, оркестрлік соло сияқты аспаптық нөмірлер де орындалды.
Шығармашылық кештің бас дирижері – Данияр Рахымғалиев. Үрлемелі оркестрдің көркемдік жетекшісі – Нұрлан Почиталин. Эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі – Дана Сатаева, ал классикалық вокал бөлімінің жетекшісі – Раушан Шоткалиева болды.
«L’amore, la musique, la France» – тек француз музыкасы ғана емес, бұл – саз арқылы жүрекке жеткен махаббат хаты. Сырлы әуендер мен жанды дауыс үйлескен аталмыш кеш нағыз музыкалық мереке болмақ.