Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында Эстрадалық вокал бөлімі мен «Қорқыт» этно ансамблі біріккен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Кестелі орамал» атты мерекелік концерт өтті. Атаулы күнге арналған бұл кеш қанды майданда ерлік көрсеткен батырларға тағзым ету, сондай-ақ сол заманның рухын қазіргі ұрпаққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Концерттің атауы «Кестелі орамал» деп кездейсоқ таңдалмаған. Бұл символды атау соғыс жылдарында майданға аттанған жауынгерлерге аналар мен жарлар, қарындастар мен сүйгендері сыйлаған орамалға сілтеме жасайды. Әрбір кестеленген орамал – махаббаттың, үміттің және елге аман оралуға деген сенімнің белгісі болған. Сол себепті бұл кеш – тек концерт емес, жадымызда жатталған жан тебірентер естелік.
Кешті «Қорқыт» этно ансамблі сүйемелдеді. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек. Қазақтың көне сарындарын жетік меңгерген ұжым кешке айрықша рухани көркемдік берді.
Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Естай Мұқашев, Арайлым Рахымқызы, Гүлнұр Оразымбетова және Халықаралық және Республикалық байқаулардың жеңімпаздары Алтыншаш Мұқатаева,Ақбота Құснадин, Құралай Мейрамбек,Рамазан Елебаев, Диана Май, Айдын Жумабаев, Парасат Отан, Анель Смаилова, Әкімхан Маженов, Қымбат Жамбылбек сынды өнер майталмандары қатысты.
Көрермен назарына ұсынылатын туындылар арасында «Ах, Самара городок», «Прощайте, скалистые горы», «Смуглянка», «Катюша», «Майский вальс», «Журавли», «Темная ночь», «Три танкиста» секілді ХХ ғасырдың ең әйгілі жауынгерлік әндері бар. Бұл туындылар көрерменді майдан даласына жетелеп, сол кезеңнің ауыр да айбынды рухын сезіндірді.
Сонымен қатар отандық композиторлардың төл туындылары – «Бабалар аманаты», «Жас қазақ», «Алия», «Ана туралы баллада», «Жолыңа қарап тұрдым мен», «Кестелі орамал» сияқты шығармалар орындаушылардың шынайы тебіренісіне толы интерпретациясымен көрермен жүрегін толқыта түсті.
Концерттің финалында барлық орындаушылар бір сахнаға шығып, көрерменмен бірге Жеңістің символына айналған әнді – Давид Тухмановтың «День Победы» шығармасын орындады. Бұл ән бірліктің, ерлікке тағзымның және бейбітшілікке деген алғыстың белгісі іспетті.
Аталған концерт – соғыстан қайтпаған боздақтарға құрмет, аман келген ардагерлерге алғыс, ал бейбіт өмір сүріп жатқан елге береке тілейтін жүректен шыққан үн.