Еуропа да тітіреп тұр
Соңғы деректерге қарағанда, COVID-19 вирусы жаһанда тек Океанияның бірнеше еліне ғана жетпегені белгілі болды. Қауіпті эпидемия өзге құрлықтардың барлығында тіркелген. Медицинасы дамыған Еуропа елдерінде де қазір жағдай өте күрделі. Сондықтан карантин тәртібін енгізген мемлекеттер қатары сәт сайын артып келеді. Мәселен, Испания 15 күндік карантин енгізді. Испандықтар енді үйлерінен тек азық-түлік алуға немесе өте маңызды шаруа болса ғана шығатын болады. Ел премьері Педро Санчес коронавируспен күреске армияны да жұмылдыруға даяр екенін мәлімдеді. Өйткені Испания Еуропада COVID-19 вирусынан өлгендер саны жөнінен екінші орынға шықты. Елде 6 мыңнан астам адам вирус жұқтырса, олардың 193-і көз жұмған. Ал Италияда індет жұқтырғандар саны 20 мыңға жақындап, 1 260-тан астам адам өмірден өтті. Италияда карантин 9 наурыз күні енгізілді. Сонымен қатар Еуропаның тағы бір қуатты мемлекеті Францияда да эпидемияға қатысты қатаң шаралар қабылданып жатыр. Бұл елде 4,5 мың адам індет жұқтырып, 100-ге жуығы көз жұмды. Сондықтан ел билігі азаматтардың қоғамдық орындарға, мейрамханалар мен дәмханаларға, кинотеатрлар мен түнгі клубтарға баруына, түрлі шара өткізуге тыйым салды. Тіпті, ірі сауда орталықтарының да қызметіне шектеу қойылды. Тек азық-түлік пен өте маңызды заттар сататын дүкендер ғана жұмыс істеп тұр. Қазір Еуропаның Германия, Ұлыбритания тәрізді елдерінде қозғалыс шектелген. Дания, Чехия, Словакия, Польша, Украина қатарлы елдер шетелдіктерді елге мүлдем кіргізбеуге бекінді. Өйткені Еуропа мемлекеттері індеттің өршіп кетуіне жол беріп алды да, қазір кәрі құрлық эпидемия орталығына айналып бара жатыр. Одан бөлек, АҚШ-та төтенше жағдай жариялады. Ал Қазақстан болса, төтенше жағдайды індет тарамай тұрып енгізу арқылы, COVID-19 вирусының кеңінен таралуының алдын алуға ұмтылуда. Демек, төтенше жағдайдың мемлекет пен азаматтар қауіпсіздігі үшін ұйымдастырылған шара екенін назардан тыс қалдырмаған дұрыс.Бәрі өзімізге байланысты
Еліміздегі төтенше жағдай режимі 15 сәуірге дейін созылады. Ресми түрде солай жарияланды. Алайда халықтың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындауы, сақтану шараларын бұлжытпауы індеттің жайылуына жол бермеуі мүмкін екенін ескеру керек. Демек, құзырлы мекемелер таратқан нұсқаулықтарды орындау төтенше жағдайдың уақытын да қысқартуға септігін тигізуі мүмкін. Сондықтан көпшілік жиналатын орындарға бару, той-томалақ жасауға, шетелге шығуға ұмтылу құптарлық іс емес. Егер сақтану шараларына мұқият болсақ, індеттің таралу қаупі сейілсе, төтенше жағдай режимі 30 күннен аз болуы да ғажап емес.Ардақ СҰЛТАН