Ағайынның амандығын кім ойлайды?
«Коронавирус тойға тосқауыл бола алмайтын секілді», – дейді кейбіреулер. Әлі де болса, дүбірлетіп той өткізіп, қуанышын атап өтіп жатқандар баршылық. Ірі қалада болмаса да, өңірлерде той-томалақ жалғасып жатыр. Кешеге дейін той дүбірі басылған жоқ. Бірі баласын үйлендіріп, енді бірі қыз ұзатып, тағы біреулері мерейтойын атап өтіп жатыр. Той иелері бас тартқанымен, мейрамхана иесі алған ақшасын қайтармайтыны белгілі. Сондықтан қос тарапқа да оңай соқпасы анық. Кей мейрамхана иелері де санитарлық талапты сақтауға дайын екендерін айтады. Нұр-Сұлтандағы мейрамханалардың 40 пайызы той өткізуден бас тартқан. Шектеу қойылғанға дейін той өткіземін деп ақшасының белгілі бір мөлшерін төлеп, мейрамханамен келісімге келгендер не істейді? 27 наурызға үйлену тойына 1 миллиондай қаржысын төлеп қойған Әсеттің де осындай уайымы бар. «Тойдан бас тарту туралы айтып жатыр. Біраз шығын кетті. Қалай болатынын білмеймін?», – дейді Әсет. Жас жігіттің той өткіземін деген ниеті дұрыс шығар. Бірақ тойға келетін қонақтар бар ма? Дастарқан бос қалып, шығын екі есе артпасына кім кепіл?! Төтенше жағдай жарияланғанға дейін өңірлердегі бірқатар тойханаға тұтынушы ретінде хабарласып, қауіпті науқан кезінде жұмыс істей ме, жоқ па, бақылап көргенбіз. «Тойхана жұмысын тоқтату туралы бізге ешқандай тапсырма келген жоқ. Сондықтан сенімді түрде келіп тапсырма бере берсеңіз болады. Қандай қуанышыңыз болмасын, өткізіп береміз» деп «Гаухартас» мейрамханасының меңгерушісі Қарлығаш есімді азаматша тойхана жұмысы тоқтамайтынын анық сездірді. Ал «Ақорда» мейрамханасының меңгерушісі «ауру адам тойханаға келмейтін шығар» деп жағамызды ұстатты. – Күнделікті жұмыс істеп тұрмыз. Кеше ғана той өтті. Бүгінде банкет қабылдап жатырмын. Коронавирус дертіне қатысты кейбір ойын-сауық орны жабылып жатқанын естідік. Алайда тойға ауру адам келмейтін шығар. Сондықтан біз жұмысымызды тоқтатпаймыз, – дейді тойхана меңгерушісі. «Хан Төрі» мейрамханасының иесі болса, тойханаға 100 адамға дейін тапсырыс қабылдай беру туралы рұқсат берілгенін айтады. – Бізге 100 адамға дейін той өткізе беруге рұқсат берілді. Тапсырыс берушілерге қонақтары осы саннан асып кетпеуі туралы ескерту жасап жатырмыз, деген мейрамхана меңгерушісіне біз жасағалы жатқан тойға 150 адам шақырып қойғанымызды айтқан едік, ол еш қиындықсыз аталған адам санымен де той өткізіп беруге уәде етті. Демек, «100 адамға дейін» деген шектеу, тек сырт көз үшін ауызекі айтылған тапсырма екені анық байқалды.Қауіп қайдан демеңіз...
Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін мейрамхана басшыларының көзқарасы өзгерді ме? Біз осы мақсатта бірнеше мейрамхана басшыларына қайта хабарласып, мәселенің анық-қанығын білген едік. Жоғарыда аталған «Хан Төрі» мейрамханасының иесі: «Бұл дерттің алдын алу үшін жасалып жатқаны дұрыс. Әйткенмен, оның кесірі бізге қатты тиеді. Наурыз айына біраз тапсырыс алып қойғанбыз. Енді оның бәрі болмаса, жағдай қиындай түседі. Жұмыс тоқтап қалса да, қызметкерлеріміздің жалақысы тоқтатылмайды. Өйткені бізде жалақы пайыздық мөлшерлемемен есептелмейді. Айма-ай төленіп тұрған соң, ешқандай түсім болмаса, еңбекақы төлеуіміз қалтаға ұрады. Тым құрығанда, 2-3 күндік тойымызды атқарсақ, жақсы болар еді деген тілегіміз бар. Мәселен, наурыздың 21-23 күні той белгіленген. Аяқасты карантин жарияланып, 16 сәуірге дейін деп болжап отыр. Бәрі тынышымен бітсін. Дегенмен одан соң ораза басталады. Ол кезде де той-томалақты ешкім өткізбейді. Арадағы 6 күнде біреу-міреу той істейді деп ойламаймын. Үлкен минусқа кіреміз. Ірі мейрамхана болған соң арнайы күзетшілер бар. Олардың жалақысы тағы бар?! Даяшы, әкімші, аспаз – бәрі бізге қарап отыр. Олар да бір-бір отбасын асырап отырған жандар. Той-томалақ былай тұрсын, төлейтін салық жағдайымыздың оңалғанын күтпейді ғой. Пайдаланбасаң да төленетін газ, жарық, жер салығы тағы бар. Сол үшін 1-2 айға демалыс беріп, Үкімет те бір жағымызға шығуы керек. Әкімдіктен «той өткізілмесін» деген ескерту әлі жасалмады. Сондықтан тойды өткізу-өткізбеуді білмей дал болып отырмыз. Той иелерінің де «Тойды тоқтатамыз ба, не істейміз?» деп хабарласуы толастар емес. Жергілікті учаскелік милицияға хабарлассам, «камерамен рейдке шығамыз», – деді. Әкімдіктен «ескерту болмады» деп тойды өткізіп жатқанда, рейд үстінен түсіп, пәленбай айыппұл төлетсе, одан не пайда? Күнкөріс үшін өзімізге де тиын-тебен қалуы керек емес пе?!», – дейді. Ал «ГрандХол» тойханасының өкілі Мадияр: «Әзірге бір айдай той өткізілмей, жұмыс тоқтатылатын болды. Өзім алдағы уақытқа тапсырыс қабылдай беруім мүмкін. Қалғанына жұмыс тоқтатылды. Ертең өткізетін той да жоқ. Тойдың өткізілмеуі той иелерінен бұрын қызметкерлеріне ауыр соққы. Өзім осы жерде әкімші болып еңбек етемін. Бүгіндікке 300 қызметкердің 290-ы «несиеміз бар еді, осы айда оны қалай төлейміз» деп шырылдап жатыр. Не істерімді білмей, жүрегім қарс айырылып отыр. Қазір тас лақтырсаң, несиесі барына тиеді ғой. Той болмаған соң оларға ақы да төленбейді. Үкімет тарапынан соларға несиесінің төлейтін уақытын кейінге шегергені дұрыс еді. Ол кезге дейін бұл дерт те басылып, біржақты болар. Тіпті, мейрамхана мен тойхананың бәрі – жекеменшік. Олар өздері де несие алып отыр емес пе? Бұл жағдай ешкімге оңай болмайын деп тұр», – дейді. Тіпті, кейбір мейрамхана иелері «той жасағанымызбен, шақырылған қонақтар келмей қала ма деп қорқып отырмыз», – дейді. «Оның ішінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Тараздан келетін қонақтар бар. «Қонақтарым келмейтін болды» деп той иесі хабарласты. Оларды да түсінуге болады. Азық-түлігін алып, тағамдарын жобалап даярлап қойды. Одан бас тарту – үлкен шығын. 50-60 адамға рұқсат беріп жатыр. Онда да қазаға, жетісіне орай болған соң кеше өткіздік. Шынымен, кейбір мейрамханалар тоқтатып жатыр. Сол себепті қандай үкім шығарылса, соны ұстанамыз. Басқа қолдан келер шара жоқ», – дейді кәсіпкер. P.S. Елімізде 18 мыңнан астам мейрамхана мен дәмхана бар екен. Егер той өткізушілердің бәрі бас тартса, кәсіпкерлер көлемді түрде шығынға ұшырауы мүмкін деген пікірлер де айтылып жатыр. Вице-премьер Ералы Тоғжанов: «Әр азамат өзін ғана ойламауы керек. Әр азамат өз отбасының, туысқандарының да жағдайын ойлағаны дұрыс» деген еді. Дегенмен біз үшін маңыздысы – ұлт саулығы. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген Сабыр Адай сөзі – рас сөз. Әр қазақ – біздің жалғызымыз. Ұлтты сақтайық!Гүлзина БЕКТАС, Анар ҚОНЫС