Қоқыс кәдеге жарайды

Қоқыс кәдеге жарайды

Қоқысты қайта өңдеу ісі мемлекетіміздің біраздан бері бас ауруына айналған. Нақ­тырақ айтсақ, кеңестік кезеңнен бастап қоқыс алаңдарында тұрмыстық қалдықтар көп­теп жинала бастады. Нәтижесінде, 2019 жылы Қазақстанда пластмасса, қағаз бен әйнек­ті алдын ала сұрыптаусыз көмуге тыйым салынды. Ресми мәлімет бойынша, былтыр елімізде қоқыс өңдеу ісі 3 пайызға артқан. Алайда республика аумағындағы 20-дан астам қоқыс полигоны 125 млн тонна коммуналдық қалдыққа толған. Оған заңсыз қоқыс алаңдарын қосыңыз. Қалдық жетерлік, дегенмен қоқысты қайта өңдеу кәсіпорындарының ісі неге тұралап тұр? Не көмусіз, не сұрыптаусыз қоқыс қайтсе жойылмақ? Күллі әлем жұртын дүрліктіріп отырған коронавирус қаупінің алдын алуда әрбір азаматтың сақтығы мен гигиенасы маңызды. Бәлкім, бар мәселені табиғат алдындағы жауапкершілігін толық сезінбеген қоғам салғырттығына жаба саламыз ба?  

Кәсіпорындар шарасыз

Қазіргі кезеңде ел аумағында қоқысты сұрыптап, қайта өңдейтін 210 кәсіпорын бар. Санына қарап, «мұнша кәсіпорын неге қауқарсыз» деуіңіз мүмкін. Бірақ зауыттардың өндірісі тұралап қалған. Қоқыс мөлшері де, соған сай кәсіпорын саны да артуда. Алайда нәтиже жоқ. Себебі қоқысты ши­кізат ретінде шетелге өткізу тиім­дірек болып тұр. Үкімет 2030 жыл­ға дейін тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жет­кізуді көздеген. Қазіргі көрсет­кіш 13 пайызды құрап отыр. Егер осы қарқынды күшейтпесе, ме­женің орындалмасы анық. Дамы­ған Швецияда қоқыс өңдеу көр­сеткіші 99 пайызға жеткен. Электр қуаты бір төбе, аталған ел қоқысты табыс көзіне айналдырып, өзге мемлекеттерден шикізат тасымал­дайды. Шикізат көзі жетіп арты­латын ­Қазақстандағы кәсіпорын­дарға не кедергі? Осы сауалды KazWaste қазақстандық қал­дық­тарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мұс­тафинаға жолдаған едік.
– Елдегі барлық кәсіпорынның қалдықты қайта өңдеуге қауқары жеткілікті. Бірақ қағаз, картон, пластик сынды шикізаттың көбі шетелге тасымалданады. Оның себебі ел аумағында қалдық та­сымалдау логистикалық жағынан тиімсіз. Оның үстіне, шетелде ши­кізатты жоғары бағамен қабыл­дайды. Заңсыз ақша табуды көзде­ген жандарға бұл пайданың көзі болып тұр. Бұдан бөлек, қоқысты шығару мен утилизациялауға арналған тариф әртүрлі. Жыл сайын коммуналдық төлемдер қымбаттап жатыр. Оған техника мен жанармай бағасын қосыңыз. Бізде халық коммуналдық шығы­ны үшін ақы төлемейді. Үлкен қа­­лалардағы кейбір компания­лар­дан басқасы табыс тауып отырған жоқ. Табыссыз кәсіпорындар қосымша өндіріс ашып алған. Тарифті ин­вестиция деп қарауға болмайды. Одан да қоғамға қоқыс сұрыптау мәселесін насихаттаған абзал, – дейді маман.
Сондай-ақ осы саладағы маман тұрғындар қоқыс шығарарда сұ­рыптауға немқұрайды қарайтынын айтады. Әр қазақстандық орта есеппен жылына 250-360 келі тұрмыстық қалдық тастайды. Қоқыс алаңдарының толып қалу себебін осыдан-ақ түсінген жөн.  

Қоқыс полигондары қалдыққа толы

Қатты тұрмыстық қалдықты игеріп, қайта өңдеу жөніндегі халықаралық кеңесші Егор Зингер 1997 жылдан бері ондаған мем­лекетті аралап, тәжірибелерін зерт­теген екен. Зингер инвестор­лармен бірлесіп Қазақстанда ал­ғаш рет Нұр-Сұлтан мен Алматыда қоқыс сұрыптау-қайта өңдеу за­уыттарын ашып, қоқысты бри­кет­теу жүйесін енгізген. Алайда қар­жы дағдарысынан соң кәсібі жа­былған. Зингердің тәжірибесінде, жалпы тұрмыстық қалдықтардың 15 пайызы ғана полигонға кету керек екен. 2018 жылғы дерек бойынша Қазақстандағы 3,5 мың полигонның ешбірі санитарлық-экологиялық нормаларға сай кел­меген. Қазіргі жағдай да оңып тұрмағаны анық. Жыл басында бір ғана Ақтау қаласында 15 жылдан бері тазаланбаған 87 заңсыз қоқыс алаңы анықталған болатын. Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында да далаға шашылған қоқыс мәселесі шешілмей келе жатыр. Кәсіпорындар жайы белгілі, ал халық қоқыс мәселесінде жауапкершілігін сезініп жүр ме?  

Қоғам қоқысқа бейжай қарайды

Көпшілік «барлық қалдық – бір қоқыс» деп есептейді. Жұртқа күйе жағар ниеттен аулақпыз, де­генмен шындығы – осы. Мысалы, көп жағдайда тұрғындар үйден қоқыс шығарар алдында қалдық­тарды жіктемейтінін білеміз. Пластмасса, әйнек немесе қағаз, азық-түлік қалдығы – бәрі бір па­кеттің ішінде. Үй ауласында тұ­ратын қоқыс жәшіктеріне үңілсе­ңіз, әр жәшік бөлек қалдыққа арналғанын көресіз. Алайда жіктеп жатқан жан аз. Жоғарыда атап өткендей, жұрт үлгі ете айтатын қо­қыс өңдеу дамыған мемлекет­тердің ең басты артықшылығы – қоғамның осы мәселеде жауап­кершілігін сезіне алуы. Тұрмыстық қалдықтарды халық сұрыптап үй­ренуі үшін заңды қатаңдату керек пе, әлде тәрбие ісінде кем-кетік бар ма? Экобелсенділер бұл та­қырыпта жиі сөз қозғап жүр. Пікірлер де әртүрлі. Экобелсенді Назым Сапарова бірнеше жылдан бері қалдықтарды сұрыптау жайын халыққа медиакеңістік арқылы дәріптеуге көшкен.
– Мемлекет тарапынан осы мәселеге байланысты қолға алын­ған жобалар жетерлік. Ол жоба­ларға еріктілер де қатыса алады. Қоқыс қабылдайтын пункттер де бар. Көбіміз қоқыс өңдеу жайы сөз болғанда, Еуропа елдерін айтып үлгі алсақ дейміз. Содан соң Үкімет тарапынан түк те жасалмады деп даурығамыз. Бірақ бұлай айтуға негіз жоқ. Қоғам әлі қоқыс сұрып­тауды толық үйренбеген, тіпті ха­барсыз. Еуропадағыдай өмірді жасайтын – өзіміз. Арнайы қоқыс қабылдау пункттеріне барып, қо­қыс өткізсек жөн болар еді. Алайда жарнамасыз. Суретке түсіп, мақта­ныш тұту үшін емес, өзіміздің әле­міміз үшін. Немқұрайды қарау­ды доғарсақ екен. Адамдар әлем ал­дындағы өз жауапкершілігін се­зінуі керек. Заң қажет, дәріптеу же­тіспейді деген сылтаулардың қа­жеті жоқ. Жоба негізінде әре­кет­ке көш­сек – құп. Медиа арқылы адамдарға әсер ету деген түсінік бар. Эко­бел­сенді ретінде медиа са­ласы арқылы жо­баларды іске асырып жатыр­мыз, – деді табиғат жанашыры.
 

Әлемдік тәжірибесі

Дамыған елдер үшін жерде жатқан қоқыс – табыс көзі. Бизнес қана емес, әлеуметтік жауапты іс. Яғни, қалтаға да, табиғатқа да пайда әкеледі. Қарапайым қағаз­дан бастап, шөлмек пен темірге дейін қайта өңдеуге жарамды. Мысалы, Франция қоқыс сұ­рып­тауда алдыңғы орынның бірінде. Париж маңындағы Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқысты парализ әдісімен өртеп, атмосфераға зиян кел­тірмейді. Қоқысты өңдеу арқылы француздар алюминий, әйнек пен газет қағазын шығарады. Ал миллиардтаған халқы бар Қы­тайда қалдықтарды өңдеу қолма-қол ақшаға мұқтаж жұмысшылар арқылы іске асады. Осылайша, шикізаттың басым бөлігі өтеледі. Бір аралды мекендеген Жапония халқы қоқысты тиянақты сұрып­таумен ерекшеленген. Өртелген қоқыс күлін арнайы құрылғымен тығыздап, ғимарат тұрғызғаны бір бөлек, жасанды аралдар да салып жатқаны таңғаларлық.   Түйін: Өркениетті елдің бір қасиеті – ескіден жаңа дүние жасап шығаруында. Бұл өзімізді қор санаудың кебі емес. Халық арасында қоқыс сұрыптау мә­дениетін дәріптеуге ұмтылған ниет. «Тазалық – иманның жар­тысы» деуші еді. Ендеше әлем мен жан тазалығына бейжай қара­майтын уақыт жетті деп білеміз. Әйтпесе, қаңбақтай желмен қаң­ғыған қоқыс көрсеңіз, дала­ңыздан не қайыр?!  

Мадияр ТӨЛЕУ