Балқаш көлінің 80% суы Іле өзенінен келеді. Іленің басы Қытайда жатыр. Соңғы 20 жыл ішінде Іленің суы үсті-үстіне азайып, Балқаш көлі мен Қапшағай су қоймасына қауіп төндіруде. Егер Балқашқа Іле өзені арқылы қажетті су келмей қалса, ол да Аралдың кебін киюі әбден мүмкін. Сондықтан бұл – дабыл қағатын мәселе.
– Ал егер Ертістің емес, арыда жатқан Оба өзенінің суын әкелсек ше? Оның суы мол әрі Ресейдің сібір аймағында халық азайып жатыр деген де әңгіме бар ғой... – Біріншіден, Обаның суын бұру техникалық тұрғыдан қиын. Екіншіден, бұл жоба бізге қымбатқа түседі. Оның суын Сырдария мен Шардара су қоймасына жеткізгенше бір текше метрі 3-5 долларға шығып кетуі мүмкін. Сібірдің суын бері бұру тақырыбы Өзбекстанның оң жамбасына келетін тақырып. Неге? Өйткені біз сонша шығындалып ол суды әкелсек, өзағамызға Сырдың басынан мол су алуға сылтау табылғалы тұр. Өзбектер жақсы біліп отыр, Сібір өзендерінің суы ешқашан Өзбекстан жеріне жетпейді. Келсе Қызылорда мен Түркістан облысына келеді. Біз қазір Сырдариядан 16 млрд текше метр алып отырмыз. Яғни, Шардараға құйылатын 12 млрд текше метрден, «Достық» каналындағы 1,3 млрд текше метрден, Шыршық өзеніндегі судан қағылып қаламыз. Біз ешқашан Сырдарияның суынан айырылмауымыз керек. Бұл Қазақстанның мемлекеттік принципі болуы тиіс. – Демек, Сібірдің өзендерін бұру мәселесінде абай болмасақ, су саясатында ұтылып қалуымыз әбден мүмкін дегеніңіз бе? – Кезінде КСРО Су шаруашылығы министрінің міндетін атқарған Полад-Заде деген кісі болған. Сол кейінгі жылдары шыққан кітабында М.Горбачевтың сөзін келтіреді. Сібірдің суын Орталық Азияға бұру туралы мәселемен Полад-Задені қабылдаған кезде Горбачев «суды бұру бізге Орталық Азиядағы мұсылмандарды жүгендеп ұстау үшін керек, егер бір жағдай бола қалса, каналды жаба қойып, судан қысу үшін» деп жауап береді. Міне, мәселе қайда жатыр?! Осы кітапты жақында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевқа көрсеттім. Бұл жоба болашақта бауырлас елдер арасында дау тудыруы мүмкін жоба. Сондықтан жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс. – Сібірдің суын бұруды ұзақ жыл Мәскеудің мэрі болған Юрий Лужков та ұсынғаны белгілі. Бірақ әлі күнге жүзеге аспады. Соған қарағанда, бұл жобаның «жыры» ұзаққа созылатын сияқты ғой? – Су тапшылығы күшейген сайын біреулер Сібір өзенін бұру туралы сөз қозғайды. Кейбіреулер Орталық Азияға су сатып, пайда табамыз деп ойлайтыны рас. Бірақ бұл түбі шикі, болашақты дұрыс болжамаған шала жоба. Себебі Ертістің басында – Қытай, ортасында – біз, аяғында орыстар отыр. Егер Қытай Қара Ертістің басын жауып тастаса не болмақ? Бейжің айтуы мүмкін ғой «егер бір-біріңе су сатуға көшсеңдер, Ертісте артық су бар деген сөз. Ал бізге су жетпей жатыр, сондықтан басынан тағы да су аламыз» деп. 2003 жылы сол кездегі Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарған Алтынбек Сәрсенбаев маған телефон шалды. «Думада Сібірдің суын бұру тақырыбын қарайын деп жатыр, сіз осы мәселеге ерте араластыңыз, білесіз ғой, келіп қатыссаңызшы», – деді. Бардым. Көлігіне мінгізіп, Думаға өзі алып барды. Бастамашыл топтың алдында өз пікірімді қорғап сөйледім. Егер Қытай Ертістің басын жапса, Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасына су жетпей қалады. Нағыз проблема сол кезде туындайды. – Сібір өзендерін бұру жобасы даулы екенін айтып отырсыз. Осы пікіріңізді Үкіметке, министрлікке айтып жеткіздіңіз бе? – Пікір ғана емес, Сібір суына балама жол туралы ұсынысымды да айтып, қағазға түсіріп бердім. Мысалы, ҚХР қазір Ертіс өзенінен 10 млрд текше метр суға иелік етіп отыр. Жалпы қоры 33 млрд текше метр екенін айттым ғой. Қалған 22-23 млрд текше метр суды Қазақстан мен Ресей пайдаланады. Бірақ біз ресейлік сушы мамандармен бірге жоғарыдағы 10 млрд суды түгел алғанына қарсымыз деген ұстанымдамыз. Өйткені Қытай Қара Ертістің суын бұрып, анау Үрімшіге дейін жеткізді, жоғарыдағы 10 млрд-тың жартысына жуығын алып алды деуге болады. Ол каналды әдейілеп барып, көрдім. Демек, Ертістің суына қысым келді деген сөз. Бұл трансшекаралық өзендер туралы халықаралық заңнамаға қайшы. Одан бөлек, өз ішімізде Бұқтырманың, Қалжырдың, Күршімнің суы, т.б. көздерден жиналады. Алайда біз осынша судан 3 млрд текше метр ғана пайдаланамыз, қалғаны Ресейге қарай ағып кетіп жатыр. Міне, осы суды қалай тиімді жолмен алып, пайдаланамыз. Осыны ойластыруымыз керек. Айтайын дегенім, 1975 жылы Семейден Өскеменге қарай 60 шақырым жерден Шульба Су электр стансасын саламыз дедік. Ол кезде министрлікте қызметтемін. Станса суының абсолютті деңгейі +260 болуы керек деп ескерттім. Мемлекеттік жоспардың басында отырғандар «жоқ, 240 саламыз» деп көнбеді. Амалсыз орталықтың сөзіне бағынасың. Жарайды, бірақ онда қоятын турбина мен бөгеттің астындағы негіздемесі мен іргетасын 260 қысымға есептеңіздер дедік. Оған келісті. Осылайша, 240 дейгейде, бірақ 260 қысымға өлшеніп салынды. Енді соны тағы 20 метрге көтеруімізге болады. Соны көтерсек, Ертістің суын нағыз ресурсқа айналдырамыз. Яғни, артық суды қалтамызға салып отырғандай жағдайда боламыз. Ешқандай насостың қажеті жоқ, су апарам деген жеріңе өз ағынымен-ақ жүріп келеді. Мен осы ұсынысты айтып отырмын. – Жалпы, бізде Ертістен өзге трансшекаралық өзендерді келісіп пайдалану мәселесі қай деңгейде? – Ертістен басқа үлкен өзендер Іле, Сырдария, Жайық, Шу мен Талас өзендері бар. Бұл – әрине ең маңызды бағыттың бірі. Себебі трансшекаралық өзендердің тағдыры дегеніміз – өзеннің аяғындағы мемлекеттің тағдырын шешетін жағдай. Балқаш көлінің 80% суы Іле өзенінен келеді. Іленің басы Қытайда жатыр. Соңғы 20 жыл ішінде Іленің суы үсті-үстіне азайып, Балқаш көлі мен Қапшағай су қоймасына қауіп төндіруде. Егер Балқашқа Іле өзені арқылы қажетті су келмей қалса, ол да Аралдың кебін киюі әбден мүмкін. Іледен бөлек, Жетісудың өзге өзендері көлге құймай қалуда. Мәселен, Қаратал, Ақсу, Лепсі өзендерінің суы суармалы жерден артылмай қалады. Ал Аягөз, Сарқан, Басқан, Биен секілді өзендер жаздың ортасында тоқтап қалатын болған. Сондықтан бұл – дабыл қағатын мәселе. Бізде бауырлас республикалармен Сырдың суын және Шу мен Талас өзендерін ортақ пайдалану туралы келісім бар. Ол Кеңес үкіметі кезінен тәртіпке келтірілген. Енді осы келісілген суды ретімен алып, тиімді пайдалану жағын ойластыруымыз керек. Су дауы Орталық Азиядағы ағайынға керек емес. Мұны барлығы түсінуі қажет. Бізге керегі – келісілген суды өзара түсіністік тұрғысынан бірлесе пайдалану. Бізде Жайық өзенінің проблемасы қиын болып жатыр. Жайықтың суы айналдырған 11 млрд текше метр. Кеңес үкіметі кезінде Саратов жақта кішігірім су қоймалары салынып, Жайыққа су келмей, азайып кетті. Кейіннен Еділ өзенінен бері қарай канал тартылды. Бірақ қазір сол Саратов каналы істемей қалды. Жанталасып сол кезде 3 млрд текше метр суды тарту үшін «Волга–Орал» деген каналдың жобасын жасадық. Ол жоба арқылы Еділдің суын Жайыққа әкелуге болады. Бұл келісілген жоба, осыны аяқтасақ, Жайыққа қажетті суды аламыз. – Қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстарын пайдалану туралы тұжырымдаманы әзірлеп жатыр. Айтып отырған ұсыныстарыңыз оған енгізілді ме? – Мен мұның барлығын су тақырыбын талқылаған жиындарға қатысып, айтып жүрмін. Министр М.Мырзағалиевтің жеке өзіне де ескерттім. Бұл тұрғыда министрліктің тұжырымдамасымен де танысып шықтым. Біріншіден, ел тұрғындары үшін өте қажет дүние – сапалы ауызсу. Екіншіден, негізгі ұстаным – қоршаған орта тепе-теңдігі (Арал мен Балқаштың проблемасы және Жайық өзенінің жағдайы) мен трансшекаралық өзендер саясаты болуы тиіс. Үшіншіден, ел экономикасына қажетті ресурстарды ретке келтіру. Әрине, онжылдық бағдарлама суға қатысты жайттың бәрін бірден жақсартады деп айту қиын. Саланың өзіне тән ұзақ жылдан бері қордаланып қалған проблемалары жетерлік. Ең алдымен, елдегі сапалы су көзінің тапшылығы, суға тариф есептеудегі тетіктің әлі күнге бірізге түспеуі, сондай-ақ тұтас республикадағы жағдайды жетік білетін білікті кадр тапшылығы байқалып отыр. Оның үстіне, елдегі барлық каналдың 18 мың шақырымы жөндеуді қажет етеді, инфрақұрылымның тозуы кей өңірлерде 80%-ға жеткендіктен, бар суды тиімсіз пайдалану жағдайы да өткір күйде қалуда. Бұған қоса, республика территориясындағы жерасты сулары көздерінің нақты көлемін қайта есептеп, сапасын анықтау ісі күн тәртібінде тұр. Мемлекет негізі – жер мен су. Су алдымен адамға керек ресурс. Одан кейін экология, қоршаған орта мәселесі тұр. Қазірдің өзінде Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында су тапшылығы қатты білінуде. Сондықтан тезірек суды үнемдеуге, тиімді пайдалану саясатына көшуіміз қажет. – Сұхбатыңызға рақмет!Сұхбаттасқан Бауыржан БАЗАР