"Ғаламат ғасыр" телехикаясындағы Сұлтан Сүлеймен ІІ рөлімен танымал актер Халид Эргенчті Ыстамбұл қалалық соты 1 жыл 10 айға шартты түрде соттады. Тергеу кезінде жалған куәлік берді делінген актердің бұрын соттылығы болмағаны ескеріліп, осындай жаза тағайындалды. Қазір Халид Эргенч түрмеде отырған жоқ.
Шығарылған үкім 2013 жылы Ыстамбұлдағы Гези саябағында экологиялық шеру ретінде басталып, үкіметке қарсы кең қозғалысқа ұласқан наразылықтармен байланысты.
Халид Эргенч бұл іске куә ретінде тартылған. Ол қылмыстық істегі басты тұлғалардың бірі, актер және белсенді Мемет Али Алоборамен қарым-қатынасы туралы жалған куәлік берді деп айыпталды, өйткені Халид Эргенчтің телефон арқылы сөйлесулері және демонстрациялар кезінде Алоборамен түскен фотосуреттері оның айғақтарына сәйкес келмеді. Прокуратура Халид Эргенчті 2 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сот барысында Эргенч өз айғақтарында тек сұрақтарға жауап бергенін және өтірік айтпағанын айтып, тағылған айыпты жоққа шығарды. Ол іске қатысы бар басқа тұлғалармен, оның ішінде менеджер Айша Бориммен танысу үстірт сипатта болғанын және жақын қарым-қатынасты білдірмейтінін түсіндірді. Фотосуреттер жарияланғаннан кейін актер олардың оқиғалардағы рөлі туралы жұртшылықты жаңылыстырғандарын айтып, қарсы шағым түсірмегеніне өкініш білдірді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.