– Ауданда 24 мектеп бар болса, бізге 26 дәретхана қажет болып тұр. Себебі аудан орталығында орналасқан М.Жұмабаев атындағы мектептің артындағы кіші корпустарына да дәретхана қажеттігі туындап отыр.Осыған орай, біз аудандық қазынадан бөлінген 58 миллион теңгені мақсатты жұмсау үшін жан салып, тер төгудеміз. Десе де, Мойынқұм ауданы облыс орталығынан ең шалғай орналасқан елді мекен болғандықтан, туындап отырған қиындықтар да бар. Мәселен, Ақсүйек сынды ауылдарда орталықтандырылған ауызсу жүйесі жоқ. Тұрғындар суды тасып ішетіндіктен, мектеп дәретханасына су жеткізу мәселесі қос бүйірден қысып тұр. Сондай-ақ бірқатар елді мекенде кәріз жүйесі реттелмеген. Ал бірқатар ауылға ауызсу жеткізу мүмкін болмай тұр. Сондықтан құдық қазып, мектепке суды скважинамен апарсақ деген ой бар.Алдымызда құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың 15 тамызына дейін аяқтау міндеті тұр. Осы мерзімге дейін мәселелерді толықтай шешуге тиіспіз, – дейді Мойынқұм аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев. Жамбыл ауданында да мәселе жоқ емес. Мұнда барлығы 37 мектеп болса, оның жетеуінде ғана ішкі дәретхана қарастырылған. 19 мектеп дәретханасының құрылысына 105 миллион теңгеге конкурс жарияланып қойса, 9-на әлі жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Ал ең қызығы, №5 және №4 бастауыш мектептер жекеменшік ғимаратта отырғандықтан, мұндағы құрылыс нысан иесінің қарауына қалыпты. – Аталған екі нысанның қожайындарымен сөйлесіп, ішкі дәретхана құрылысын демеушілер есебінен жүргізуге келістік. Бұйыртса, олар өздеріне жүктелген міндетті орындауы тиіс, – дейді Жамбыл аудандық білім бөлімінің құрылыс саласына жауапты маманы Бақытжан Шабанбаев. Бұдан бөлек, аталған елді мекенде ауызсу жүйесі тартылмаған ауылдар да баршылық. Мұнда да мектеп дәретханасына суды қазылған құдықтар арқылы жеткізу көзделуде. Сарысу ауданында болса, мектепішілік дәретхана құрылысын қажет ететін 21 мектептің конкурсы жарияланып қойыпты. Алайда бірқатар ауылда білім ошақтары сабан кірпішінен тұрғызылғандықта, мектепішілік дәретхана салуда қиындық туып жатыр екен.
– Үшарал, Маятас және Үшбас ауылдарындағы мектептер сабан кірпішінен тұрғызылғандықтан, дәретхананы мектеп ішінен салу мүмкін болмай тұр. Сондықтан мектептің бір бұрышынан есік шығарып, дәретхананы контейнерден мектеп жанынан орнатқалы отырмыз. Бұл бір жағынан арзанға түседі. Одан бөлек, ауданда Жаңатас қаласынан басқа бірде-бір елді мекенде кәріз жүйесі жоқ. Сондықтан дәретханаға қажетті құбырды қолмен қазып, суды да құдық арқылы тартпақпыз, – дейді Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек.Облыстағы дәретхана құрылысына қатысты жағдай – осы. Бір ауданда конкурс енді жарияланып жатса, екіншісінде жекеменшіктегі ғимаратқа дәретхана орнатуда өзіндік қиындықтар тууда. Ал Сарысу ауданы сияқты елді мекендер дәретхананы мектеп ішінен орната алмай, сыртқа шығаруларына тура келіп отыр. Контейнерден салынған дәретхананың далада тұрған дәретханадан айырмашылығы қандай болары белгісіз. Бірақ аудан әкімі контейнердің іші қыста суық, жазда ыстық болмау жағы жіті қаралып жатқанына сендіруде. Тағы бір мәселе – барлық аудан ауыл мектептеріне су жеткізу қиынның-қиыны болып тұрғанын жасырмауда. Әрине, соңғы кездегі түрлі жағдайлар дәретхана құрылысына ден қойып, зерделеуге мүмкіндік бермей жатқан шығар. Алайда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиындарда «дәретхана мәселесін қыркүйекке дейін шешеміз» деп қана қоймай, жіті бақылауына алғаны абзал-ау. Әйтпесе, ертең-ақ жаңа оқу жылы басталып, оқушыларымызды тағы да даладағы дәретханадан іздеп жүрмесек болғаны... Саятхан САТЫЛҒАН
Жамбыл облысы