Жұмыссыздар көбеюі мүмкін – Еңбек министрі
Жұмыссыздар көбеюі мүмкін – Еңбек министрі
Фото: Интернеттен алынды
402
оқылды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, елімізде еңбек нарығының тұрақтылығына қауіп бар. «Осы күнге дейінгі еңбек нарығы жағдайы тұрақты болғанымен, сыртқы нарықта қалыптасып жатқан факторларға байланысты еліміздің еңбек нарығының тұрақтылығына қауіп төндіріп тұр. Оның ішінде, жұмыскерлердің жұмыссыз қалуы мүмкін. Жаңа құрылатын жұмыс орындарының азаюы, жұмыссыздық деңгейінің өсуі бар. Елімізде осындай кері әсерлерді болдырмау мақсатында жаппай жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған дағдарысқа қарсы жаңа шараларды қамтитын Жол картасы әзірленіп жатыр», – деді министр. Оның атап өтуінше, Жол картасы жұмыссыздар санын азайтуға ықпал етеді. «Біріншіден – әлеуметтік-мәдениет нысандарын, яғни, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ойын-сауық және демалыс нысандарын қайта құрылымдау, күрделі және ағымдағы жөндеу. Екіншіден – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу. Бұл – сумен қамту, кәріз нысандары, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері», –  деді ол. Министрдің айтуынша, үшіншіден, инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғырту, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жобалары қолға алынады. Оған қалалық автомобиль жолдары, кентішілік және ауылішілік жолдар, кірме жолдар, аудандық маңызы бар жолдар, тротуарлар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер жөндеу кіреді. Төртіншіден елді мекендерді абаттандыру жүргізіледі. «Аталған инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін және жаңғырту сұранысын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген өңірлердің проблемалық мәселелерінің талдау негізінде анықталады», – деді Біржан Нұрымбетов.