Дариға Назарбаева: Дүрліктірушілер мен арандатушылар – коронавирус сияқты біздің дұшпанымыз
Дариға Назарбаева: Дүрліктірушілер мен арандатушылар – коронавирус сияқты біздің дұшпанымыз
Фото: Интернеттен алынды
236
оқылды
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева төтенше жағдайға байланысты халықты сабырға шақырды. Құрметті қазақстандықтар! Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев енгізген төтенше жағдай – уақтылы және қажетті шара. Біздің ортақ мақсатымыз – коронавирус инфекциясының таралуымен күресу, оның Қазақстан экономикасына және адамдардың өміріне теріс ықпал етуінің алдын алу. Барлық мемлекеттік қызметтер, әкімдіктер азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықты барлық қажетті заттармен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін шешуге жұмылдырылған. Қазіргі уақытта медицина қызметкерлеріне барынша көмек пен қолдау көрсету қажет. Олар осы аурумен табандап күресіп жатыр. Адамдардың өмірі мен денсаулығы олардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне байланысты. Біз құқық қорғау органдарының әрекеттеріне және төтенше жағдайлар кезіндегі азаматтардың тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты шектеулерге түсіністікпен қарауымыз керек. Мемлекеттік органдардың міндеті – пандемия және онымен күресу бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы ақпараттың барынша ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз ету. Үрейлі көңіл күй, қауесет пен жалған ақпарат таратуға үзілді-кесілді тоқтау салу керек. Дүрліктірушілер мен арандатушылар – коронавирустың өзі сияқты біздің дұшпанымыз. Пандемиямен күресудегі біздің ортақ жетістігіміз, бірінші кезекте, бүкіл қоғамның, еліміздің барлық азаматтарының, біздің, қазақстандықтардың жауапкершілігіне байланысты. Тыныштықты, тәртіпті, гигиенаны сақтау, оқшаулану, өзіңізге және жақын адамдарыңызға қамқорлық жасау – вируспен күресудің басты құралы. Бүгін бәрімізге ынтымақтастық және өзара жауапкершілік пен көмек қажет. Өзіңізді және жақын адамдарыңызды күтіңіздер. Бәріміз бірге жеңеміз!